Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Жұма, 27 маусым, 22:27

Су шаруашылығының мәселелері талқыланды

27.06.2025

16

0

Бүгін ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың қатысуымен өңірдегі су шаруашылығының мәселелері талқыланған жиын өтті. Оған жауапты сала, құқық қорғау органдарының басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.

Министр су шаруашылығының қазіргі жағдайына орай қолға алынған жұмыстарды атап өтті.

«Ғаламдық климат өзгерісіне байланысты су көлемі жыл өткен сайын азайып барады. Бұл орайда су пайдаланудың жаңа мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Заңсыз су алу әрекеттерінің жолын кесу үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысты күшейту керек. Биылғы вегетациялық кезеңде егістікті қажетті суармалы сумен қамтамасыз ету өзекті. Көктемде ауа райы қалыптан тыс жылы болып, вегетациялық кезең ерте басталды. Бүгінде су тапшылығы орын алуда.

Әріптестер, берілген суды ысырапсыз пайдалануға, бекітілген кестеге сәйкес дақылдарды кезекпен суаруға, ауыспалы егіс тәртібін сақтауға қатаң бақылау орнатуымыз керек», – деді Н.Нұржігітов.

Жиында 10 маусымнан қолданысқа енгізілген жаңа Су кодексінің талаптары мен нормаларын іске асыру жолдары түсіндірілді.

Егілген дақылдардың қазіргі жағдайы туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, вегетациялық кезеңде атқарылған жұмыстар жайында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының директоры Роллан Ахметов баяндады.

Жиында Су ресурстары және ирригация министрлігі құрған заңсыз су алуды анықтау мақсатындағы мониторингтік топтың жұмыс қорытындылары, бассейндік су инспекциялары мен «Қазсушар» РМК-ның судың «қара нарығына» қарсы іс-қимыл бойынша қадамдық алгоритмі туралы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Темірлан Абдықұлов, комитет төрағасы Сейілбек Нұрымбетов сөз сөйледі.

Суару науқаны басталғаннан бері Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы Сырдария өзенінен 1,9 млрд. текше метр су алып, тұтынушыларға 1,5 млрд. текше метрін нақты жеткізіп берді.

Әзірленген су пайдалану жоспарына сәйкес су көзінен магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы секундына 429 текше метр су алынуы қажет болса, нақты секундына 370 текше метр су алынуда. Су тапшылығы жағдайында егілген егісті шығынсыз алып шығу үшін министрліктің қолдауымен, облыс әкімдігімен бірлескен іс-шаралар қолға алынды. Инспекция мамандары рұқсат құжатын рәсімдеу тәртібі, заң бұзушылыққа жауапкершілік жөнінде жадынама әзірлеп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Биыл облыста 189 585 гектар жерге егін егілді.

Оның, 93 136 гектары – дәндi дақылдар, 5 714 гектары – майлы дақылдар, 73 285 гектары – мал азықтық дақылдар және 17 450 гектары – картоп, көкөнiс, бақша.

Өңірде су үнемдеу технологиялары кеңінен пайдаланылуда. Бүгінде 180 насос қондырғысы жұмыс істеп тұр, әлі де 165 насос қажет. Лазерлік тегістелген күріш алқаптарының көлемі 60 мың гектарға ұлғайды. Ал, су үнемдеу технологиялары пайдаланылған жер 8 100 гектарға жеткізіледі.

Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд. 900 млн. текше метр су лимиті бекітіліп, қала, аудандар бойынша бөлініс белгіленді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: