Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға сол жағалаудан салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін табыстады.
Салтанатты рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, өңірдегі ауқымды жобаларға тоқталды.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өтті. Бұл мақсатта ауқымды жұмыс атқарылуда. Соңғы үш жылда облысымызда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн. 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 4 мыңға жуық пәтер, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға пәтерлер сатып алынып, 9 мыңға жуық отбасы үйлі болды.
Биыл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Мерейлі жыл аясында сәулеті келіскен әсем де замануи ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне айналуда. Бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 50 млрд. теңге бөлініп, 2 765 пәтер табысталады. Бүгін осы жұмыстардың нәтижесі мен қуанышты сәтіне өздеріңізбен бірге жетудеміз. Бұл – мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін ерекше күн! Баспаналы болу ата-ананы да, балаларды да жақсылыққа жетелейді. Жаңа қоныстарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сенат депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы, Мәжіліс депутаты Мұрат Абдуламитұлы құттықтау сөз сөйледі.
Айта кету керек, облыста Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Президенттің Катар еліне жұмыс сапары аясындағы үкіметаралық келісімге сәйкес, қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.
Бүгінде Қызылорда қаласының көпқабатты тұрғын үйлеріне ыстық су қосылуда. Алдағы жылу беру маусымында пәтерлер ыстық сумен қамтамасыз етіліп, жыл соңына дейін газдандыру деңгейі 83 пайызға жеткізіледі.
2023-2025 жылдары 1 232 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді, 18 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуге 121 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыз болды. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді.






Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!