Енді бірде-бір ана, қанша жерден жоғары жалақылы жұмыс істесе де үлкен көлемде төлем ала алмайды.
Мемлекет әйелдердің бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы төлеу ережесiн өзгертті.
Жас босанған бірнеше ананың үстінен «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға қол жеткізе алғаннан кейін шенділер «декреттік» төлемдерді тағайындау тәртібін түбегейлі қайта қарауға кірісті.
Заң бойынша миллиондаған теңге жоғары жалақы алатын топ-менеджерлер, басшылық лауазымдағы әйелдер және бизнесвумендер тиісінше, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) сол табысынан ай сайын көп көлемде әлеуметтік жарна аударады. Мұндай жарнаны жұмыс істейтін барлық нәзік болмыс иелері қорға төлейді.
Бұған дейін ондаған жылдар бойы қолданыста болып келген Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату қағидаларына сәйкес, орасан зор жарна аударған айымдарға өмірге бөбек әкелгенде қомақты – 9 миллион теңгеге дейін «декреттік» төлем алуға мүмкіндік берілді.
Алайда 2025 жылғы 8 сәуірден бастап, бала туу үшін берілетін бір жолғы төлемақыны есептегенде, орташа айлық табыс ретінде енді тек 7 ең төменгі жалақыға дейінгі табыс қана есепке алынатын болады. Бұл 2025 жылы 595 мың теңгеге тең.
«Декреттік төлемнің көлемін айқындауда бірнеше жұмыс орнында істеген алушының барлық жұмыс орны бойынша әлеуметтік төлемдері, әрине, ескеріледі. Алайда ақырғы төлемнің көлемі бәрібір еңбекке жарамсыздық күндері коэффициентіне көбейтілген 7 ЕТЖ мөлшерінен аспайды. Мәселен, бала туған ананың бұған дейінгі ай сайынғы табысы бір жұмыс берушісі бойынша 100 мың теңге, екіншісінде – 120 мың теңге, үшіншісінде – 85 мың теңге болса, оның жалпы 305 мың теңге табысы ескеріледі. Бір жолғы төлем көлемі 1 281 000 теңгені құрайды», – деп мәлім етті қордың баспасөз қызметі.
Егер ана сәби сүйгенге дейін екі не одан көп орынның әрқайсысынан 500 мыңнан не 1 миллион теңгеден жалақы алып келсе, төлем төлеу үшін бәрібір тек 595 мың теңге табысы ғана есептеледі. Осылайша, бірнеше жерде немесе жоғары жалақылы лауазымда істейтін аналар бір жұмыс орнында еңбек ететін және 595 мың теңгеден аспайтын табыс табатын аналармен теңестірілді.
Бұлайша радикалды қадам жасауына дәйектеме ретінде МӘСҚ декреттегі бірқатар аналардың алаяқтығын әшкерелегенін алға тартты. Олар жоғары табыс тапқаны туралы жалған құжат ұсыну арқылы жүктілік пен бала туу бойынша әлеуметтік төлемдер алыпты.
«Тексеру кезінде өтірік жұмысқа тұру, жалған келісімшарт бекіту жағдайлары анықталды. Кейбір кәсіпкерлер декреттік төлем алу үшін тиісті анықтама ұсынған әйелдерді шын мәнінде жұмысқа алғанын растай алмады. Бірқатар жүкті әйел бала туардың алдында өз табысын қасақана арттырған. Осы мақсатта олардың атына бірден бірнеше жұмыс беруші МӘСҚ-ке әлеуметтік аударым аударып отырған», – деп түсіндірді қордағылар журналистерге.
Махинацияларды қалай анықтады?
МӘСҚ әлеуметтік төлем тағайындамас бұрын бала туған анаға қатысты тексеріс жүргізетіні белгілі. Оның барысында қор түрлі меморгандарға, жұмыс беруші ұйымдарға, төлем алушының өзіне және басқаларына ақпарат сұратып, хабар жібереді.
Олардан толыққанды жауап келгенше, ол ақпараттарды талдап болғанша, декреттік төлемді бермейді. Содан адал аналардың өзіне тиісті төлемін ұзақ күтуге тура келіп жатады.
Мысалы, қандай да бір жұмыс беруші өзінің әйел қызметкеріне МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымын ай сайын тұрақты аударғанымен, ол үшін ӘМСҚ-ке – медсақтандыру жарналары мен аударымдарын, БЖЗҚ-қа – зейнетақы жарналарын аудармауы мүмкін. Осыған қарап, МӘСҚ тексерушілері ол әйел аталған жұмыс берушіде шын мәнінде жұмыс істемейді деген қорытындыға келуі мүмкін.
Қор әрі қарай істің байыбына баруы үшін бұл жағдайлар туралы құқық қорғау органдарын құлағдар етіп, материалдарын жібереді.
Аналарды алаяқтыққа баруға итермелемеу үшін қазақстандық депутаттар көп жылдан бері Үкіметтен Ресейдегі сияқты «аналық капитал» енгізуді сұрап келеді. Шенеуніктер әрдайым бас тартады. Солтүстік көршіде бірінші баласын туған аналарға – 690 000 рубль, екінші баласын дүниеге әкелген анаға – 912 000 рубль (шамамен 6,3 миллион теңге) аналық капитал беріледі. Жыл сайын оның көлемі инфляцияға сай индексацияланады: 2025 жылғы 1 ақпанда 9,5% өсті.
Қазақстанда тек жұмыс істейтін аналарға ғана «Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем» беріледі. Оның көлемі әйелдің әлеуметтік жарна төленген соңғы 12 айдағы орташа табысының мөлшеріне және еңбекке жарамсыздық күнінің саны коэффициентіне тәуелді.
2024 жылы жоғары лауазымда болған немесе бизнес жүргізген аналар ең көп дегенде 5 миллион теңгедей төлем алған. Жалпы, аналардың басым көпшілігінің қолына бірер жүз мың теңгедей ғана тиетіні белгілі.
Бірақ декреттік төлем алған барлық әйелді тексере келе, қор жұмыс істегені дәлелденбеген аналардың үстінен қазіргі кезде 175 қылмыстық істің қозғалуына қол жеткізді. Олардың ішінен тек 47-сі ғана өз айыбын мойындап, жалпы сомасы 52 миллион теңгені ерікті қайтарған. Әрқайсысына шаққанда орта есеппен 1,1 миллионнан келеді.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінен бері 2 мыңнан астам төлем алушы қылмыстық қудалау басталғанын біліп, табысын жасанды арттырғанын өзі мойындапты. Осы арқылы МӘСҚ өзінің 4,7 млрд теңге активін сақтап қалған, яғни, аналарға төлемеді.
Қор өзінің төлемді дұрыс алғанына табандап, ақшаны қайтарғысы келмеген аналардың үстінен сотқа шағым түсірілетінін ескертті. Әрбір анаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Оның қорытындысында сот тек төлемді қайтаруға міндеттеп қана қоймай, сондай-ақ алаяқ деп айыптап, қылмыстық жауапкершілікке тартуы мүмкін.
«Диапазон» газеті бойынша бала біткен бірқатар әйелдердің көбірек төлем алу үшін жалған еңбек келісімшартын бекітуінің фактілері әлі де анықталып жатқанын жазды.
«МӘСҚ-тен халыққа төленетін бүкіл әлеуметтік төлемдердің шамамен 80%-ы – ана болумен, баланың 1,5 жасқа дейінгі күтіміне жәрдемақы берумен байланысты болып келеді. Бұған орасан зор қаражат бөлінеді. Биылғы 8 сәуірден бастап, жаңа бұйрық күшіне енді. Ол бойынша жүктілік пен бала туу бойынша төлемдерді тағайындау тәртібі өзгерді. Жаңа тәртіп декреттік демалысқа шығатын әйелдерге төлем тағайындауға қатысты тексерістер жүргізілгеннен кейін енгізілді», – деді МӘСҚ Ақтөбе филиалының директоры Нұрлан Күзеуов.
Қордағылар әйелдердің жүкті бола сала, мансапта жоғарылағанына немесе тосыннан табысты кәсіпкерге айналғанына сенбейді. Оның үстіне кейбір әйелдің атына қорға бірден бірнеше кәсіпорыннан әлеуметтік аударым түсті. Сондықтан олардың бәрі «күдіктіге» жатқызылыпты.
Бір қызығы, бұдан бұрын МӘСҚ-тің өзі бұған қарсы болмаған, әлгі кәсіпорындарға: «неге көп ақша аударып жатсыңдар, аудармаңдар!» деп наразылығын білдірмеген. Сондай-ақ кәсіпорындардың сол жарналарын да кері қайтармайды, қорда қалады.
Ал, егер кәсіпкерлер қорға ол әйел үшін артық төлеген ақшасын қайтаруға талаптанса, онда қудаланады. МӘСҚ ақпарат құралдары арқылы қорқытып қойды: «көрінеу жалған рәсімдегені анықталса, жалған жұмыс берушілер де қылмысқа атсалысқаны үшін жазаға тартылады».
«Бала туар алдында миллион табыс тапқан аналар негізінен СММ-ші, таргетолог, менеджер, сауда агенттері болып жұмыс істеген. Анықталған фактілер бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қылмыстық іс қозғады. Біразы сотқа берілді. Әйелдер бала тууы бойынша демалысқа шығар алдында өз табысын жасанды жоғарылатқан, олар үшін жоғары аударым аударылған. Олардың бәрін қосқанда орташа жалақысы 1 миллион теңгені құрады. Шынында, әйелдер ол жерлерде жұмыс істемеген», – деді Күзеуов.
Учёт.kz түсіндіруінше, бала тууына байланысты барлық аналарға берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы келесі соманы ғана құрайды:
- 1-ден 3-ші балаға – 38 АЕК (2025 жылы – 149 416 теңге);
- 4-ші және одан көп балаға – 63 АЕК (2025 жылы – 247 716 теңге).
Жұмыс істемейтін әйелдерге немесе ерлерге сәби 1,5 жасқа жеткенше берілетін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы көлемі:
- Бірінші бала үшін – 5,76 АЕК (2025 жылы – 22 648 теңге);
- Екінші бала үшін – 6,81 АЕК (26 776 теңге);
- Үшінші бала үшін – 7,85 АЕК (30 866 теңге);
- Төртінші бала үшін – 8,90 АЕК (34 995 теңгені) құрайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!