Соңғы жылдары Жалағаш жолдары жаңарып қалды. Әсіресе шалғай елді мекендердің жол сапасына айтарлықтай мән берілді. Тіпті ауыл мен ауылды жалғайтын жолдар, елді мекендердегі ішкі көшелер жөндеуден өтіп, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері оң шешімін табуда.
Былтырдың өзінде аудандағы жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу бойынша 5 жобаға қазынадан 1 млрд 293 млн теңге қаржы бөлінген. Нақтырақ тоқталсақ, Бұқарбай батыр, Аққұм, Есет батыр ауылдарының 17 көшесіне және М.Шәменов ауылының кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеу, Таң ауылындағы екі пәтерлі 10 тұрғын үйге кірме автомобиль жолын салу жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімінің халықпен кездесулерінде кент тұрғындары кейбір көше, жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтатын. Азаматтардың талап-тілегін, ұсынысын тыңдап қана қоймай, мәселені шешу жолын іс жүзінде орындайтын жергілікті билік биыл аудан орталығындағы бірқатар жолды жөндеу жұмыстарын қолға алған. Бүгінде қызу жұмыс жүруде.
Нақтырақ айтсақ, биыл кент бойынша 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның жалпы құны – 678,7 млн теңге. Қазіргі уақытта А.Байсопақов және С.Сейфуллин көшелерінде асфальт төсеу жұмыстары жүруде. Сондай-ақ М.Мәметова, Ә.Молдағұлова көшелеріне де асфальт жаю жұмыстары басталды.
Құрылыс жұмыстарын өзінің жеке бақылауына алған аудан әкімі Ардақ Ибраимов Дәуімбай елді мекеніндегі А.Байсопақов пен С.Сейфуллин көшелерінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысып, жауаптыларға құрылыс сапасына ерекше мән беруді және жұмысты белгіленген талаптарға сай орындауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар жөнделген көшелердің ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін оларды күтіп-ұстау бағытында кент әкіміне бірқатар міндет жүктеді.
Кенттен бөлек Мөрәлі Шәменов ауылындағы Жамбыл, Ердүзелова көшелерінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 69 млн теңге қаралған. Бүгінгі таңда көшелерге асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, жол белгілерін орнату және жолақтарын сызу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ жоба құны 518,3 млн теңгені құрайтын Қаракеткен және Далдабай ауылдарындағы автомобиль жолдарын күрделі жөндеу үшін биыл 165,3 млн теңге қаралған. Жоба 2026 жылға өтпелі. Қазіргі таңда бөлінген қаржы шегінде Далдабай елді мекеніндегі 7 көшеге құм аралас тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Нұрлы Тау ЛТД» ЖШС. Техникалық қадағалаушы – «СК Капитал» ЖШС. Авторлық қадағалаушы – «ПРОИНСЕТ» ЖШС. Жалпы екі жылда Қаракеткен мен Далдабайда 16 көшенің сапасы жақсармақ.
Соңғы жылдары Жалағаштың шалғай ауылдарында жол құрылысы қарқын алғанын айтқан болатынбыз. Сөзімізге дәлел, жоба құны 486,5 млн теңгені құрайтын Аққыр елді мекеніндегі Ы.Ақмырзаев, Ш.Есов, М.Ахметов, Аққыр, Н.Тәспенов көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарын бастау мақсатында облыстық бюджеттен 180,5 млн теңге қаралып, бүгінде бөлінген қаржы шегінде Аққыр, Таспенов көшелеріне асфльт төселіп, жол жиегіне құм аралас тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2026 жылға өтпелі. Мердігер мекеме – «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС. Техникалық қадағалаушы – «СК Капитал» ЖШС. Авторлық қадағалаушы – «ТМ Проект Строй» ЖШС.
Еңбек ауылындағы 3 көшеге, яғни Т.Дәуітбаев, Абай, М.Байділдаев көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына биыл 63,8 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттарға түзетулер енгізілуде. Жобалау-сметалық құжаттарға түзетулер енгізілгеннен кейін орташа жөндеу жұмыстары басталмақ. Мердігер мекеме – «Орда Автодор» ЖШС.
Міне, ауданда тындырымды тірлік, жүйелі жұмыс бар. Халықтың бірлігі, сөз бен істің жарасым табуы, елдің ынтымағы жарқын жобаларға бастау алған.
Ж.АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!