Қақаған қыс кетіп, көктем келді. Күн шуағын төгіп, жер бетін емірене өбеді. Айнала ес жиып, етек-жеңін түзеуге кіріскен. Қыстан қысылмай шыққан халық Жер-ананың ризығына шүкір етеді. Өткен сенбінің таңы аудан орталығындағы Абай көшесінің бойы әдеттегідей емес, күйбең тіршілік пен абыр-дабыр қозғалыспен басталды. Өйткені жалағаштықтар үшін молшылық мерекесі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Ауылдың шаруа адамдары былтырғы мол өнімнен қалған азық-түлігін аудан орталығына арнайы алып келіп, халықпен бөлісті. Әдеттегідей табиғи азық-түлік пен ет, балық өнімдері және көкөністер мен жемістер сатылымға шығарылды. Бұл жолы аудан тұрғындарын сапалы өніммен қатар жайлы баға да қуантты. Жәрмеңкеде төбе көрсеткен шаруалардың барлығы нарықтан 25-30 пайыз төмен бағамен сапалы өнімдерін өткізуге тырысты.
Жалпы жәрмеңкеде аудан тұрғындарына 22 автокөлікпен 45,7 тонна азық-түлік өнімдері ұсынылды. Оның ішінде жергілікті шаруалардың өнімдерімен қатар «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорынан 3 тонна картоп, 1 тонна пияз, 500 келі сәбіз және күнбағыс майы төмен бағамен аудан тұрғындарына сатылды.
– Жәрмеңке маған ұнап жатыр. Үйімнің жанында, алыс емес. Баға арзан, күріш, ұн, ет және балық өнімдерін сатып алдым. Осындай жәрмеңке жиі ұйымдастырылса деймін. Халыққа жақсы ғой, бағалары қалтаға қонымды, картоп, сәбіз, пияз барлық жерде қымбат екені рас. Ал жәрмеңкеден оңтайлы бағада сатып аласың. Ұйымдастырушыларға, кәсіпкерлерге ризамыз, халық қуана келіп жатыр. Шаруа адамдарына алдағы науқанды сәтті бастауына тілектеспін, – дейді кент тұрғыны Мәдина Үбітаева.
Әрине, тұрғындар Жаңадарияның қауын-қарбызын, Мақпалкөлдің алмасын асыға күтеді. Алайда бұл өнімдерді көктемде базардан табу оңай шаруа емес. Десе де аталған өнімдер жәрмеңкеге аз да болса жеткізіліпті. Ал шаруалар болса, тұтынушыларға биыл қауын-қарбызды молынан егеміз деп уәде берді.

– Жәрмеңкеде 22 автокөлікпен 45,7 тонна азық-түлік өнімдері сатылымға шығарылды. Айта кету қажет, жәрмеңке қарсаңында өнімдердің бағасы нарықтан 20-30 пайызға төмен болды. Бұл шара тұрғындарды арзан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта да қажеттілік тудыратын азық-түлік өнімдері жәрмеңке барысында халыққа қолайлы бағада ұсынылатын болады. Азық-түлік бағасының күрт өсуі орын алған уақытта аудан диқандары күріш көлемін азайтып, көкөніс және бақша өнімдеріне басымдық беруді қолға алуда. Осы бағытта жергілікті биілік тиісті жұмыстарды атқаруда. Жалпы аудан бойынша биыл 36 780 гектарға егін егу жоспарланған, – дейді аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов.
Жәрмеңкеде жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, балаларға арналған ойындар ұйымдастырылып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, жалағаштықтар жәрмеңкені тек сауда-саттық мақсатта ғана емес, бір-бірімен қал-жағдай сұрасып, мереке іспетті өткізді.
– Мен Жаңадария ауылының тұрғынымын. Өздеріңіз де байқап тұрған шығарсыздар, Жаңадария десе, халықтың есіне бірінші қауын мен қарбыз түсетіні бар. Былтыр ауыл маңында қауын-қарбыз, асқабақ ектім, бүгін сол өнімдерді халық алдына әкеліп отырмын. Десе де күз бойы өнімге сұраныс жоғары болып, сатылып кетті. Десе де аз да болса, халықпен бөлісуге келіп қалдым. Шүкір, сауда бар, өнімге сұраныс жоғары. Ең бастысы, өніміміз тұтынушыларға ұнайды. Әрине, маңдай термен, ешқандай қоспасыз егілген өнімнің тәтті болары анық. Биыл да ауыл маңына қауын-қарбыз егуді жоспарлап отырмын. Бастысы, жергілікті билік аяқсу мәселесін шешіп берсе жеткілікті, – дейді шаруа адамы Рысбек Ілиясов.
Жалпы жәрмеңкені ұйымдастырудың мақсаты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден тікелей тұтынушыларға жеткізу болып табылады. Бастысы, жәрмеңке шаруалар мен тұтынушылардың көңілінен шықты.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!