Елге қызмет етудегі басты мақсат – халықтың мұң-мұқтажын тыңдай отырып, соның шешілу жолын табу. Қай қызметтегі азамат болсын халықтың көкейіндегі мәселесін шешуге ықпал етіп, әлеуметтің әлеуетін көтеруге жұмыс жасауы тиіс. Қоғамдағы түйіткілді мәселені көтеріп, ауыл тұрғындарының ойындағысын тыңдай алсаң және оның тиімді шешілуіне үлес қоссаң, халық сол тірлікті лайық бағалайды.
Осы орайда «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова бастаған партия филиалы жанындағы мобильді топ өкілдері ауданға қарасты Аққыр және Жаңаталап ауылдарында қоғамдық қабылдау өткізді.
Онда ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдап, қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, партия тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар төңірегінде кеңінен ақпарат берді.
Қос ауылда өткен мобильді қабылдауға 30-ға жуық азамат келіп, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Аққыр ауылдық округінде өткен қабылдау барысында ауыл тұрғындары кәсіппен айналысуға, қайтарымсыз несие, «Дипломмен ауылға» және «Ауыл аманаты» жобасы төңірегінде, сонымен қатар ауылға жаңа клуб салу, аяқсу мәселесін алға тартты. Мәселен, ауыл тұрғыны Нұрсейіт Болтаев «ауылға аяқсу келсе, тұрғындар бау-бақша егіп, өнімін алар еді» дейді.
– Жаз келсе, жаңадариялықтардың тірлігі – бау-бақша баптау. Жылда қауын-қарбыз, асқабақ, картоп егеміз. Бірақ соңғы жылдары аяқсудан мәселе туындап жүргені жасырын емес. Жалпы ауылға су «Жаңадария» арнасынан бастау алатын ұзындығы 29 шақырымды құрайтын «Қышбөгет» каналы арқылы келеді. Аяқсу ауылда 1 мамыр мен 20 маусым аралығында ғана болады. Су тапшылығынан бау-бақша егу де қиын. Аяқсу мәселесі шешілсе, ауыл тұрғындары егін егіп, қажетті өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ететін еді, – дейді Нұрсейіт Болтаев.
Мәселе жақын уақытта шешімін таппақ, өйткені бұл жергілікті әкімдіктің де, партияның да назарында. Бұл мәселені жою үшін қазіргі таңда жалпы құны 560 млн теңге болатын ұзындығы 8 шақырым «Аққыр» каналын қазу бойынша облыстық табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан тиісті министрлікке қаржысын шешу бойынша ұсыныс беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жаңаталап ауылында өткен қабылдау барысында тұрғындар ауылдың солтүстік беткейіндегі коллекторларды кесіп өтетін көпірлердің құрылысына жөндеу жұмыстарын жүргізу, мал жайылымы, аяқсу, ауылға клуб салу мәселелерін көтерді.
Ауыл тұрғыны Тоқтаркүл Тұрмаханова біраз жылдан бері ауылдық клубта қарауыл болып жұмыс істейді. Мәдениет ошағының іргетасы 1960 жылдары қаланған. Ол ауыл клубы апаттық жағдайда болғандықтан азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, тозығы жеткен клуб орнына жаңа мәдениет ошағы салынса деген өтінішін білдірді.
Мәселеге қатысты мобильді топ мүшесі, аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов жауап берді. Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, Жаңаталап ауылына жалпы құны 460 млн теңгені құрайтын 100 орындық жаңа клубтың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қаржыландыру бойынша өтінім тапсырылған.
Мобильді топ өкілдері ауыл тұрғындары көтерген апаттық жағдайдағы ауылдық клубтың жай-күйімен танысты. Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова тұрғындарға көтерілген мәселелер партиялық бақылауға алынып, нақты шешімін табатынын жеткізді.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!