Отбасы күніне орай аудандық «Руханият» орталығының неке қию залында мерекелік шара өтті. Басқосуда «Алтын той» және «Күміс той» иегерлеріне арнайы неке куәліктері табысталды. Бұл игі рәсім – ұрпаққа өнегелі тәлім, отбасы институтының мәртебесін биіктететін тағылымды дәстүрдің көрінісі болды.
Куәлік табыстау рәсіміне дейін мерейлі отбасылар ауданымызда жаңадан бой көтерген «Руханият» орталығын аралап, рухани-мәдени кеңістіктің тыныс-тіршілігімен танысты. Салтанатты шараға аудандық аналар кеңесі, әйелдер кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшелері қатысты.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы, адам баласының өсіп-өніп қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді отбасындағы тәрбиеден жинайтыны даусыз. Бүгінде ауданда өнегесімен көпке үлгі болып, өсіп-өніп, саялы бәйтерекке айналған отбасылар көп. Олардың осындай күнге жетуіне қазыналы қарттардың қажыр-қайраты,пайым-парасатының үлесі зор. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, бүгінгі жас ұрпақ та отбасы деген қасиетті мекеннің қадірін қашырмауға тырысып келеді. Ұлттың ұлт болып қалыптасып, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі ең алдымен отбасы тәрбиесіне байланысты.
«Алтын той» иелері – жарты ғасыр бойы тату-тәтті ғұмыр кешкен ардақты ата-аналар, «Күміс той» иелері – ширек ғасыр бойы бірге өмір сүріп, елге үлгілі шаңырақ иелері. Шараға 3 «Алтын той», 2 «Күміс той» иелері қатысты.
Солардың бірі – кент тұрғыны Бақытбек Каипов пен Үрзада Ысқақова. Олар – 3 бала тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отырған өнегелі әулет. Отағасы Бақытбек ағай зейнет жасына дейін көлік жүргізушісі болып тынымсыз еңбек етсе, отанасы – денсаулық сақтау саласының ардагері.
Сондай-ақ шараға отбасы құндылығын сақтап, тамырын тереңге жайған, іргелі әулет, Аққыр ауылының тұрғындары Маханбетжановтар да қатысты. Жетіру Маханбетжанов – ауыл шаруашылығы саласының ардагері. Ал Ақзада Баймұратова – ауыл әкімі аппаратында техникалық қызметкер болып зейнетке шыққан. Отасқандарына жарты ғасыр болған Жетіру ағай мен Маржан апай бүгінде 4 бала тәрбиелеп, олардан 12 немере, 1 шөбере сүйіп, қызығын көріп отыр.
– Атаңмен отасқалы 50 жыл болса да, әлі күнге бір-біріміздің көңілімізге қарап, сыйластықпен тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. 4 баланы өмірге әкеліп, олардың қызығын теңдей көріп келеміз. Немере сүйіп, шөберенің қолынан май жаладық. Бақыт – байлықта да, билікте де емес. Нағыз бақыт – біз үшін балаларымыздың амандлығы. Олар ер жетіп, өз шаңырағының түтінін түтетіп жүрсе де ата-ана үшін бала болып қала береді. «Бала өскенше, немере өлгенше» демекші, балаларымызбен қатар немере-шөберелерімізге де алаңдап, Алладан амандығын тілеп отырамыз, – дейді «Алтын той» иелері.
Ал Қаракеткен ауылынан келген Бимұрзаевтар әулетінің отағасы Бұхарбай Бимұрзаев – ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан ардагер, отанасы Дәметкен Көшербаева – білім саласының ардагері. Отбасында 4 бала тәрбиелеп, 9 немере сүйіп отырған өнегелі әулет.
Бірлігі мен берекесі жарасып, отау құрғанына 25 жыл толған «Күміс той» иелері Заур Әлмұрзаев пен Роя Усаева бүгінде мал шаруашылығын дамытып, жеке кәсіппен айналып келеді. Отбасында 3 бала тәрбиелеп отырған олардың отбасындағы жылулығы мен кәсіпке деген ынтасы – көпке үлгі.
Ал Бұқарбай батыр ауылының тұрғындары Сәрсенбаевтар отбасының отағасы Мирамбек ауылдағы «Байтабын» шаруашылығында механизатор болып жұмыс жасайды. Ауыл шаруашылығының егін саласында аянбай еңбек етіп, өңіріміздің экономикалық жағдайына өз ықпалын тигізуде. Жұбайы Перизат Жұмабайқызы 2004 жылдан бастап ауыл емханасында жалпы тәжірибелі медбике болып халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Олар отбасында 5 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған.
Оларға табыс етілген неке куәлігі отбасы құндылығын дәріптеп, қоғамдағы мәртебесін арттырудың ерекше белгісі іспетті. Кездесу соңында отбасы құндылықтарын ұлықтайтын жүрекжарды тілектер айтылып, қатысушылар естелік суретке түсті.
Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып қағидаларын ұстана отырып, өнегелі құндылықтарды, елжандылық қасиеттерді балаларының бойына дарытып келе жатқан шаңырақ иелеріне арналған салтанатты жиын – отбасы құндылығын насихаттап, қоғамдағы бірлік пен берекенің бастауы мықты шаңырақ екенін айшықтай түсті.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!