Тарихтан жақсы білеміз, өткен ғасыр ғалымдары ядролық қаруды ойлап тауып, әртүрлі сынақтардан өткізді. Салдарынан әлем алапат қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мұнан бөлек бомбадан бөлінетін радиактивті сәулелерден қаншама халық зардап шегіп, түрлі қатерлі ауруларға ұшырады. Жалпы әубаста ядролық энергияны игеру Англияда, Германияда, АҚШ-та басталған болатын.
Аудандық жастар ресурстық орталығы және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Семей ядролық полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай ардагерлермен кездесу өтті. Шараны аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет ашып, күллі адамзат баласына зор қауіп төндірген полигон зардаптарын болдырмау бағытындағы қажырлы еңбек еткен ардагерлер қауымына алғы білдірді.
– Бұл оқиғаны көзбен көрген ақсақалдар жаңа тағылымды естеліктерімен бөлісті. Шындығында Қазақстан мұндай сынақтардан бас тартып, өзінің бейбітсүйгіш мемлекет екенін тағы бір дәлелдеді. Қиын кезеңді еңсерудегі аға буынның еңбегі өлшеусіз. Олардың қатарында арамыздағы ағаларымыз да бар. Баршаңызға амандық тілеймін, енді әлемде мұндай апаттар орын алмасын, – деді Жасұлан Ерданұлы.
Кездесуде «Невада-Семей» қозғалысының аудан бойынша жетекшісі Жұматай Қорғанбаев бұл күннің ел тарихындағы және адамзат тарихындағы маңызына тоқталды. Полигонда әскери борышын өтеген ардагерлер көзбен көрген оқиғаларымен бөлісіп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жиын соңында ардагерлерге жастар атынан сыйлықтар табысталды.
Ядролық қарудың алғаш сынақтан өткізілуі осыдан 64 жыл бұрын 6 тамызда Жапонияның Хиросима қаласына америкалық «Малыш» атты бомба тасталуымен тарихта қалды. Тоғызыншы тамызда Жапон елінің екінші қаласы Нагасаки ядролық бомбаның құрбаны болды. Қарудың қасіретінен жалпы саны 450 мыңнан астам адам өмірімен қоштасты. Ал аман қалғандар әлі күнге дейін радиация әсерінен болатын аурулардан зардап шегуде. Соңғы мәліметтер бойынша олардың саны 183 519 адамды құрайды.
КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 миллион гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Семей полигоны Кеңес одағының аса маңызды стратегиялық нысаны болды. Семей ядролық полигонының тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс жасалды. Семейде 40 жыл бойы сыналған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түсті.
Жойқын қарудан зардап шеккен қазақ халқы ядролық полигонды жабуға қарсы шықты. Сөйтіп 1989 жылдың 28 ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өтті. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды.
Халықтың қолдауына ие болған «Невада-Семей» ядролық жарылыстарға қарсы халықаралық қозғалысы Семей ядролық полигонындағы сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қалың бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастады.
Осылайша ажал аранына қарсылық танытқан қазақ халқы өз дегеніне жетті. Әлемдегі ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасалды. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. Сөйтіп 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды. Бұл әрекет Қазақ елінің бейбітсүйгіш халық екенін одан әрі дәлелдей түсті десе де болады.
Жандос МАХМҰТҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!