Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

17°C

, Сейсенбі, 16 қыркүйек, 17:30

Өнегелі отбасы – мемлекет тірегі

16.09.2025

14

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында отбасы күніне арналған тағылымды шара өтті. Мерекелік кездесуді аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жүргізді. «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің тірегі» атты бұл басқосу қоғамдағы отбасы институтын дәріптеу, ата-ана мәртебесін биіктету және жас ұрпаққа өнегелі тәлім беру мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, «Мерейлі от­ба­сы – 2025» ұлттық байқауының жеңім­паздары, сондай-ақ «Алтын той», «Күміс той» иелері мен көпбалалы аналар қатыс­ты.
– Біздің халқымыз үшін де отбасы құндылықтары – қасиетті ұғым, қастер­лі құндылық. Адам баласына беріле­тін тәрбиенің ең негізі отбасында қалып­тасады. Ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың, ізеттілік пен ибаның бастау бұлағы да – отбасы. Тірлігі тын­ды­рымды, береке-бірлігі көпке үлгі жа­ла­ғаштықтар қай кезде де отбасы тәр­биесіне, ұлттық құндылықтарды дә­ріп­теуге ерекше мән беріп келеді. Ау­данымызда өмірге ұрпақ әкеліп, олар­ды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге бо­лып жүрген алтынқұрсақты батыр ана­ларымыз – отбасының ұйытқысы, ал­тын діңгегі. Аналарымыздың алды он се­гіз құрсақ көтеріп, балаларын Отанды сүюге, ел үшін еңбек етуге, отбасын құрметтеуге тәр­биелеуде, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Әрбір отбасы – елдің іргетасы, бе­реке мен бірліктің бастауы екенін атап өткен Ғани Сүлейменов отбасының қо­ғамдағы орны мен құндылығы жайлы айтып, мерейлі отбасыларға аудан әкі­мінің алғыс хатын табыстап, сый-құрмет көрсетті. Бұл марапат – отбасы құндылығын дәріптеп, жас буынға өнеге болсын деген ізгі ниеттің белгісі.
Мықты отбасы – мықты мемлекеттің ке­пілі десек, «Мерейлі отбасы» ұлт­тық конкурсы бүгінде ұрпақтар сабақтас­тығын жалғастырып, ұлтымыздың ұлы қасиеттерін әйгілейтін жоғары дең­гей­дегі байқауға айналды. Биыл мау­сым айында аудандық «Мерейлі отба­сы» ұлттық конкурсына ұсынылған 31 от­басының барлық құжаты қаралып, комис­сия мүшелерінің талқылау қоры­тындысы бойынша 2 отбасының құжаты облыстық кезеңге ұсынылды. Былтыр дәл осы байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Мақпалкөл ауыл­дық округінен Бектаевтар отба­сы бас жүлде иеленіп, байқаудың респуб­ликалық кезеңінен де үздік деп танылып, лауреат атанған болатын. Кешегі өткен ша­рада төбе көрсеткен Бектаевтар от­ба­сының анасы Сәнімкүл Әшірбекова тұрғындарды отбасы күнімен құттықтап, шараның маңызына тоқталды.
Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Отбасы­ның басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Ба­ланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі отбасының ық­палы зор. Отбасы тату болуы үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның бойында болуы керек. Осындай игі шара арқылы әр отбасының ынты­ма­ғын арттыруға үлес қосқан ұйымдастырушы­ларға алғыс айтамын, – деді еңбек ардагері Сәнімкүл Әшірбекова.
Айта кетейік, еңбек ардагерлері Төлеміс Бектаев ақсақал мен Сәнімкүл Әшір­бекова әжеміздің шаңырағынан 11 перзент, 43 немере, өрбіген. Ауыл ша­руашылығы саласындағы ұзақ жыл­ғы ерен еңбегі үшін Жалағаш ауда­нының құрметті азаматы атанған Тө­леміс ақ­сақал «Ерен еңбегі үшін», «Ең­бек ар­дагері» медальдарымен ма­ра­пат­тал­ған. Батыр ана Сәнімкүл Әшір­бе­кова қажырлы еңбегі үшін «Халықтар дос­тығы» орденін иеленген.
