Ақын болу парыз емес, азамат болу – парыз. Ал өмірден озған ақын жайлы естелік жазу үшін ақын болу міндетті емес, ақынжанды болсаң жеткілікті. Күні кеше ғана іс-сапарларға шығып, газет жұмысының қиындығы мен қызығын бірге көрген, көп жыл қызметтес болған ақын, журналист, әріптес ағаны еске алу қандай қиын. Бірақ биылғы мерекелі жылы қамшының сабындай қысқа ғұмырында ырзық-несібесін табиғат сыйы талантымен, қаламының құдіретімен тауып асқаралы алпысын тойлай алмай арманда кеткен талантты ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Аяповты сағынышпен еске алып, жырларын оқымау ақын рухына жасаған қиянат болар еді.
1984 жылы аудандық газетке қызметке келгенімде Мәкең ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі екен. Талантты жастарды жинап алып, үнемі қамқор қолын созатын ақын ағамыз Мәкең маған да ақыл-кеңесін аямай бағыт-бағдар беріп отырды. Бірге ел аралап, халықпен жүздестік, газетке материалдар дайындадық. Жетпісінші жылдардың бас кезінде баспасөз күні қарсаңында «Тілші шопан» деген тақырыпта мақала жазып, оқырманға мені таныстырған осы Мәкең болатын. Қызмет бабында іс-сапарларға шыққанда ол мені «өлең де жазады, ақын жігіт» деп таныстырғанда көңіліміз көтеріліп, кәдімгідей масаттанып, марқайып қалушы едік.
Қайтар жолда «Серік-ау, еңбегімізді айтып, өзімізді құрметтемесек, бізді кім көтереді?» дегенді жиі айтушы еді. Өлең, мақала жазатынымызды айтпағанда, Мәкең екеуміздің қасқа маңдай, селдіреген шашымыз бен мінез-құлқымызда аздап болса да ұқсастық бар еді. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, аңқылдаған адал азаматқа ұқсағаныма шынымен де мақтанатынмын. Бірақ мен қанша өлең жазғанмен ақын емеспін. Қазір не көп ақын көп. Алайда шындықтан жалтармай, әділдікті ту етіп айта алатын Мәлік Аяповтай арқалы, жүректі ақын некен-саяқ.
Жүректі ақын дегеннен шығады-ау, адамзат тарихында халқының мұңын айтып, жазып, жоғын жоқтаған заманын жырлаған ақындар көп болған. Мәселен, Бұқар жырау Тәуке ханның ел басқарудағы кемшін тұстарын тап басып айтып сабасына түсіріп отырса, Махамбет «Әй Жәңгір хан, Жәңгір хан, хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқа ұрсын» деп халыққа жасаған қиянатын айтып әшкерелеген.
ХХ ғасырдан соң ақындарының жырларынан көшпенді болған халқымыздың үстем тап пен жауларынан көрген қайғы-қасіретін, еркіндік алып, егемен ел болуды аңсаған арманын айқын аңғаруға болады. Солардың қатарында Мәкең де уытты тіл, отты жырларымен ойландырып, қоғамдағы әділетсіздікті жалтақтамай айтып кетті.
Ол өлеңді он ойланып, мың толғанып, сирек жазатын. Жыр перзенті дүниеге келгенде балаша қуанып, маған оқып беретін, пікірімді сұрайтын. Әрине, кітап шығару бизнеске айналған қазіргі кезде бәрі де қаржыға келіп тіреледі. Мәкең жазғандарын жинап, жинақ етіп шығару үшін қаржылай көмек көрсететін демеуші іздеді, таба алмады. Тек 2004 жылы ақынның шәкірті, жерлесіміз, айтыскер ақын, сазгер, әнші Елена Әбдіхалықова өзі демеушілік жасап, «Киелі мекен» атты алғашқы жыр кітабын шығарып берді. Ақын егеменді еліміздің алғашқы қиыншылықтарын байлық, мансап, махаббат тақырыптарын жырларына арқау етті. Билікке құмар әкімдерді, өнер мен ғылым нарықтанған, халық қамқорлықсыз қалған, қоғамның кейбір келеңсіз көріністерін сынға алды. Мәселен, «Абайға шағыну» өлеңінде:
«Бөрі заман, әлде бұл түлкі заман, Жұтатындай адамды құлқы жаман.
