Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

31°C

, Сәрсенбі, 21 мамыр, 22:25

Жас палуандар топ жарған жарыс

21.05.2025

21

0

Жалағаш жері салауатты өмір салтын ұстанып, сол салада қажырлы еңбек етіп, ел спортына серпін берген тұлғаларға кенде емес. Солардың қатарында КСРО спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Болат Тасмаханұлының орны бөлек. Саналы ғұмырын ұлттық спортты дамытуға сарп еткен атпал азаматтың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары анық. Сондықтан біз ел дамуына еңбек еткен осындай азаматтардың тағылымға толы ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа дәріптеуге міндеттіміз.

Жалпы өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаңғыртуда жалағаштықтар жо­лынан жаңылған емес. Жуырда білікті бапкер Болат Тасмахан­ұлының есімін жерлестері ұлықтап, тағылым­­ды турнир өткізді. КСРО спорт ше­бері, республикаға еңбегі сіңген жат­тық­тырушы, Болат Тасмаханұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2013-2014 жылы туған кіші жасөс­пірімдер арасындағы облыстық тур­нир жоғары деңгейде өтті. Турнирдің ашылу салтанатында аудандық мәс­лихаттың төрағасы, халық қалаулысы Өмірзақ Елеусінов атпал азаматтың өмір жолына тоқталды, оның тек ауданның, аймақтың ғана емес, ел спортына серпін бергенін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінде аудан спорты алға басып, салада серпін қалыптасты. Бұл сөзімізге соңғы жылдары жас­тар­дың түрлі додаларда топ жаруы дәлел. Мұның бәрі бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес. Үлкен же­тістікте спорт саласында бұрын да қажырлы еңбек еткен атпал аза­мат­тардың қолтаңбасы бар. Болат Тасмаханұлы да осындай жандардың бірі еді. «Ол саналы ғұмырын тұ­тастай спорт саласына арнады» де­сек, артық айтқанымыз болмас. Әсіресе қазақ күресін дамытуда, жер­­гілікті жерден аталған спорт түрі­нен чемпиондар шығаруда білікті бап­кердің өзіндік орны бар және оны ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, сондықтан бүгінгі шараның үлкен мәні бар. Біз Болаттай азамат­тарымыздың еңбегін, өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа өсиет етіп, осын­дай тағылымды шаралар ұйым­дас­тыруымыз керек. Барлық қаты­сушыға тек сәттілік тілеймін. Осындай білікті бапкерлер бүгінгі жастардан қалыптасады, сондықтан спорт са­ла­сындағы ізденістеріңізге, жарыс жол­дарыңызда тек жеңіс тілеймін, – деді Өмірзақ Елеусінов.
Мұнан кейін спорт саласының ардагері Сұлтан Бекжанов, шәкірт­тері атынан Батыржан Шәйгөзов арда­гердің ел спортының дамуына қосқан үлесі жайлы өнегелі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ардагердің ағасы Базарбай Ержанов саналы ғұ­мы­­рын спортқа арнаған, бірнеше мем­ле­кет­тік марапаттың иесі Болат Ержановтың елжандылығын, сала­ның дамуына қосқан үлесін тілге тиек етіп, тағылымға толы ғұмырын жас­тар­ға өсиет етті.
Айта кетейік, Ержанов Болат Тасмаханұлы 1958 жылы Жалағаш кентінде дуниеге келген. 1965 жылы кенттегі 202 мектеп табалдырығын аттап, оқушы кезінен ауданда ба­лалар мен жасөспірімдер спорт мек­тебіне барып, жаттықтырушы К.Кө­беев­­тен тәжірибе жинады. 1975 жылы мектепті тәмамдаған Болат аға­мыз 1976-1978 жылдары әскер қа­та­рында болып, Отан алдындағы борышын өтеді. 1978 жылдан бастап Спорт мектебіне жаттықтырушы бо­лып қабылданған ол 1981-1986 жыл­дары аралығында Алматы дене мәде­ниеті институтының сырттай бөлімін бітірді. Аз уақытта спорт саласының дамуына мол үлес қосқан сала саңлағы қазақ күресінен аудан балаларын облыска, қалаберді республикалық жарыстарға шығарып, мықты спортшылар қалыптастырды.
Ол 1987-1991 жылдары аралы­ғында облыстың аға жаттықтырушысы болды. Осы уақытта облыстың жас палуандарын Алматы, Семей, Қа­ра­ғанды, Жамбыл, Жезқазған, Ақтөбе, Орал, Шымкент қалаларына жарысқа шығарып, олардың жеңіс жо­лын қалыптастырды. Садық Мұс­­та­фаев, Айтбек Сүндетбаев, Дана­бек Баймаханов, Өмір Теженов, Ми­рабек Оразбаев, Марат Рахметов, Б.Баетов, Болат Ноғаев, Батыржан Шайгөзов сынды талай додада топ жарған шәкірттері әлі де спорт сала­сында қажырлы еңбек етіп келеді.
Республикалық жарыстардан та­­­лай рет өзі де, шәкірттері де топ жар­­ған бапкердің еңбегі еленіп, бір­неше рет марапат төрінен көрінді. Ол еңбек жолында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамо­тасымен, облыстық білім және спорт басқармаларының «Құрмет» грамоталарымен, дипломдарымен мара­патталған. «Лениншіл жас» га­зе­тінің жүлдесі үшін күресіп, жеңіс тұғы­рынан көрінді. Білім және спорт саласынан 40-қа жуық грамота, дипломдармен марапатталды.
Жалпы аудан көлемінде белгілі спорт­шыларды тәрбиелеуде бапкер­дің еңбегі зор. Қазақша күрестен Кызылорда облысын республикаға танытқан таңдаулы спортшылардың бірі болды. Білікті бапкер, даңқты спортшы небәрі 33 жасында айықпас дертке шалдығып, 47 жасында дүниеден өтті. Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірді.
Облыстық турнирге Қызылорда қаласы мен аудандардан 200-ге жуық спортшы қатысып, жүл­делерді сарапқа салды. Жалпы қатысу­шылардың бұл додаға тыңғылықты дайын­дықпен келгенін аңғару қиын емес. Қазақ күресін еркін мең­герген жас палуандар турнирдің көркін қыз­дырды. Сайыс соңында жеңім­паздар арнайы дипломдармен, медалдармен марапатталды. Сондай-ақ жүлдегер 3 командаға кубок табысталды.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: