Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Бейсенбі, 22 мамыр, 00:05

Басты мақсат – бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру

21.05.2025

86

0

Оқу жылының да аяқталуына санаулы күндер қалды. Былтыр саланы жақсы нәтижемен қорытындылаған сала қызметкерлері биыл да нәтижелі еңбек етті. Енді бір аттаса, түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Жалпы биыл қанша бала мектеп бітіреді? Оның қаншасы ҰБТ-ға қатысады? Ұлттық бірыңғай тестілеудің былтырғы нәтижесі және биылғы меже қалай? Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуде алдағы уақытта қандай жобалар қолға алынбақ? Осы және салаға қатысты өзге де бірқатар сауалымыздың түйінін аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов кеңінен тарқатты.

– Талғат Құрақбайұлы, жалпы биыл соңғы қоңырау салта­нат­ты шарасы қай күні өтеді және оны өткізуде қандай талаптар сақталады?
– Биылғы оқу жылы 23 мамырда аяқталады. Дәл осы күні «Мектебім, саған мың алғыс» тақырыбында білім ошақтарында салтанатты шара өте­ді. 18 маусым күні «Аттестат тапсыру» салтанатты шаралары да мектеп қабырғасында өткізіледі.
Жаңа сіз сұраған талаптарға кел­­сек, пе­­да­гогикалық этика және сыбай­лас жем­қорлықтың алдын алу мақ­­са­тында іс-шараны өткізуге ата-ана­лар­дан ақшалай қаражат жи­нау­­ға жол берілмейді. Сондай-ақ әкім­шілік және педагогикалық қызмет­­­­керлерге сыйлықтар алуға немесе беруге, іс-шараларды өткізуге ани­маторларды, мерекелік агент­тік­терді, жеке студия­ларды тар­туға тыйым салы­нады. Мек­­теп бітіру кешін сән-салтанатты өткі­зуге, яғни сыныпты безендіру, ме­­­­рекелік үстел­, сал­та­натты дастар­хан ұйымдас­тыруға бол­майды. Жалға бе­рі­летін автокө­ліктерді тарта оты­­рып, қала бойынша көшпелі экс­кур­сиялар өткізуге, мектеп бітіру іс-ша­расын мейрамханаларда, кафе­лер­­­де және басқа да ойын-сауық орын­­­­дарында ұйымдастыруға тыйым салынуда.
– Биылғы оқу жылында қанша бала білім алды? Оның қаншасы мектеп бітіреді? Олардың қан­шасы «Үздік аттестетқа» және «Алтын белгіге» үміткер?
– Бүгінде 20 мектепте 7012 оқу­шы білім алуда. Оларға 1 258 пе­дагог сабақ береді. Биылғы оқу жы­­лында 9 сыныпты 675 оқушы, 11 сы­ныпты 447 оқушы бітіреді. «Үздік ат­тес­татқа» 9 сыныптан 82 бала, 11 сыныптан 49 оқушы үміткер. «Алтын белгіге» 16 оқушы тілек білдіруде.
Жаңағы 447 түлектің 390-ы ма­мыр-шілде айлары аралығындағы ҰБТ-ға қатысады. Бұл жалпы түлек­тердің 87,2 пайызын құрайды. ҰБТ кезінде оқушылар қауіпсіздігі қатаң ба­қылауға алынып, талапқа сай өтуі үшін коммуналдық мекемелерге ар­найы хат жолданып, кезекшілік ұйымдастырылады.
– Жалпы былтырғы ҰБТ нәти­жесіне көңіліңіз тола ма?
– Биыл өткен жылға қарағанда мектеп бітірушілер санында өсім бар. Былтыр түлектердің басым көп­­шілігі ҰБТ-дан жоғары балл жи­нады. Орташа балл – 82,7. Былтыр мектеп бітірушілердің 74,4 пайызы мемлекеттік грантпен ЖОО-да білім игеруге мүмкіндік алды. Мен тек ЖОО-ға мемлекеттік грантпен оқуға түс­кендерді ғана айтып отырмын. Не­гізі былтыр түлектер 100 пайыз оқуға түсті. Жалпы өткен жылы мектеп бі­ті­ру­шілердің 94,4 пайызы ҰБТ-ға қатысты.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәти­жесі бойынша Жалағаш аудандар ара­сында 2 жыл бұрын төртінші орында еді. Былтыр үздік үштікті түйіндедік. Биылғы межеміз одан да жоғары болып отыр. Осы мақсатқа жету үшін әріптестерім тынымсыз еңбек етті. Алдағы уақытта нәтижесін көреміз.
– Енді бізде жыл сайын келетін балалардың жазғы демалыс уақы­тын тиімді өткізу міндеті тұр. Бұған қатысты қандай жоба­ла­рыңыз бар?
– Жаз айлары – оқушылар ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Ауданда 1-10 сыныптар аралығында 6 553 ба­ланы жазғы демалыс шараларымен қамту жоспарда бар. «Ол қалай жү­зеге асады?» деген сауалға келсек, жазғы демалыста сырткы лагерь жұ­мыстарын ұйымдастыру, мектеп жанын­дағы күндізгі тынығу лагерлерін ашу, облыс көлемiнде және облыс­тан тыс лагерьге балаларды жі­беру, қосымша білім беру үйір­ме­­леріне қам­ту, туристік саяхат, та­рихи-та­ным­дық экскурссиялар ұйым­дас­тыру жоспарда бар. Мұны біз міндетті оқу қоры, демеушілер ар­қылы және ата-аналар есебінен де жүзеге асырамыз.
Аудан орталығындағы «Ақтерек» сауықтыру лагерінің жобалық қуаты бір ауысымда 80 баланы қамтуға мүмкіндік береді. Лагерь аумағында жалпы 5 ғимарат орналасқан. Оның 4-еуі жатын орынға арналған ғимарат болса, мұнан бөлек 80 орын­дық ар­найы асханасы тағы бар. Со­ны­мен қатар ашық спорт алаңы, сырт­қы бас­сейн, мәдени іс-ша­ра­лар өте­тін орын бар. Осында жаз бойы 6 ауы­сыммен 452 баланы қам­туды жос­парлап отырмыз. Оның ішінде 402 бала міндетті оқу қоры есе­бінен, 50 бала кәсіподақ есебінен де­малады. Жолдама құны 35 мың тең­гені құрайды. Әр ауысым уақыты – 10 күн.
Биыл лагерге жәй жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Бұл мақсатта бюд­жеттен 5 млн 646 мың теңге бөлініп, қажетті заттар алын­ды. Со­нымен қатар былтыр 4 млн 910 теңге қаралып, Жала­ғаш ау­дандық санитарлық эпидемиологиялық ба­қылау басқармасының ес­­кер­тулері не­гізге алынып, қажетті заттар, яғни кереует, асхана жабдығы, төсекорын сында басқа да заттар алын­ды. Қазіргі таңда лагерь аума­ғына көркейту-көгалдандыру, са­нитар­лық тазалық жұмыстары ұйымдас­ты­­ры­луда. Лагерь аумағына дезин­фек­ция, дератизация жұмыстары арнайы мекеме арқылы жүргізіледі. СЭС ла­бора­ториясы арқылы өндірістік ба­қылау жүргізу үшін, атап айтқанда, су, топырақ, тамақ, жарық т.б сы­намалар алу үшін келісім-шартқа отырды. СЭС-тен санитариялық-эпи­демиологиялық қорытынды 16 ма­мырда алынды.
– Жалпы онда балалардың қауіпсіздігі толық сақтала ма?
Балалар қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аудандық полиция бөлімі қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік жасайды. Бала­лардың денсаулығын қадағалау және сауықтыру жұмыстарын жүр­гізуге ау­дандық орталық аурухана­дан жауап­ты бала дәрігері мен мейір­бикелер бөлініп, тәулік бойы қызмет жасайды. Лагерге жұмыс істейтін кадрлар мектеп қызметкерлерінен алынады. Тынығушыларға Оқушылар үйінің қол­өнер, бейнелеу өнері, роботех­ника, волейбол, ағылшын тілі сияқты басқа да үйірмелері жұмыс жа­сай­ды. Әрбір ауысымда аудандық мәдениет бөлімі тарапынан балалар кітапханасы жұмыс жасаса, спорт дене шынықтыру бөлімі, жастар ре­сурстык орталығы тарапынан ұлт­­­­тық ойындар, эстафеталық спорт­­­­тық, та­нымдық шаралар ұйымдас­­тыры­лады.
Мектеп жанындағы күндізгі ты­нығу лагерлерін ашуға келсек, 27 ма­мыр мен 20 маусым аралығында 20 мектепте 2 ауысымда 2250 бала ыстық тамақпен, 450 тамақсыз мектеп жанындағы тынығу лагері ұйым­­дастырылады. Мектеп жанын­да­ғы және қосымша білім беру жа­нындағы лагерлер түрлі бағытта жұ­мыс жасайды. Оған 3260 баланы қамту жоспарлануда.
«Еңбек» лагеріне 1500 бала қам­тылады. Жалпы бұл шаралар ша­руа қожалықтармен бірлесіп жү­зеге асы­рылады. Мұнан бөлек «Кә­сіптік бейімдеу» лагеріне 350, «Құ­қықтық кеңес» лагеріне 350, «Этноауыл» лагеріне 350, «Өнерлі мектеп» ла­геріне 350, «Көркем еңбек» лагеріне 360 бала қамтылады.
Облыс көлемiнде және облыстан тыс лагерге де балаларды жібереміз. Мәселен, биылғы маусымда Алматы қаласындағы «Тау-Жаңашар» рес­пу­б­ликалық лагеріне 50 бала (жол­дама құны – 170 мың теңге), Жаңа­қорған ауданы «Талдысу» облыстық лагеріне (жолдама құны – 35 мың теңге) демеушілер есебінен аз қам­тамасыз етілген отбасынан шыққан 100 баланы, «Қазақстан қоры» де­меушілігімен Шымкент қала­сын­дағы республикалық «Қуаныш» лагеріне 50 баланы (жолдама құны – 180 мың теңге) алып бару жоспарлануда. Та­нымдық экскурсияларға 129 баланы қамту жоспарланды. Бір сөзбен айт­қанда, 6 553 баланың жазғы дема­лыс шараларымен 90 пайызын қамту жоспарда бар.
Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалып­тастыруда негізгі міндет бізде. Бұл жауапкершіліктен мен де, әріп­тес­терім де қашпаймыз. Білімге қа­тысты бірінші жауапкершілік бізде бол­ғаннан кейін оларға берілетін білім сапасына да, оқушылардың бос уақы­тын тиімді ұйымдастыруға да басымдық береміз. Себебі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда мұ­ның барлығы маңызды рөл атқарады.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: