Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі кезеңде баланы ерте дайындау мен дамытудың маңыздылығы туралы ойымен бөлісті.
Министрлің пайымынша, ерте дамудың маңызды екенін елеусіз қалдыруға болмайды. Баланың миы тез дамып, негізгі дағдылар мен мінез-құлық қасиеттері қалыптасады, сонымен қатар ол баланың денсаулығына негіз болады. Мектепке дейінгі мекемеге бару баланың бойында өзін-өзі реттеу, жаңа ортаға бейімделу және топта жұмыс істеу сияқты бірқатар пайдалы машығын дамытуға көмектеседі.
Асхат Қанатұлы о сы машықтың барлығы баланың мектепте үлкен жетістікке жетуіне ықпал ететіні дәлелденген ерте оқыту әдебиетіне шолуды ұсынған.
«Халықаралық зерттеулердің нәтижелері балабақшаға барған және ерте жастан жазу мен санауды үйренген балалар мектепте үлгерімі бойынша өз қатарластарынан басым болатынын көрсетеді. Мысалы, PISA-2018 деректері бойынша үш жылдан астам балабақшаға барған оқушылар мектепке дейінгі ұйымдарға бармағандарға қарағанда жоғары нәтиже көрсетеді: оқу сауаттылығы бойынша 20 ұпайға және математика мен жаратылыстану сауаттылығы бойынша 16 ұпайға.
Сонымен қатар TIMSS зерттеуінің нәтижелері де балабақшаға барған оқушылардың жақсы нәтиже көрсеткенін дәлелдеді. Мысалы, балабақшаға бармаған 4-сынып оқушылары мен оған үш жылдан астам барғандар арасындағы айырмашылық математикадан 16 балл, ал жаратылыстану пәні бойынша балабақшаға барғандарда 23 балл болды. Ал ата-аналары мектепке дейін жазуды, оқуды және санауды үйреткен 4-сынып оқушылары ата-аналары анда-санда ғана оқуына көңіл бөлген балаларға қарағанда математикадан 15 ұпайға және жаратылыстану пәнінен 25 ұпайға жоғары алған», – деп жазды министр.
Ерте дамыту мен мектепке дейінгі білім берумен қамту еліміздің экономикалық көрсеткіштеріне әсері жағынан да маңызды.
Нобель сыйлығының лауреаты Д. Хекманның әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке дейінгі біліміне жұмсалған бір доллардың экономикалық қайтарымы туралы тұжырымдары кең таралған. Ол мемлекетке 8 (6) доллар пайда әкеледі.
Зерттеулерге сәйкес, болашақта баланың көрсеткіштеріне әсер ететін маңызды критерий – ол мектепке дейінгі ұйымның сапасы.
«Яғни мектепке дейінгі кезеңдегі баланың жағдайы мен білім берудің кейінгі кезеңдерінде дамуы үшін оның ерте жастан дамуына назар аудару маңызды екенін көріп отырмыз», – деп түйіндейді Асхат Аймағамбетов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!