Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жексенбі, 24 қараша, 20:11

Білімді ұрпақ – кемел келешек кепілі

01.09.2024

102

0

Оқушылардың ала жаздай асыр салып ойнаған мерзімі аяқталып, жаңа оқу жылы басталды. Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне орай аудандағы барлық мектепте «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты жиын өтіп, алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылы басталар айтулы жиынға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде өткен шараға қатысып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мен ұлағатты ұстаздарға жылы лебізін білдірді.

Аталған білім ошағынан өткен оқу жылы 69 түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, оның 68-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Нәтижесінде 53 түлек жоғары оқу орындарында мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндік алып, 4 оқушы «Алтын белгіге», 7 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болған. Ал жаңа оқу жылында 66 түлек мектептен түлеп ұшып, барлығы ҰБТ-ға қатыспақ. Сондай-ақ 6 оқушы «Алтын белгіге», 4 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер екенін айта кетейік.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов оқушылардың қадамына сәттілік тілеп, салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау барын тілге тиек етті.

– «Халық пен халықты, адам мен адам­ды теңестіретін нәрсе – білім» деп ұлы жазушымыз М.Әуезов айтқандай, тәуел­сіз мемлекетімізді өркениетке жетелейтін жол­дың бірден-бір бастауы – мектеп. Жас ұр­пақтың тәрбиесінде ата-ананың берген тәрбиесімен қатар ұстаздың біліктілігі, білімі, жауапкершілік қасиеттері ерекше орын алады. Себебі ізгі қасиеттер ата-анадан қан арқылы дарыса, ұстаздан тәлім арқылы жұғады. «Өмірде өлшенбейтін іс – балаға берген білімің, мейірімің, қамқор пейілің» демекші, осынау мәңгілік борышты ауырсынбай өзінің азаматтық парызы деп түсінген ұстаз деген ұлы есімнің алдында мәңгілік қарыздармыз. Биыл осы іргелі оқу орын болып саналатын Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде 1023 оқушы білім алатын болады. Оның 98-і мектеп алды даярлық тобына қабылданса, 81 оқушы – алғашқы бастауыш сыныптың табалдырығын аттаған бүлдіршін. Ал 66-сы – мектеп бітіруші түлек. Жалпы мемлекетімізде білім саласын да­­мы­туда үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалардың, ұлт­тық жо­­балардың арқасында білім ошақ­тары бой кө­теріп, кезең-кезеңімен мектеп­те­ріміз, ба­ла­бақ­ша­ларымыз күрделі жөн­деуден өткізіліп жатыр, – деді Ғани Кенжеғараұлы.
Елімізде білім саласы Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарында. Ауданның білім беру са­ла­сын­да оқушылар сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін барлық қажетті жағдай жасалып, қажетті оқулықтар мәселесі шешілген. Бұл мақсатта бюджеттен 65,9 млн теңге бөлінді. Мектептердің ағымдағы жөн­деуіне бюджеттен 111,8 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жасалды. Мәселен, Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепке «Ауыл – ел бесігі» жо­басы аясында 428,9 млн теңге бө­лініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Сондай-ақ Таң ауылындағы №118 орта мек­теп аумағын абаттандыру жұмыс­та­рына облыстық бюджеттен 78 млн теңге бағытталып, тиісті жұмыстар жа­салды. Облыстық бюджеттен 15,4 млн теңге қаржы бөлініп, 2 мектеп жаңа моди­фика­ция­лық пәндік кабинеттермен жарақ­тандырылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Қазақстан халқына» қоры есебінен №201 мектеп-лицейіне 250 млн теңге бө­лініп, оқу кабинеттер мен зертханалар жаңа­дан жабдықталды.
Елімізде алғаш рет өткен ауыл мектептеріне арналған олим­пиаданың рес­публикалық кезеңінде аудан оқу­шы­лары 4 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде иеленсе, Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі республика бойынша үздік 10 мектептің құрамына еніп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ең үздік ауыл мектебі» ата­ғымен марапатталды. Сондай-ақ облыста өткен тамыз конференциясында осы мектеп облыстың «Үздік мектеп» грантын жеңіп алып, 34 млн теңгенің сертификаты табысталды. Биыл жаңа оқу жылында аудандағы 20 мектепте 7004 оқушы білім алуда, оның ішінде 1 сыныпқа 653 бала қабылданған.
Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін мектеп табал­дырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер өлең шумақтарын оқып, мектеп түлектеріне ақ тілектерін жаудырды. Шара соңында мек­теп өнерпаздары ән шырқап, көптен күткен алғашқы қоңырау соғылды.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: