Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Жұма, 20 маусым, 04:20

Бас мүфтиді Майғазиевтің тойына барды деп сынағандарға діни басқарма жауап берді

19.06.2025

17

0

Сәкен Майғазиевтың ұлының тойында төрде отырып, бата берген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көпшіліктің сынына қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас мүфтидің бата берген бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылары Наурызбай қажының бұл әрекетіне наразылық білдірді.

Қоғамның пікірінше, бес бала ажал құшып, жеткіншек аяқсыз қалып жатқанда бой көрсетпеген Бас мүфти той тойламау керек. Бұл қоғам белсенділері мен журналистердің де көңіліне кірбің салды.

Ал журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желіде жазба жариялады.

«Батыс Қазақстанда бес бала өртеніп өлгенде жаназаларына бармаған, Ақтауда ұшақ апатқа ұшырағанда құран бағыштамаған, Астанада автобус апатынан шынашақтай қыз екі аяғынан айырылғанда жүрегі сыздамаған Бас мүфти бүгін Сәкен Майғазиевтің ұлының тойында бата беріп жүр. Той дегенде қу бас домалайды деген рас-ау?!» — деп пікір қалдырды.

Бұл жағдайға қатысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз қызметкері Ағабек Қонарбай имамның қайғыдан қалыс қалып жатпаған айтып, әлеуметтік желіде ресми түрде жауап берді.

«Имамдар онсыз да қайғының бел ортасында жүреді. Міндеті. Бірақ оны ешкімге міндетсімейді. Бес бүлдіршіннің қазасына бәріміздің ет жүрегіміз езілді…

Қос аяғынан айырылған қыздың да тағдырына қатты алаңдадық. Діни басқарма бұл оқиғалардан тағы да тыс қалған жоқ», – дейді ол.

Қонарбайдың айтуынша, мүфтият жақсылықты ешкімге білдірмей жасап жатыр.

«Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жатыр. Өмір тек қайғыдан тұрмайды. Бас мүфтидің қаралы жиында ғана емес, қуанышты басқосуларда да төбе көрсетіп, бата беруі орынды іс!», – деп жазба қалдырды ол.

Айта кетейік, Наурызбай қажы Тағанұлы барған Сәкен Майғазиевтің атышулы тойы халықтың наразылығын тудырды. Ақылы онлайн тойдың дақпырты әлі басылған жоқ. Тойдан түскен қаржы халыққа жұмсалады деген ақпарат тарағанымен, Майғазиевтің ел алдындағы мәртебесі көтерілмей тұр. Тіпті салық комитеті салық төлеуді талап етпек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: