Бүгінде ауданда «тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір» 14 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Серитхановтар әулетінің қарашаңырағына барғанымызда әріптесім екеумізді жүзі жылы ана қарсы алды. Өзін осы үйдің отанасымын деп таныстарған Айзан Шәріпова бізге төрін ұсынды.
Аман-саулық сұрасып, әріптесім екеуміз аудандық басылымнан келгенімізді айтқанымыз сол еді, Айзан апай қонақ бөлмеде тұрған газеттерді көрсетіп, әр санын отағасы екеуі жібермей оқитынын, аудан тынысынан біздің басылым арқылы хабардар екенін жеткізді. Біз де 90 жылдық тарихы бар газетіміздің әр санын асыға күтетін тұрақты оқырмандарымызбен қауышқанымызға қуанып, қойын дәптерімізді алып, кейіпкерлерімізді әңгімеге тарттық.
Айзан апай қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрін де жақсы біледі. Ол қазақ елінде тұрып, қазақтың әдет-ғұрпын, ұлттық тағамдарын білмеу ұят деп санайды. Кейіпкеріміз қазақтың қуанышты жағдайда жасалатын жоралғыларының бірі – «шашу шашқанды» ұнататынын жеткізді. Сұхбат барысында «Әрбір үйде шашу шашар қуаныш көп болсын» деген ақ тілегін жаудырды. Сондай-ақ Айзан апай қазақтың ұлттық тағамдарын да дәмді әзірлеп, сүйсініп жейді. Сондықтан үйінде үнемі бауырсақ пісіреді екен. Айтуынша, ол қолы қалт етсе, бар уақытын ас үйге арнайды. Оның ең ерекше ұнататын тағамы – наурыз көже. Сол себепті ол Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін асыға күтеді.
Ал отағасы Осман Серитханов – кент тұрғыны. Ата-анасы 1944 жылы Жалағашқа қоныс аударған. Әкесі құрылыс саласында бірнеше жыл елге елеулі қызмет етсе, анасы аудандық ауруханада тазалықшы болып еңбек еткен. Өзі де, бауырлары да осында дүниеге келіпті. Ол кенттегі қазіргі №31 мектеп-гимназиясында білім алған.
– Отбасымызда 6 ағайындымыз. Барлығы ер бала. Өкінішке орай үлкен ағам өмірден озды. Қалған 5-еуіміз осы Жалағашта өз отбасымызды құрып, бала-шағамыз бен немерелеріміздің ортасында отырмыз. Араласатын дос-жарандардың, көршілеріміздің бәрі – қазақ отбасылары. Осы көшеде тұрып жатқанымызға 60 жылдай уақыт болды. Көршілерімізбен тату-тәттіміз. Өзге ұлт деп жатсынбай, қандай мереке немесе той болсын бір-бірімізді құттықтап, бірге атап өтеміз, – дейді отағасы Осман ағай.
Ол сұхбат барысында көршілерінің ұйымшыл екенін де айтып қалды. Сөзінше, Наурыз мерекесінде көшеде тұрғындар ұлттық ойындарды ұлықтап, мерекені жоғары деңгейде тойлайды.
Ал отанасы Айзан Шәріпова – Бұқарбай батыр ауылының тумасы. Отау құрғандарына 41 жыл толған өнегелі отбасы 3 баласынан бүгінде 7 немере сүйіп отыр. Балаларының барлығы жақсы білім алып, абыройлы қызмет етуде. Үлкен қызы мен кіші қызы Кавказда жұмыс жасаса, ұлдары ауданда күріш тасу ісімен айналысады.
Олар – ауданның дамуына елеулі үлес қосқан қарапайым еңбек адамдары. Осман ағай бірнеше жыл көлік жүргізуші болып қызмет етіп, еңбек демалысына шыққан. Ал Айзан апайымыз – педагог. Кезінде балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп, қазір ауданда өтетін шараларға белсене атсалысып келеді.
«Ұлтым басқа болса да, жүрегім – қазақ» деген шешен ұлтының азаматы Осман Серитханов қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін ерекше құрметтейтінін жеткізіп, қазақ еліне өз ризашылығын білдірді.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!