Қызылшақа сәбидей тыржалаңаш,
Шындық жатыр жөргөкте шырылдаған» деп кез келген ақын айта алмайтын ақиқатты айтты.
Мырзабай ахун ауылында туып өскен Мәкең Алматыдағы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін аудандық газетте ұзақ жыл қызмет етті. Корректорлықтан бастап, редакторлық, баспахана директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Мақалалары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Ол таланттарды танып демеді. Көп жанға қамқор қолын созып көмектесті. Аудандық мәдениет үйі жанындағы Ә.Оңалбаев атындағы әдебиет пен өнер бірлестігін ашуға тікелей атсалысты. Сол бірлестіктің жетекшісі ретінде жас қаламгерлер мен өнерпаздардың басын қосып, бұлақтың көзін ашты. Талабы таудай, таланттарды тәрбиелеп шығарды. Қазіргі кезде айтулы ақындар Айкүміс Орынбаева, Елена Әбдіхалықова, Ғазиза Әбілда, Динара Мәлікова секілді жүздеген шәкірті әлі күнге дейін ақын рухына тағзым етіп, құрмет тұтады.
Халқымыздың қанына сіңген қызғаныш, көреалмаушылық қасиеттер қалмайды ғой. Батыр аңқау, ақын аңқау келеді демей ме. Аңқылдаған ақынның беделі мен адалдығын, аңғалдығын кейбір адамдар жеке мүдделеріне пайдаланып та кетті. Бірге жүріп сырттан тас атып, табанынан тайдырғысы да келді. Бірақ Мәкең азаматтық жолымен жүріп, адамгершілік қасиетінен айныған емес. Қайран дүние-ай, мейірімсіз сұм ажал ақынды 2004 жылы алпыс жасқа қараған шағында ақыры алып тынды.
Айтылмаған сырлары, жазылмаған жырлары өзімен бірге кетті. Жуырда ақынның жары Жақсыгүл апайды кездестірдім. Жоғары оқу орнын бітірген кенже қызы Динара тұрмысқа шығыпты, немересі Оралхан өлең жазып, атасының жолын қуып жүр екен. Мәкеңді еске алып, арқа-жарқа әңгімелестік. Елена Әбдіхалықова ақынның «Киелі мекен» кітабына жазған кіріспе сөзінде «Сыр елі – өлең жырға бай өлке. Халқымыздың ұлттық мәдениеті мен әдебиетін қалыптастырып отырған осынау өлкеде өлеңі де, өресі де ешкімнен кем түспей, қайта биікте жарқылдаған жасындай, ойлы сөз, отты жырымен «жұртым» деп жаны қалмайтын, бірақ өздері елеусіз жүретін тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Мәлік аға. Бірақ осы қасіреттің бір бақыты бар. Ол – халықтың жүрегінде қалу, бүкіл елді, ұрпақты жыр арқылы әлдилеу. Өмірде адамның ғана құнды екендігін, адами шын болмыстың нұрлы екендігін түсіндіру. Ендеше сіз сол биікке шарықтай ұшып, бір кісідей, бір ақындай еңбек етіп келесіз аға! Олай болса өзіңіздің де, жырларыңыздың да ғұмыры ұзақ болғай» деп жазған екен. Ақын ғұмыры қысқа болды. Бірақ жасындай жалынды жырларының халқымен бірге жасай беретініне кәміл сенеміз. Оның өзі ортамызда жоқ болса да, уытты жырларымен мәңгі жасайтыны сөзсіз.
Серік Бертаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!