Санаулы күндерден кейін мектебін сағынған оқушылар жаңа оқу жылына қадам басады. Министрлік осы жексенбіде алғашқы қоңырау соғылатынын айтты. Бірақ аудандағы білім ошақтары оған дайын ба, биыл қанша оқушы мектеп табалдырығын аттайды, осы және өзге де бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықовпен сұхбаттастық…
– Талғат Құрақбайұлы, санаулы күндерден кейін мектеп оқушылары да жаңа оқу жылына қадам басады. Оларды оқулықпен қамтуда мәселе бар ма, биыл қанша бала білім алады, қанша бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды және сіздер білім ошақтарының білім берудегі негізгі бағыттары бойынша талдау жасайсыздар ма?
– Орта білім деңгейінде барлық қажетті оқулықтар мәселесі шешілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 65,9 мың теңге қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында 20 мектепте 7004 оқушы білім алады. 1 сыныпқа 653 бала қабылданды. Оқу жылының ұзақтығы 1 сыныптарда 33, 2-11 сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды.
Оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтіледі. Жаңағы сауалыңызға келсек, өткен оқу жылында мектептердің негізгі бағыттары бойынша рейтинг жасалды. Жалпы орта білім беретін мектептер бойынша жоғары деңгейге 2 мектеп, орта деңгейлі 11 мектеп, төмен деңгейде 7 мектеп қалыптастырылды. 45 тармақтан тұратын 7 міндет бойынша әрбір мектеп дамуының нысаналы индикаторы жасақталды. Онда педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі мен мәртебесін арттыру, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту және бухгалтерлік есепті жүргізу, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, білім беру менеджментінің сапасын жақсарту, біртұтас тәрбие бағдарламасын жүзеге асыру, білім сапасын бағалау, педагогтерді әдістемелік сүйемелдеу міндеті көзделген.
– Жалпы жоғары деңгейге жеткен білім ошақтарын ынталандыру, төмен деңгейдегі білім ошақтарын көтеру бойынша қандай жобалар қолға алынуда?
– Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім сапасын арттыру мақсатында «мақсатты мектептерді» дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Ауданнан 4 мектепке нысаналы көмек көрсетілетін болды. Мұнан бөлек мектептердің даму бағдарламалары әзірленді. Профильді дамыту бағытында пәндер бойынша «Тірек мектептер» желісін қалыптастыру жалғасуда. «Тірек білім беру ұйымдары» ретінде 4 мектеп, 5 балабақша бекітілді.
– Жалпы биыл мектеп бітірген түлектердің ҰБТ-дағы көрсеткішіне көңіліңіз тола ма және алдағы жылы үлкен нәтижеге жету үшін қандай жаңалықтар болады?
– Биыл ҰБТ-ға аудандағы 420 түлектің 395-і, яғни 93,6 пайызы қатысты. Ауданның орташа балы 82,7 пайызды құрады. ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітірушілердің 294-і мемлекеттік білім беру гранты арқылы жоғары оқу орындарына түсті. Бұл қатысушылардың 74,4 пайызын құрайды. Сонымен қатар «Серпін – 2050» бағдарламасы арқылы 34 түлек солтүстік өңірлерде білімдерін жалғастырcа, 16 түлек әскери жоғары оқу орындарының грантын иеленді.
Талапкерлердің 66-сы техникалық, 130-ы педагогикалық, 22-сі медициналық, 32-сі ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдаса, 44-і басқа да салаларды таңдаған. Барлық мектеп бітірушілердің 80,5 пайызы жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. 19,5 пайызы арнаулы оқу орындарына орналасты. Жалпы бітірушілердің толық орналасуы бойынша сараптау жасалып, білім бөлімінің бақылауына алынған.
Осы тұста айта өтетін мәселе, мектептегі кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелендіруіміз қажет. Бізде кәсіптік бағдар беруді 10-11 сыныпта ғана жүргіземіз. Бұл дұрыс емес, кәсіби бағдар беруді төменгі сыныптан бастап жүйелі түрде ғылыми негізде жүргізу қажет. Мектеп директорларына осы бағыттағы жұмыстарға назар аударып, арнайы бағдарлама дайындауды тапсырдым.
– Талантты оқушылардың дарынын дамытуда қандай жобаларды қолға алдыңыздар?
– Ауданда дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау бойынша кешенді жұмыстар одан әрі жалғасуда. Пәндік олимпиадаға дайындықты күшейту мақсатында аудандық «Жас дарын» олимпиадалық резерві мектебі құрылып, 122 оқушы қамтылды.
Оқушылар арасында өткен түрлі танымдық байқауларға облыстық деңгейде 300-ден астам оқушы қатысып, 182-сі жүлделі орындардан көрінді, республикалық деңгейде 29 жүлделі орын еншіледі. Алғаш рет өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне 10 оқушы қатысып, 6 оқушы 4 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды. Нәтижесінде республика көлемінде Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицей үздік 10 мектептің құрамына енді.
– Биыл мектептер жаңа оқу жылына дайын ба, жалпы аудандағы білім ошақтарының инфрақұрылымы қалай, оқушылардың білім алуына кедергілер бар ма?
– Мектептердің ағымдағы жөндеуіне бюджеттен 111,8 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жасалды. Сонымен қатар Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 428,9 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Таң ауылындағы №118 орта мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 78 млн теңге бағытталды.
Жалағаш кентінде орналасқан №201 мектеп-лицейге «Қазақстан халқына» қоры есебінен 250 млн теңге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасын жаңарту және педагогтарды оқыту жұмыстары жүргізілуде. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға биыл модернизация жаңғырту жұмыстарына 4 мектеп енгізіліп, бұл мақсатқа 983 млн теңге қаралды. Облыстық бюджеттен 15,4 млн теңге бөлініп, 2 мектеп жаңа модификациялық пәндік кабинеттерімен жабдықталуда. Балалар қауіпсіздігіне қатысты 4 мектепке терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарына сәйкес келетін бейнебақылау жүйесі орнатылуда. Бұл бағытта облыстық бюджеттен 28,8 млн теңге қаралған. Барлық мектептер «BilimLand» электронды платформасына қосылған.
Балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға бағытталған сәйкестендіру карточкалары жүйесімен қамтылған мектептер үлесі 50 пайызды құрауы тиіс. Осы бағытта тиісті қаржы бөлініп, 3 мектепке аппараттық бағдарламалық кешен орнатылады. Бүгінде «Күнделік» электронды журнал ақпараттық жүйесіне барлық мектеп қосылған.
– Оқушыларға сапалы білім беруде мұғалімдердің де біліктілігін арттыру ерекше маңызға ие. Бұл бағытта қандай жобалар бар және жемісі бар ма?
– Әрине, педагог – оқытушы ғана емес, ұлт тәрбиешісі. Педагогтардың шығармашылығын арттыру мақсатында түрлі кәсіби байқаулар ұйымдастырылып, жетістікке жеткен ұстаздар өздерін облыстық, республикалық деңгейде танытуда. Оқу жылы қорытындысымен 4 педагогымыз жүлделі орындарды иеленді. «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023» республикалық байқауда №246 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Құралай Серікқызы 3 орын иеленді. «Дарынды балаға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадада №201 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Ермак Махмуд 3 орын иеленді. «Edustream zhuldyzdary» республикалық байқауынан №123 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімдері Гүлдана Каипова III, Айгерім Искакова II орын иеленді.
Бүгінде 1293 педагогтың жаңа формат бойынша аттестациядан70 пайызы өтті. Аттестаттау біліктілігі бойынша 1 шебер, 248 зерттеуші, 372 сарапшы, 282 модератор, 390 педагог бар. Биыл 375 педагог аттестациядан өтуде.
Өздеріңіз білесіздер, тек сапалы адам капитал ғана қазіргі заманның бүкіл талабына жауап бере алады. Бұл ретте мектеп директорларының кәсіби деңгейі білім беру қызметтерінің сапасына елеулі әсер етеді. Мектеп директорларына қойылатын талаптар күшейтілуде. Сондай-ақ халықпен тікелей байланысып, әлеуметтік желіде белсенді болуы тиіс.
– Инклюзивті білім беруде қандай мәселелер бар?
– Бұл – бүгінгі таңда әлем назарын аударып отырған мәселе. Ауданда 343 ерекше білім беруді қажет ететін бала анықталып отыр. 169 бала мектепте, 22 бала арнайы психикалық дамуы тежелген сыныпта, 54 бала үйден оқытылуда, 60 бала балабақшада, 43 бала психологиялық-педагогикалық түзету, 45 бала ресурстық орталықта, 30 бала логопедиялық пункте түзету сабақтарын алуда. Жұмыс жасайтын пән мұғалімдері арнайы инклюзивті курстан тұрақты түрде өткізілуде.
1293 педагогтың 44 пайызы арнайы инклюзивті курстан өтті. Жаңа оқу жылында әлеуметтік осал топтағы оқушыларды қолдау мақсатында 2202 оқушыға «Жалпыға міндетті оқу қоры» есебінен 95,5 млн теңге қаржылай көмек берілді. Олар 100 пайыз бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады.
– Сапалы білім мен қатар тәрбие беру де өте өзекті. Былтыр балалар арасында елімізде топтық төбелес көбейді, тіпті адам шығыны да болды. Мұндай мәселелердің алдын алуда нендей шаралар қолға алынуда?
– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін Мұхтар Әуезовтің даналық сөзі ең әуелі мектепке зер салуға, мектептегі білім беру мен тәрбие ісіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Біз үшін қоғамның тал бесігі – мектеп, ал тәуелсіздікке тірек болар жас ұрпақ нәр алатын бастау – білім мен мектеп қабырғасында берілетін тәрбие. Білімді дамытуға бағытталған жұмысымыз осындай алтын өзекке негізделген.
Жыл басында «2024-2025 жылдарға арналған құқық бұзушылық, буллинг, есірткі, лудомания, вейб темекі, интернетке тәуелділіктің алдын алуда профилактикалық бірлескен іс-шаралардың қадамдық жұмыс жоспары» әзірленді. Білім беру ұйымдарында аталған жоспарларға сәйкес мақсатты шаралар қабылдануда. Тарқатып айтсақ, қадамдық жоспарға сәйкес оқушылар арасында «Жасөспірім және Заң» құқықтық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында 36 шара ұйымдастырылды. Оған 5 мыңнан астам оқушы қатысты.Жыл басынан бері жауапты органдармен қатар ата-аналар тартылып, құқық бұзушылықтың алдын алуда «Түнгі қаладағы балалар» рейді күшейтілді. Есепті мерзімде өткен 111 рейдке 1789 адам қатысты.
Бала бойында жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру, құқықтық сананы жетілдіру мақсатында «Армандар орындалады» жобасы жүзеге асырылып, білім алушылар мен ата-аналарға арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетілді, психолог кеңестері өтті. Оқушылар мен зиялы қауым өкілдерінің, ауданға белгілі белсенді жастардың кездесулері ұйымдастырылуда. Онда оқушыларды толғандырып жүрген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Өмірдің қиын жағдайында қалған балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету және психолог мамандарға әдістемелік-сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл облыста «Психологиялық қолдау орталығы» ашылды. Қазіргі таңда орталықта 22 маман жұмыс жасайды. Білім беру ұйымдары педагогтарымен және психологтарымен жыл басынан бері екі мәрте супервизия өткізілді. Мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша кейс менеджмент тетігі енгізілді. 2122 оқушыдан сауалнама алынып, көмекке мұқтаж 15 оқушы анықталып, психологиялық-медициналық көмек көрсетілді.
Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануды үйлестіру кешенді іс-шараларына сәйкес есептегі, бақылаудағы балаларды түрлі үйірмелерге тарту жұмыстары жүруде. Дегенмен атқарылған жұмыстарға қарамастан келеңсіз жағдайлар жыл сайын орын алуда. Соңғы 5 жылда ауданда жасөспірімдер арасында 4 зорлық-зомбылық жағдайы, 2 суицидке ұмтылыс, 10 ұсақ бұзақылық, 2 топтық төбелес, 4 ұрлық қылмысы орын алды. Биыл «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Адал адам – адал еңбек – Адал табыс» атты құндылыққа негізделген тәрбие жұмысы басшылыққа алынады.
Қоғамға, мемлекетке жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу білім беру жүйесінің аса маңызды міндеті екенін естен шығаруға болмайды. Сондықтан қай заманда болсын мектеп қоғам тұрақтылығы мен мемлекет мүддесін қорғау жүйесінің алтын тұғыры болған. Білім беру жүйесінің басы-қасында жүрген әртіптестер осыны терең түсініп, тиісті қорытынды жасауға міндетті.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, шығармашылықты талап ететін еңбек екенін баршамыз мойындаймыз. Жас өркенді біліммен қаруландырып, қанатын қатайтып, әлемдік бәсекеге қосудың кілті ұстаздардың қолында. Бұл – бізге жүктелген абыройлы міндет. Сол ұлы істе абыройымыз қашан биік болғай.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!