Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Бейсенбі, 19 қыркүйек, 21:07

Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалануға жол берілмейді!

05.09.2024

306

0

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментімен (бұдан әрі – Департамент) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтік автокөлікті қызметтік емес мақсаттарда пайдаланбау жөніндегі мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеуді сақтауына талдау жасалды.

Талдау нәтижесімен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдармен қызметтік автокөлікті қызметтік емес мақсаттарда пайдаланудың 7 фактісі анықталды. Мәселен, 2024 жылдың сәуір айының 04 күні сағат 23:30 шамасында орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне бекітілген қызметтік автокөлік  жұмыстан тыс уақытта басқарылған.

Аталған факті бойынша 2024 жылдың 12 сәуірінде «Facebook» әлеуметтік желісінде қызметтік көлікпен түнгі уақытта қылмыс жасалғандығы туралы посты жарияланып, қоғамдық резонанс тудырған.

Яғни, орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесінің жүргізушісі  жұмыс уақытынан кейін күнделікті автокөлікті гаражға қою тәртібін сақтамай, көлікті өз ауласына қойып, кейіннен түнгі уақытта қылмыс жасаған танысын қызметтік көлікпен жеткізіп салған.

Орын алған жағдай бойынша орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне назарына ұсынылып, Қазақстан Республикасы  Еңбек Кодексі талаптарын бұзғаны үшін жүргізуші жұмыстан босатылған.

Екінші факті, бұл 2024 жылдың 19 мамырында жұмыстан тыс уақытта сағат 03:50 шамасында көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, қызметтік көлікті лауазымды тұлға басқарған.

Аталған факті бойынша лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, сондай-ақ, атқаратын лауазымынан босатылған.

Ал, қалған 5 факті бойынша қызметтік автокөліктер жұмыстан тыс уақытта басқарылып, көлік құралы қозғалысының белгіленген жылдамдығынан арттыру фактісі бойынша әкімшілік істер қозғалған және әкімшілік айыппұлдар салынған.

Талдау нәтижесі қызметтік көліктерге жауапты болып бекітілген мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары тарапынан мемлекеттік мүлікті тиімді және тек қызметтік мақсатта пайдалануға және құжаттардың толық рәсімделуіне тиісті бақылау болмағанын көрсетеді.

Бұдан басқа, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметтік автокөлікті қызметтік емес мақсаттарда пайдаланбау жөніндегі мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеуді сақтауына талдау қорытындысы Әдеп жөніндегі Кеңесте қаралып, мемлекеттік органдардың басшыларына тиісті ұсыныстар енгізілді.  

Қорыта келе, алдағы уақытта осы тұрғыдағы іс-шаралар жалғасын таба беретіндігін және қызметтік көліктердің жеке мақсатта пайдалануына жол бермеу қатаң бақылауға алынғандығын атап өткім келеді.  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Қызылорда облысы  бойынша департаментінің мемлекеттік

қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы

Әлия Сатыбалдықызы Хожбанова.     

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: