Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 15:24

Тазалық табалдырықтан басталады

26.11.2024

67

0

Өткен сенбіде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кент, ауылдық округтер мен мемлекеттік мекемелердің аумағында санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жасалды. Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Өңірдің өркендеуін, елді мекеннің мұнтаздай таза болуын ортақ абырой деп білетін жалағаштықтар жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, сенбілік жұмыстарының қарқын алуына өз үлесін қосты.

Көктемде қарқын алған сенбілік жұ­мыстары шіліңгір шілденің ысты­ғын­да да жалғасын тауып, күн суыса да тоқтамауда. Өйткені жалағаштықтар өмір сүрген мекеніміздің мұнтаздай та­за, қолайлы болуына ешқандай ауа райы кедергі емес екенін айтады.
Иә, та­залыққа тастай талап керек екені айтпаса да белгілі. Сондықтан бұл тұр­ғыдағы жұмыстарды кезек күттірмей істеу кенттегі әрбір тұрғынның міндеті деп есептейміз. Өйткені өңірдің өркен­деуіне, мұнтаздай таза болуына ат­са­лысу – әрбірімізге азаматтық парыз. Кент­тің көркейіп-көгалдануы тек қа­ражатқа келіп тірелмейтінін түсі­нуіміз керек. Яғни өңірді күл-қоқыстан тазарту – екі қол көмекпен жасалатын іс.
Біле білсек, сол күл-қоқысты тас­тайтын өзіміз, әр ауланың айналасына тұрмыстық қалдықтарды жинап қоятын да, қалаберді адам аяғы басуға бол­майтын кір суын да төге салатын сол тұрғындардың өзі. Адам баласы ақыл айтуға шебер ғой, бірақ сол өз­геге айтқанын өзі де істесе, құба-құп бо­лары анық. Кешегі аудан әкімінің ха­лықпен кездесуінде сөз болған иесіз жайылған төрт түліктің де иесі осы ау­дан тұрғындары екені белгілі. Сөйте тұра талап қоямыз, орындалған істі көр­мейміз, нәтижесін күтпейміз. Сосын жергілікті биліктің жұмысынан кемшілік іздейміз.
– Бүгін сенбілікке отбасымызбен шық­тық. Өйткені ауданымыздың таза­лығы өзімізге керек екенін жақсы түсі­неміз. Күн ыстық немесе суық деген жәй сылтау ғана, тазалықты жаны сүйе­тін адамға ештеңе де кедергі емес. Өзім сенбілікке қуана шығамын, өйт­кені таза ауада бойыңды сергітіп, таби­ғатқа кішкене болсын пайдаң тиеді. Сон­дықтан тазалық табалдырықтан бас­талатынын жерлестерімінің есіне тағы да салғым келеді, – дейді кент тұрғыны Мәдина Үбітаева.
Сенбілікте бой көрсеткен кент әкімі Мардан Жамалатовтың айтуынша, биыл­­дан бастап кентте көркейту-көгал­дан­дыру және санитарлық тазалық жұ­мыстарын жүргізу үшін кент әкімі аппа­ратының жанынан «Жалағаш қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған. Қазіргі уақытта аталған ме­кеме арқылы аяқсу жүретін арықтар қазылып, құбырлар тазартылып, қа­жетті жерлерге жаңадан құбырлар орнатылуда. Қураған ағаш талдары мен бұтақтары кесілуде, өңір қоқыстан арылуда. Жиналған қоқыстар авто­көліктерге тиеліп, арнайы орынға тасы­малдануда. Биыл 8470,5 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шы­ғарылған.
– Жалпы кентте қазіргі уақытта 71 көшеде 1205 жол белгісі орнатылды. Жол белгілерін күтіп ұстау, тозғанын жаңалау, бағаналарын сырлау жұмыс­тары тұрақты жүруде. Ал жол жүрісін реттеу үшін 4 көше қиылысына бағдар­шамдар орнатылды. Сонымен қатар биыл аймақ басшысының тап­сырмасына сәйкес 18 жерге бейне­ба­қылау камерасы, 7 жылдамдық өл­шегіш құрылғысы орнатылуда. Тағы бір жақсы жаңалығымыз бар, алдағы уақытта кенттегі орталық алаңға күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бү­гінде қайта жаңғырту жобасының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, са­рап­тамадан өтті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданды, – дейді кент әкімі.
Қазір аудандағы әрбір мекеме ұжымы тазалық маусымында табан­ды­лық танытып жатқанын көріп отырмыз. Енді әрбір сенбілікке жергілікті тұр­ғындар да өз үлесін қосқаны аб­зал. Әрбір адам өзі тұратын үйдің ауласы мен көшелердің көркеюіне және та­за­лығына мән берсе, күл-қоқыс­тармен ке­летін түрлі инфекциялық аурудың болмасы да анық. Әсіресе көше бойына қойылған қоқыс жәшігіне салынатын қал­дықтардың тиісті жәшіктің ішіне са­лынуы, жәшік толған жағдайда жауапты мекеменің уақытында тазартып отыруы да үлкен септігін тигізеді.
Ойлап қарасақ, тек әкім ауданның та­залығына жауапты деген ұғым қате. Өсіп-өнген өлкемізді өзіміз таза ұста­масақ, басқаға керек емес. Ен­деше жұрт үшін көтерілген бас­та­ма­ларды жүзеге асыруда жалағаш­тық­тарға жұ­мыла іс қылатын уақыт жетті. Біздікі көзіқарақты оқырманға ой салу.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: