Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Бейсенбі, 18 қыркүйек, 18:38

Аймақ басшысы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті

18.09.2025

10

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларымен бірге Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілдерімен кездесті.

Басқосуда аймақ басшысы Арал теңізінің ахуалы тек бір өңірдің немесе бір елдің ғана емес, әлемге ортақ, жаһандық экологиялық мәселе екенін айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1 миллион 100 мың гектар аумаққа климатқа бейімделген өсімдіктер егіп, ормандандыру көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын.

2021-2024 жылдары 659 мың гектарға сексеуіл көшеті егілді. Қалған 441 мың гектар жердегі жұмыс жыл аяғына дейін жалғасады.

Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау бағытында шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдардың қолдауымен де ауқымды жұмыс атқарылуда.

Құрғаған теңіз табанындағы құм көшкінін тоқтату үшін Германия, Оңтүстік Корея, Америка Құрама Штаттарының, ірі халықаралық ұйымдар және қорлардың қолдауымен 73 мыңнан астам гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылды.

Бұдан бөлек, биыл Дүниежүзілік банк есебінен 441 млн. теңгеге аумағы 33,5 гектар орман тұқымбағы пайдалануға берілді. Бұл әлемдік қауымдастықтың Арал теңізі мәселесіне бейжай қарамайтынын көрсетті. Сондай-ақ, достық байланыстардың жолға қойылғанының дәлелі деп білеміз.

Ауқымды жобалар Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалуға, су құрамындағы тұз мөлшерін азайтуға мүмкіндік туғызды. Бұл балық шаруашылығының дамуына оң серпін берді. Мәселен, 2004 жылы 400 тонна, 2024 жылы 6 мың тоннаға жуық балық ауланды.

Біз осы бағытта әріптестік орнатуға, бірлесіп жұмыс атқаруға әрқашан дайынбыз!», – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда сөз алған Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Робб Батлер әріптестікке жол ашық екенін жеткізді.

Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Арал теңізі дағдарысының денсаулық пен қоршаған ортаға әсерін бағалау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы делегациясы өңірімізге жұмыс сапарымен келген болатын. Елдік миссия өкілдері теңіздің жағдайымен танысып, өңір халқының денсаулығына әсер ететін негізгі факторларды анықтауға, қауіп-қатерлерді жоюға қатысты арнайы форум өткізді.

Форум алаңында үкіметаралық жұмысшы топ өкілдері Арал өңірінің климаттық жағдайын, қоршаған ортаның денсаулыққа әсерін бағалап, осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жобаларын кеңінен талқылады.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: