«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында Сарыарқа ауданында кезекті жеңіл атлетикалық жүгіру іс-шарасы өтті. Осы жолғы басты ерекшелігі – қатысушылар жаңа маршрут бойынша бақтарын сынады, деп жазады Egemen.kz.
4 шақырымдық қашықтыққа жалғасқан жүгіріс Арбаттағы Кенесары хан ескерткішінің алдынан басталып, Ырыскелді қажы мешітінің жанында мәресіне жетті.
Қала әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша қатысушылар әсерлерімен бөлісіп, разы болып жатыр. Жүгіруден жарыс жиі ұйымдастырылса да медальдар үнемі жаңартылып тұрады, бұның өзі қосымша эмоция беретіндігі сөзсіз.
«Жүгірістің арқасында қала тұрғындары демалыстың таңын спортпен бастауды әдетке айналдырып келеді. Қазірдің өзінде отбасымен бірге толықтай қатысатындардың саны артып жатқаны анық байқалады. Елордамызда жүгіру мен велошеруден өзге бұқаралық спорттың да түрін өткізуге атсалысып жатырмыз», деді Е.Өсербай.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша жарысқа 1000-ға жуық әуесқой жүгіруші қатысып, 9:00-де 4 шақырымдық қашықтықты бастап кетті.
«10 жылдан астам уақыт бойы жүгіріп келемін. Бүгінде жүгіру әдет болып кетті. Салауатты өмір салтын өзім арқылы насихаттағанның арқасында өзге таныстарым да осы жолды таңдады», деді жарысқа қатысушы Жансұлтан Қалдаров.
Бұқаралық жүгірістің соңында әдеттегідей қатысушылардың арасында велосипед ойнатылып, естелік медаль берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!