Қоғамда кез келген саланың дамуын тежейтін бір дерт бар, ол – сыбайлас жемқорлық. Ал онымен күресті әрбір азамат өзінен бастауы керек. Сонда ғана біз оның мына қоғамнан көрініс табуына жол бермейміз.
Мемлекетіміздің де бүгінде басты саясатының бірі осы сыбайлас жемқорлықпен күресу екенін жақсы білеміз. Шынында қазір құзырлы органдар онымен күресте қатаң шараларды жүзеге асыруда. Алайда сөз басында айтқанымдай, қоғам дертімен күресті әрбір азамат өзіне міндет деп түсінбей, оны түбегейлі жоюдың жолы табылмасы анық. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен тек құзырлы органдар күресуі тиіс деген қате түсініктен арылуымыз қажет.
Біз «Отан отбасынан басталады» дейміз. Демек, тәрбиенің де бастауы сол отбасынан қалыптасады. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Әрқайсысымыз балаларымызға сыбайлас жемқорлықтың тек бір адамға немесе бір отбасына ғана емес, тұтас бір мемлекетке, тіпті әлемге тигізетін залалын түсіндіріп, одан аулақ болуға шақыруымыз керек. Міне, біз балаларымызға отбасында осындай дұрыс бағдаршам болу арқылы қоғамда жемқорлықтың орын алмауына жол ашамыз. Бұл жерде «бағдаршам болу» деген сөздің де мағынасына терең бойлаған дұрыс. Демек, балаларымызды қоғам дертінен аулақ болуға тәрбиелемес бұрын өзіміз де оның салдарын терең түсініп, өзімізді одан алшақ ұстауымыз керек.
Жалпы тізе берсек, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға алып келер залалы жетіп артылады. Ал тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын қалауға талпынған кез келген адамның бойында оған қарсы иммунитет болуы керек. Сонда ғана біз қай салада болсын мақсатты еңбегіміздің жемісін көреміз.
Дастан БАХТИЯРОВ,
аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!