Қоғамның сотқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іргелі реформалар кезең-кезеңімен қолға алынып, заң-ережелер, бағдарламалар тұрақты жетілдіріліп келеді. Оның үстіне Мемлекет басшысы да азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша мән беріп, әр жолдауында сот жүйесінің дамуына қатысты межелер белгілеуді назардан тыс қалдырған емес.
Айтар болсақ, мемлекетімізде алқабилер институты сотқа деген сенімді күшейтіп, мамандандырылған соттардың енгізілуі сот жұмысының сапасын арттырғанының куәсі болдық. Одан бөлек, судьяларды іріктеу талаптары қатаңдатылып, Судьялық әдеп кодексі қабылданды. Сондай-ақ би-шешендердің салған сара жолы қайта жаңғырып, олардың мол мұрасынан нәр алған медиация институты қанат жайды. Қазіргі таңда сот қызметі толығымен сандық жүйеге көшіріліп, азаматтар үйінен не кеңсесінен ұзамай-ақ сотқа талап қою, өтініштерін беріп, сот процестеріне қашықтан қатысуға мүмкіндік алып отыр. Сот актілерінің жаңа форматы енгізіліп, қарапайым әрі түсінікті жазылып, түсіндірілген сот актілері тараптардың сотқа деген сенімін нығайтады. Әлеуметтік желі арқылы соттар мен қоғам арасында ашық диалог орнап, көпшіліктің сот қызметіне қатысты туындаған сұрақтарына жедел әрі нақты жауап беру қолға алынды. Одан бөлек соттар бүгінде қоғамның қызығушылығын туғызған істер бойынша ақпараттарды уақытылы таратып келеді. Республиканың түкпір-түкпірінен ашылған татуласу орталықтары мен Билер кеңесінің құрылуы даулардың бітіммен бітуіне жол ашты. Сонымен қатар 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесінің жұмыс істей бастауы қоғамға түбегейлі жаңашылдық алып келді. Аталған институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастыра білді. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар мен бизнестің мүддесіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қамтамасыз етіліп, артық сот үрдістері қысқартылды. Атап айтсақ санаулы уақыттың ішінде еліміз әкімшілік әділетті жүзеге асыру сапасы бойынша Орталық Азия елдері арасында көшбасшы мемлекетке айналып үлгерді.
Әрине, бұл айтылғанның бәрі сот жүйесіндегі өзгерістердің бір бөлігі ғана. Сот жүйесінің беделін нығайту, сот төрелегіне деген халықтың сенімін арттыру бойынша атқарылатын мақсатты жұмыстар мен межелі міндеттер мұнымен тоқтамасы анық. Ең бастысы, жүйелі реформалар халықтың игілігіне қызмет етіп, қоғамның сотқа деген сенімін нығайта түсті.
Жалағаш аудандық сотының
бас маманы Д.Ә.Шадаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!