Отағасы Төлеміс Бектаев – тыл ардагері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы. Еңбек жолын 1956 жылы Мақ­палкөл ауылында егінші болып бастаған ол аудан орталығындағы қазіргі индус­триалды-аграрлық колледжде ме­ха­ни­затор мамандығы бойынша бі­лім ал­ған. 1990 жылға дейін ауданның ауыл шаруа­шылығы саласында механизатор болып жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Төлеміс Бектаевтың еселі ең­бегі еленіп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1991 жылы Қазақ СССР-ның Жоғары кеңесінің Жарлығымен «Еңбек ардагері» мерекелік медалімен, 2007 жылы «Қызылорда облысына – 70 жыл» және «Ұлы Жеңістің – 60, 65, 70 жылдық медальдарымен марапатталған.
Ақжаулықты ана Сәнімкүл Әшірбе­кова – еңбек ардагері, «Алтын алқа» ие­гері. 1955 жылы орта мектепті бітір­ген ол ауыл шаруашылығы сала­сын­да кү­рішші болып еңбек етті. 1987 жы­­лы зейнеткерлікке шыққанға дейін үз­діксіз жұмыс жасады. 7 қыз, 4 ұл тәр­биелеп өсірген ана 1974 жылы «Ба­тыр ана» атағын алған. Оның егін шаруа­шылығындағы еселі еңбегі бағаланып, 1980 жылы «Халықтар достығы» орде­німен марапатталған.
Төлеміс Бектаев пен Сәнімкүл Әшір­­бековадан тараған балалардың алды зейнеткерлікке шығып, 5 бала­дан 16 не­мере, 1 шөбере сүйіп отыр­са, кен­же­­сі – 4 бала тәрбиелеп отыр­ған ар­дақты әке. Барлығы жоғары білімді, түр­­лі салада қызмет етіп, ел эконо­мика­сының да­муы­на еңбек етуде.
Мерекелік шараға «Ме­рей­лі отба­сы – 2023» ұлттық конкурсының аудан­дық кезеңінде ІІІ орын иеленген Алдабер­геновтер отбасы да қатысты. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұ­рып қағидаларын ұстана отырып, өне­­гелі құндылықтарды, елжандылық қа­­сиет­терді балаларының бойына да­ры­тып келе жатқан үлгілі отбасы – бүгінде 5 баладан 18 немере өрбіткен өнегелі әулет. Қоғам ісіне белсене ара­ласып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отыр­ған, өмір жолын өне­ге­мен өрген Алдабергеновтер әулеті – көп­ке үлгі.
Ұрпақтарын еңбекке баулып, төзім мен бірлікке үндеген мерейлі отбасының ақсақалы Марат Алдабергенов саналы ғұмырында елге елеулі қызмет етіп келеді. Ол еңбек жолын механизатордан бастап, бригада есепшісі, өндіріс бри­гадирі, прораб, агроном, гидро­тех­ник, совхоз директордың орынба­сары қыз­­меттерін мінсіз атқарған. Қазіргі таң­да аудандық әкелер кеңесінің төра­ғасы. Ал бұл отбасының асыл анасы Зибаш Кулетова зейнет жасына дейін ауылдағы балабақшада тәрбиеші қыз­метін абы­рой­мен атқарған. Одан бөлек Ақсу совхо­зын­да қарапйым жұмысшы болған. Ол 1995 жылдан бастап кәсіпкерлікке бет бұрған. Бүгінде зейнетке шықса да ұлттық музыканы дәріптеп, ескі ән­дер­ді келер ұрпаққа жеткізіп, мәні мен мағынасы терең әндердің ұмытылып қалмай, сахнада шырқалуына өз сеп­тігін тигізіп жүр. Ақсулық «Асыл әже­лер» ансамбльінің белді мүшесі. Ата-анасының жас күнінен еткен еңбек жолын жалғаған балалары да бүгінде белді кәсіпкерлер. Олар аудандағы кә­сіп­керлік саласының өркендеуіне өзін­­дік үлесін қосып, кәсіптерінің көк­жие­гін кеңейтуде. Үлкенге ізет, кішіге құр­мет кө­рсету – қазақ тәрбиесінің алтын дің­гегі екенін естен шығармаған Алда­бер­­геновтер отбасы үнемі немерелеріне ақыл айтып, бағдаршам іспетті дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Отбасы құнды­лығын ұлықтап, өмір жолын өнеге­мен өрген отбасы қашанда жастарға үлгі-өнеге бола бермек.
Айта кетейік, қазір ауданда 1 516 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде «Алтын алқа» иегерлері – 333, «Күміс ал­қа» – 572, Батыр ана – 29 және «Ана даң­қы» орденімен марапатталған ана­ла­рымыздың саны – 33.
Отбасы күні – ел болашағын айшық­тайтын, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, әр шаңыраққа шаттық сыйлайтын ме­реке. Бұл жиын берекелі отбасының қо­ғам­дағы орнын айшықтап, ұлттық дәс­түр мен құндылықты ұлықтаған жар­­қын іс-шара болды. Шара соңы ау­дан өнер­паз­дарының мерекелік ән-ша­шуы­мен қорытындыланды.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: