Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда салық базасын ұлғайту, елді мекендерді көркейту-көгалдандыру жұмыстары және қосымша бірқатар мәселе қаралды.
– Елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы – әрбір әкімнің тікелей жауапкершілігі. Сондықтан әрбір ауыл әкімі өзіне сеніп тапсырылған аумақтың санитарлық тазалығы мен абаттандырылуын үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Бұл – науқандық шаруа емес, күнделікті, жүйелі түрде жүргізілуі керек, – деді аудан басшысы Ардақ Ибраимов.
Көркейту-көгалдандыру бағытында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ауылдық округтердегі атқарылған жұмыстар мен биыл егілген ағаштар есебі және олардың шығымы туралы баяндалды. Сонымен қатар аудан басшысы елді мекен аумақтарында абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді бүлдіру, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау фактілері бойынша рейдтік жұмыстар ұйымдастыруды тапсырды.
Мұнан бөлек мәжілісте тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің санын арттыру, салық базасын ұлғайту және көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы да қаралды.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі күн тәртібінде көтерілген мәселелерге орай тиісті сала басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!