Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Күн тәртібінде 2024-2025 оқу жылының аяқталуы, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Аудан әкімі жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын сапалы әрі қауіпсіз өткізу бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
– Оқу жылы аяқталып, оқушылардың жазғы демалысының басталуына да санаулы күндер қалды. Сондықтан бұл кезеңге тыңғылықты дайындық қажет. Әрбір бала демалыс уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуі тиіс. Сол үшін барлық жауапты сала басшылары берілген тапсырмаларға сәйкес нақты жұмыстарды атқаруы керек, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте «Ақтерек» сауықтыру лагерінің аумағында шыбын-шіркей және зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу, тәрбие мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудару, үйірме мен спорттық секциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар ұйымдастыру тапсырылды.
Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектерге қатысты қауіпсіздік шаралары нақтыланды. Бұған дейін мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Осыған орай түлектердің автокөлік кортеждерін ұйымдастыруға жол бермеу мақсатында нақты шаралар қабылданды.
Айта кетейік, бүгінге дейін 20 мектепте 7012 оқушы білім алды. Биылғы оқу жылында 9 сыныпты 675 оқушы, 11 сыныпты 447 оқушы бітірді. «Үздік аттестатқа» 9 сыныптан үміткерлер саны – 82, 11 сыныптан – 49 оқушы. «Алтын белгіге» үміткер оқушы саны – 16.
Күн тәртібіндегі қосымша мәселеге сәйкес, су айдындарында шомылу қауіпсіздігі бойынша рейд жұмыстарын күшейту және бақылауды қатаңдату тапсырылды.
Е.ӘНУАРҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!