Елорда төрінде Қызылорда облысы тауарөндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 50 жүк көлігіне тиелген 60-қа жуық тауарөндірушінің құны 200 млн теңге болатын 500 тоннаға жуық өнімі жеткізілді.
Таң атысымен Сыр топырағында күтіп-бапталған сапалы өнімдерді сатып алуға асыққандар қатарында Астана тұрғыны Гүлжан Өмірзақова да бар. Ол жыл сайын ұйымдастыратын қызылордалықтардың жәрмеңкесінен қалмайтынын айтады. Сөзінше, жәрмеңкедегі өнім сапалы әрі бағасы да қалтаға қонымды көрінеді. Өткен жылғы жәрмеңкеде балық пен басқа да бақша өнімдерін молынан алған бас қала тұрғыны биыл күріш пен бақша дақылдарын саудалауға келіпті. Бір қызығы, Гүлжан Өмірзақованың өзі де бұрын Қызылорда облысында дүниеге келген.
– «Алғашқы астанадан бүгінгі бас қалаға ауыл шаруашылығы өнімдері жетті» дегенді естіп, осында асықтық. Биыл нешінші жыл екені есімде жоқ, әйтеуір жыл сайын қызылордалықтар ұйымдастыратын жәрмеңкеден қалмаймыз. Мұнда Аралдың балығы, Жалағаштың күріші, Шиелінің бақша дақылдары, Жаңақорғанның қарбызы, не керек, жаныңа керектің барлығы осы жерден табылады. Жаңа Жалағаштың күрішінен 3 қап алдық, бағасы да арзан. Жалпы Сырдан жеткен күрішті жыл сайын сатып аламыз, тіпті тұрақты тұтынушысымыз десек те болады. Енді жылдағыдай картоп, сәбіз және басқа да бақша дақылдары мен Аралдың балығын аламыз. Әдеттегідей сауда жасамас бұрын алдымен барлығын аралап, бағаларымен танысып шықтым. Мұндағы өнімдер сапалы, арзан болғасын елордалықтар осында асығады. Биыл да баға көтерілмеген, мұнда ауыл шаруашылығы тауарын алуға келген адамның қатары көп болу себебі де сондықтан. Қызылордалықтарға осындай молшылық мерексіндегі тартуы үшін алғыс білдіремін, – дейді Гүлжан Рүстемқызы.
Айта кетейік, Астанадағы 2 күнге жалғасқан жәрмеңкеге 200 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет, 20 тоннадай балық, 160 тонна бақша өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері, 5 тонна ас тұзы жеткізілді. Сондай-ақ жәрмеңке аясында Сыр елінің өнерпаздары қатысқан мәдени-танымдық концерттік бағдарлама елордалықтарға ерекше көңіл күй сыйлады.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бір жолға қойылған. Биылдың өзінде 7 айда ауыл шаруашылығында 46,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,6 пайызға артты.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 189,6 мың гектарға егін егілді. Тарқатып айтсақ, дәндi дақылдар 92,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 73,3 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,4 мың гектарды құрайды. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес 80,9 мың гектар жерге күріш егілген. Шаруашылықтардың егін жинау науқанын бастағанына 2 апта болды.
Шаруашылықтар егін жинауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Ерте егілген дәнді дақылдар толық жиналып бітті. Қазіргі таңда мал азықтық, майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша және күріш жиналуда.
Аймақта мал шаруашылығын дамытуға жасалған қолдаудың нәтижесінде төрт түлік басы өсіп, өнім өндіру ұлғайды. Облыс бойынша 2025 жылы тамызға дейін 425,4 мың бас ірі қара, 830,3 мың бас уақ мал, 270,7 мың бас жылқы, 66 мың бас түйе және 126,8 мың бас құс тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірі қара 0,5 пайызға, жылқы 9,7 пайызға, түйе 1,2 пайызға, құс 1,2 пайызға артқан.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты қарқынды дамып келеді. Биыл облыстан құны 18,8 млн долларды құрайтын 37,7 мың тонна өнім әлемнің 19 мемлекетіне экспортталды. Барлық экспортталған өнімнің 89,4 пайызын құрайтын күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия және Ирак мемлекеттеріне жіберілді.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта инвестжобалардың жол картасы әзірленіп, жалпы құны 57,1 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалар өңір экономикасын одан әрі өркендетуге бағытталған.
К.БАЛҒАБАЙҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!