2024 жылдың 1 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң 1 қаңтардан бастап өз күшіне енді. Жаңа Заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуды көздейді. Сондай-ақ, аталған Заң арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі күшейтіліп, бәсекелестік дамитын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов айтты.
– Жаңа Заң жобасы арқылы бірыңғай сатып алу платформасы құрылып, құрылыс нарығы монополиясыздандырылатын болады. Одан бөлек аталған Заң сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да жәрдемдеседі. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу саласында заң бұзушылықтардың алдын алу және жаңа заңнаманы түсіндіру мақсатында өткен жылы қала мен аудан әкімдіктерінің және облыстық басқармалардың мамандары үшін 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, ақпан айында Астана қаласынан келген сарапшылардың қатысуымен «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік сатып алулар» тақырыбында облыстық семинар өтіп, 230 маманға сертификат табысталды. Сәуір айында да тексеру комиссиясы мен ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері бірлесіп, барлық аудандарда көшпелі семинар өтті. Ал, қараша айында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімдіктері мен басқармалардың мамандары үшін жаңа Заңнаманың ерекшеліктері түсіндіріліп, көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырылды,- деді Бауыржан Серікұлы.
2024 жылы мемлекеттік сатып алу веб-порталында 1158 тапсырыс берушімен 117 036 сатып алу жоспарланып, жүзеге асырылған. Сондай-ақ басқармамен жарияланған конкурстар саны 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда немесе 6 пайызға ұлғайды. Жарияланған 5603 конкурстың 1860-ы тауарларға, 1349-ы жұмыстарға, 2394-і көрсетілетін қызметтерге тиесілі.
– 2024 жылы расында да көрсеткіштер бойынша өзгерістер бар. Ішкі мемлекеттік аудит органдарымен конкурстар қорытындыларына келтірілген камералдық хабарламалар көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 77 пайызға төмендеді. Сонымен бірге, әлеуетті өнім берушілермен конкурс қорытындыларына берілген шағымдар өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға төмендеді. Өз кезегінде, мемлекеттік сатып алу саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 17 пайызға азайған. Ал әкімшілік айыппұл көлемі 41 пайызға төмендеді”,- деді Бауыржан Серікұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!