Рәзия әжей 18 жасында Ақсудағы Аппазовтар әулетіне келін болып түсті. Ол үй шаруасы мен дала жұмысын қатар алып жүрді.Совхоз фермасында сауыншы болып ауыл жұмысына кірісіп кетті. Өзі де еңбек десе, жанары оттай жанып, бейнеттен қашпайтын. Көзін ашқаннан ата-анасы да оны еңбекке баулыған. Оның үстіне малсақтығы тағы бар. Кішкентай төлдерге сүйсіне қарап, сауырынан сипайды. Тепсініп тұрған асау сиырлар да өзін көрсе, жуасып қалады. «Қайнаған тірлік сауынбазда ғана шығар» деп ойлайды өзі ішінен. Мал жүрген жер береке ғой. Сүті қандай қою. Қатығы, айраны, сүзбесі, сары майын айтсаңызшы. Сол ағарғанның қадірін жастайынан білгесін ба, осы кәсіпке әбден бойы үйренді. Оны тастағысы жоқ. «Аллаға шүкір» дейді іштей. Бәріне үлгерді.
1970 жылы Жалағаш ауданы Ақсу совхозының жігіті Оңғар Аппазовпен шаңырақ көтерді. Сол жылдан бері табаны күректей 52 жыл өтіпті. Өткен өмір көрген түстей зырғып барады. Бұл – біздің кейіпкеріміздің ішкі жан сарайынан шыққан өмір өткелдерінің сипаты. Біздің әңгімеміздің кейіпкері – шынында осындай қайратты да қажырлы жан. Рәзия Аппазова 1952 жылы 25 қазанда Шымкент облысы Түркістан ауданы Кентау қаласында дүниеге келген. 8 жылдық сыныпты тәмамдап, СПТУ-да 3 жылдық білім алған.
Тұрмыс құрған 1971 жылы өз еңбек жолын сауыншылықтан бастады. Араға алты жыл салып, Рәзияның табандылығы мен сауаттылығын байқаған жерлестері оны қолдап, 1977 жылы маусым айында Қазақ ССР-ның Қызылорда облысындағы еңбекшілер депутаттарының Жалағаш аудандық Советінің депутаты етіп сайлайды.
Ерекше белсенділігін бағалаған басшылық жалынды жас сауыншыны 1978 жылы 30 наурызда «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапаттайды. Сол жылы 2 қарашада коммунистік партия мүшелігіне қабылданады. 1987 жылы 7 наурызда «Коммунистік еңбек екпіндісі» куәлігі беріледі. 1997 жылы Ақсу өндірістік кооперативінің жекешелендіріліп, жеке қожалықтарға бөлініп таратылуына байланысты жұмысы тоқтайды. Алайда ақты қадірлеп, өзіне табанды, еңбекті серік қылған абзал ана 2005 жылы зейнетке шығады. Сол кезеңге дейін ширек ғасыр сауыншылық жұмысын адал атқарды. Зейнетке шықтым деп қарап отырмай, құрт, ірімшік, айран, қатық, май өнімдерін жасап сатумен айналысады.
«Күміс алқа» иегері болған апамыздың 6 перзенті бар. Құдай қосқан отағасы Оңғар ағамыз да мал шаруашылығына қолғабыс жасайды. Ол кісі де 16 жасынан әкесімен бірге қой бағып, еңбекпен шыңдалған. Кейін зейнетке шыққанша механизатор болып, үздіксіз еңбек майданында жүріп, алақаны бейнетпен ысталған жан. Зерделеп қарап отырсаңыз, отбасындағы отанасы да, отағасы да адал еңбекпен нәпақасын тапқан адал жандар.
– Аллаға шүкір, сол кезеңде аса баршылық бола қойған жоқ. Бәрі тапшы, қиын кездер болған соң, қолда бар нәрсені ұқсатып, өмірге келіп жатқан балаларымызды асырап, ел қатарлы тіршілік етуді қалап, қандай жұмыстан да шалым екеуміз тартынбадық. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырмыз. Жұмыс таңдаған жоқпын. Ол кезде еңбек адамдарын қатты бағалап, қарапайым сауыншыны, механизаторды, күрішшіні тіпті жоғары советке депутаттыққа сайлай беретін. Белсенді жұмыс жасағандар коммунистік партия қатарына өтетін. Сол құрметтің бәрін көрдім. Бүгінде ұрпақтарымыздың рахатын көріп отырған ақжаулықты әжемін. Ұл-қыздарымнан отызға жуық немере, он шақты шөбере сүйіп отырмын. Адал еңбек қашанда адамды рахатқа бөлейді, – дейді бақытын еңбектен тапқан ана.
Екі жыл бұрын Отбасы күнінде болған салтанатты кездесуде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Рәзия Аппазованы батыр аналармен бірге қабылдап, әз анаға жылы лебізін білдіріп, жолдасымен отау құрғандарына 50 жылдық алтын тойымен құттықтап, құрмет көрсеткен. Содан бері де олар бірнеше рет марапат төрінен көрінді.Біз де тұғыры биіктеген мәуелі бәйтеректей өсіп-өнген әулетке бақыт тіледік.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!