Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жексенбі, 24 қараша, 17:29

«Алуан-алуан жүйрік бар…»

05.09.2024

283

0

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бәйге түр­лерінен сайыс 13 қыркүйекте «Қазанат» ипподромында өтеді. 12 қыр­­­күйекте мандаттық комиссия мен төрешілер алқасының оты­рысы болады. Өкілдер мен жаттықтырушылар да арнайы жиынға қатысып, бәйге ережесін талқылайды.

Этноспорт додасын ұш­қыр бәйгеге қа­ты­сушылар бас­тайды. Алдымен 1 600 метр­ге, одан кейін 2 400 метр, 3 200 метр қа­­­шықтыққа жүйткитін қыл­құйрықтардың бәсекесі өтеді. Жорға жарысы 9 шақырымға ұласса, құнан бәйгеге қосылатын жүйріктер 11 шақырымға, топ бәйгеге түсетін тұлпарлар 18 ша­қырымға жүйткімек. Қалың көрермен 25 шақырымдық ала­ман бәйгені ерекше күтеді. Себебі Қырғызстанның бағына біткен әйгілі Қарақыз тұлпар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қосылады. Бір жылда бірнеше автокөлік, пәтер ұтқан жүйріктің бағы да, бабы да басым болып тұр. Атсейіс Изат Нұрматұлы осы тұлпарын үкілеп қосып, Астана төріндегі Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарында аламан бәйгенің алды­нан көрінуден үмітті. Қыр­ғызстанда өткен айтулы аламан бәйгенің бас жүлдесін олжалап жүрген жүйріктің бабы да келісіп тұр.

Еліміздің атбегілері де жылдан аса мерзім жаратып, зар күйінде ұстап отырған арғымақтарын елордада өтетін дүниежүзілік аламанға қосады. Көшпелілер ойын­дарында көмбеден дара көрінеді деп сенім артар арғы­мақтың бірі – Жұмыртұяқ.

Жетісу облысы Ескелді ауданы Жал­ғызағаш ауылының 4-сынып оқушысы Хамза Амангелді былтыр осы жүйрігін тақымдап, аламан бәйгеден бірнеше рет жүлделі болды. Осы күнде ат­сейіс қауым мен бәйге жанкүйерлері арасында Хамзаның есімі Жұ­мыртұяқ тұлпармен қатар аталады. Атбегі Мар­­лан Бектенов биылғы көктем мен жаз айларында Жұ­мыртұяқ осыған дейін үш бәйгеге қо­сылғанын айтты.

«Көктемде Талды­қорған қа­ла­сында өткен Қазақстан чемпио­на­тында аламан бәйгеде екінші орын иеленді. Шілденің басында Алматы облысы Кеген ауданындағы әй­гілі Қарқара жайлауында өт­кен Қымызмұрындық аясында бәйге түрлерінен «Жолан жүйрігі» сайысы өтті. Аламан бәйгеге 75 жүйрік қосылды. Міне, осы тұлпарлардың арасынан Жұмыртұяқ қара үзіп, бәс бәйгеге тігілген шетелдік автокөлік бұйырды. Одан кейін Қа­рағанды облысында өткен республика­лық бәйгеде аламанның бас жүл­де­­сі­не Ас­тана қаласынан пә­тер тігілді. Сол додада Жұ­мыртұяғымыз желдей есіп, кермені алдымен қиды. Ендігі меже – осы Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары. Аттарды бір аламанға қосқаннан кейін әбден тынықтырамыз. Жұмыр­тұяқ – Украинадан сатып әкелген Айтұяқ деген айғырдың құлыны. Өзі дөненнен бестіге аяқ бас­ты. Былтыр да мәр­тебемізді өсірді. Бес рет ала­­манға қостық: төрт мәрте бі­рінші келді, бір рет екін­ші орын бұйырды. Көкшетау қаласының біріншілігінде топ жарып, 5 млн теңге олжа­ладық. Одан кейін қазақ әдебиетінде детектив жанрының кең қанат жаюына орасан үлес қосқан қаламгер Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген аламан бәйгеде «Тойота Ланд Крузер» көлігін тақымдадық. Жұмыртұяқ үшін былтырғы жылжабар соңғы аламан Қызылорда облысында өтті. Сол аламанда да «Тойота хайландер» көлігіне ие болдық. Семей қаласындағы аламан бәйгеде топ жарып, «Mitsubishi L300» жол тал­ғамайтын темір тұлпар бұйырды. Абай облысы Ақсуат ауданы ұйымдастырған аламанда ғана көмбеге екінші болып жетіп, 300 мың теңге алдық. Мұның барлығы – ұжымдық еңбектің жемісі. Қолтума жүйрігімізді құлын кезінен тап басып танып, қолтығын сөге, бауырын жаза көсілетін тұлпарға айналғанға дейінгі аралықта қаншама еңбек жатыр. Оны тек атбегілер ғана те­рең түйсінеді», дейді білікті маман.

Аламан бәйгеде басты орыннан үмітті арғымақтың бірі – Софлор Лэнд есімді жүйрік. 4 жасар таза қанды ағылшын тұ­қымы биыл жан­күйерлерді орасан жеңісімен тәнті етті. Ахмет Ахмолдин баптайтын сәй­гүлікті Әмір Аман­тай­ұлы мінеді. Павлодар қаласында өт­кен республикалық аламан бәй­геде аттар 25 шақырымға шапты. Софлор Лэнд дара келіп иесін қуатты. Одан кейін Дүние­жүзілік көшпелілер ойында­рына іріктеудің 1-кезеңінде де бұл арғымақ алдына қара түсір­ген жоқ. Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйым­­дастырылған аламан бәй­генің бас жүлдесі осы сәй­гүлік­ке бұйырды.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Жоламан аулынан Виза есімді жүйрік қатысады. Тай кезінде, құнан шыққанында да оннан аса бәйгенің алдынан көрініп, иесін қуантқан тұлпар аламан додасына биыл ғана қо­сылып, талайдың таңдайын қақтырды. Дәулет Асылов баптайтын жүйрікті елорда төріндегі додада Әлихан Бақытханұлы тіз­гіндейді. Бес жасар арғымақ та – таза қанды ағылшын тұқымы. Этноспорт додасына қатысатын аттарды іріктеу бірнеше кезең бойынша өтті. Екінші іріктеу сынында аламан бәйгеде Виза тұлпар топ жарды. «Ұлы аламан ойындары» бәйгесінде де Визадан озар тұлпар шыққан жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: