Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балалардың жол қауіпсіздігі бойынша шұғыл жиналыс өткізді. Оған құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалармен департамент басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы жеке балабақшаның тасымал көлігінің жол-көлік оқиғасына ұшырауы жауапты сала басшыларының жұмысты дұрыс үйлестірмеуінен болғанын қатаң сынға алып, тиісті шара қабылдауды тапсырды.
«Бұған дейін жеке және мемлекеттік балабақшалардағы, мектептердегі тасымал мәселесі, балалардың жол қауіпсіздігі бойынша қала және аудан әкімдеріне, полиция департаментіне, білім басқармасына бірнеше рет тапсырмалар берген болатынмын.
Дегенмен, жұмыс әлі күнге дейін өз деңгейінде дұрыс ұйымдастырылмады.
Жеке балабақшалардың тасымал көліктерінде орын алып жатқан заңбұзушылықтар полиция органдары тарапынан бақылаудың жоқтығын көрсетеді.
Қызылорда қаласы мен барлық ауданда ашылған Жедел басқару орталықтарының, әсіресе патрульдік полицияның жұмысын күшейту қажет. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайды қатаң бақылауда ұстаңыздар!
Өңіріміздегі барлық білім беру ұйымындағы тасымал мәселесін шұғыл түрде жан-жақты тексеріп, талаптарға сай келмейтіндерді анықтап, тиісті шаралар қабылдаңыздар.
Жол қауіпсіздігін, оның ішінде білім беру ұйымдары аумағындағы қауіпсіздікті қатаң бақылауға алып, тұрақты түрде рейд ұйымдастырыңыздар», – деді Н. Нәлібаев.
Жиналыста облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов баяндама жасады.
ІІМ бекіткен бұйрыққа сәйкес, балалар тасымалымен айналасатын көліктер екі есікті, ұстау құрылғысы және «Балалар тасымалы» деген жазуы бар, сары түсті жарқылдауық маякпен жабдықталған болуы тиіс.
Осы бұйрықтың орындалуын тексеру барысында29 заңды тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 474-бабымен әкімшілік хаттама рәсімделіп, 75 көлік айып алаңына қойылса, 58 көліктің мемлекеттік белгісі тәркіленді.
Жыл басынан тасымалдау ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты 800-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Рейд жыл аяғына дейін жалғады.
Сондай-ақ, жиналыста білім, мәдениет, спорт басқармаларына, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне балалардың қауіпсіздігін тек білім беру ұйымдарында ғана емес, спорттық, мәдени-көпшілік шараларға қатысқан кезде де қатаң бақылауға алу міндеттелді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!