Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

20°C

, Сейсенбі, 23 қыркүйек, 20:56

Диқан Аябек

23.09.2025

16

0

Аққұмдағы егіс алқабында қайнаған жұмыс, дала дарабозының біреуі де сәл аялдауды білмейді. Біз тұрған атызда қос комбайн басы дәнге толған Сыр салысын сұлатып келеді. Ал арғы атызда орылған күрішке түскен тағы бір комбайн бункер толған дәнді жиектегі жүк көлігіне құюға беттеп барады.

Керемет көрініске көз сүйсінеді. Бір сәтте қасымдағы қырағы әріптесім атыз­дың ортасында жүрген еңбек адамын байқап, сұхбат алуды жөн көрдік. Бірақ жиекте қос техника бітік шыққан өнімді орып келеді. Ал бұл жалғыз өзі атыз ортасында не істеп жүр? Осы сауалдың түйінін тарқату үшін дала дарабозын әңгімеге тарттық.
Бұл «Аққұм-Жер» шаруа қожалығы­ның диқаны Аябек Ешбанов екен. Ке­йіпкеріміз дәл осы шаруашылықта 2001 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бас­тапқыда шаруашылықтың күріш ақтау цехында диірмен жұмысына жауапты болған. Ал дала жұмысына ауысқанына 5 жылдан асыпты. Сол уақыттан бері Аябек Ешбанов даңғайыр диқандардың ізімен күріштің күтіміне бар күшін салуда.
Күріштің «Лидер» сұрпын жергілікті ша­руа­шылық­тардың қолданысқа енгіз­ге­ні­не 10 жылдан асты. Қанша деген­мен тұқым тозады, соңғы жылдары Сыр салысының бұл сұрпы ауруға ұшы­рап, мұның бәрі өнім сапасына айтар­лық­тай кері әсер еткен. Ал мұндай өнім­нің экспорт былай тұрсын, ішкі на­рық­қа да өтімділігі едәуір төмен­дей­тіні сон­дық­тан. Былтыр да «Аққұм-Жер» шаруа қо­жалығы күріштің дәл осы сұрпын егіпті. Әдет­тегідей өнім уа­қытында ауруға ұшы­рап, шаруашы­лық бұл тығырықтан шы­ғудың амалын іздейді.
Шаруашылық төрағасы Рустам Сәр­сен­­баев шаруаны ширатуға қажетті ма­ман таңдауда жаңылған емес. Дәл осы қасиеті әлгі мәселенің алдын алуға да үлкен көмек болған. Бұған дейін ай­мақ­­тағы маңдайалды шаруашылық­тар­­дың жұмысын бір жүйеге келтірген аг­ро­номды жұмысқа алдырып, қазір был­тыр­ғы мәселеге нүкте қойды, яғни «Аққұм-Жер» шаруа қожалығының бү­гін­гі бас агрономы Асқар Алиакбаров дәнді толықтай дерттен айықты­рып, күз­де сапалы өнім алуға даңғыл жол аш­қан. Мұны кейіпкеріміз Аябек Еш­банов та жоққа шығармады.
– Былтыр да өнім жаман болған жоқ, бі­рақ Сыр салысы ауруға ұшырады. Биыл дәл осы мәселемен тағы да бетпе-бет келмес үшін диқандар төрағаға мә­се­­лемізді жеткіздік. Ол мықты агроном ал­дырды. Мықты дейтіндей жөніміз бар, негізі нағыз маманның еңбегін ба­ға­­­лап, мойындауымыз керек. Бұл рет­те Асе­­кеңнің еңбегіне тоқталмай кетуге тағы болмайды. Тіпті мол өнім алу үшін бізбен басқа да тәжірибесімен бө­­лісіп отырады. Соның арқасында биыл өнімнің шығымы жоғары болды. Бұйырт­са, биыл да қомақты сыйақыға ие бо­ламын, – дейді диқан Аябек Ешбанов.
Иә, ауыл еңбеккерінің «тағы да» де­ген бірауыз сөзі бізді ойландырмай қоймады. «Сонда былтыр да жалақыдан бөлек қосымша сыйақы алдыңыз ба?» деп сауал тастағанымыз да сондықтан. Сөзінше, жыл сайын сабантойда ша­руа­шы­лық еңбеккерлеріне айлығы­нан бө­­лек қосымша сыйақы тарату­ды төра­ға Рустам Сәрсенбаев дәстүрге айнал­дырған көрінеді. Былтырдың өзін­де дәл осы мақсатқа қыруар қара­жат қараған.
– Былтыр 54 гектар жерге күріш ектім, әр гектардан 50 центнерден өнім алдым. Былтыр да аяқсу мәселесі болды, бірақ біз жауапкершілікті еселедік. Биыл да оңай болған жоқ, бірақ кезектесіп су алу ар­қылы бұл мәселені тағы да айналып өттік. Былтыр сабантойда төрағамыз ең­бе­­гімізді бағалап, айлығымыздан бөлек қомақты қаржылай сыйақы үлестірді. Со­­ған өзім де ие болдым. Бұл ауылдағы қарапайым еңбек адамы үшін үлкен шабыт екенін жақсы білесіздер. Биыл да осындай сыйақыдан үміт бар, өнімнің шығымы жаман емес, ал төрағаның адал еңбектің лайықты бағасын бере­ті­ніне ешқандай күмәніміз жоқ. Биыл бұ­йыртса, өткен жылдан да мол астық ала­мыз деп жоспарлап отырмыз, – дей­ді Аябек ағамыз.
Иә, оның үлкен өнімнен үміт кү­те­тін­дей жөні бар, алқаптағы күріштің шы­­ғы­мы ала жаздай жауапты диқанның жай жат­пағанын аңғартады. Күріштің кү­­тімі келіскенін бітік шыққан өнімнің өзі айтып тұр. Тіпті атыздағы өнімнің ара­сын­да бір тал артық шөп жоқ.
Ол күріш өсіруді 5 жыл бұ­рын бас­тапты. Бастапқы жылдары 35 гек­­тарға күріш еккен ол әр гек­тар­дан 48 цен­тнер өнім алған. Сө­зінше, «Ли­дер» 120 күнде піседі. Өзіне мін­дет­телген жұ­мыс­ты мінсіз орын­­даған ди­қанның жер кө­­лемін өткен жыл­дан бас­тап төраға ке­ңейт­кен, был­­тыр ол 54 гектар күріш ек­кен.
Биыл да көктемде ауыл еңбеккері дәл осы межеге Сыр салысын сепкен, қыр­­күйектің алғашқы күні комбайн Айе­кең­нің атызына түсті. Механизатор да биыл өнімнің шығымына жоғары ба­ға беріп отыр. Айекең осыған дейін жи­ған тәжірибесін осындағы жастармен де бө­лісіп, өзі секілді білікті маман дайын­дау­ға қолғабыс етеді.
– Қазір жастар бұл салаға келуге жү­­рексінбеуі керек. Біз екі мыңыншы жыл­­­дардың басында келдік. Ол тұста қа­­­зіргідей заманауи техникалар әлі қол­­­­данысқа енбеген. Талай қиын ке­зең­ді еңсердік. Ал қазір ше, бүгінде бұл са­лада еш қиындықсыз еңбек ету­ге болады. Әсіресе оған өзіміз жұ­мыс жа­сап жатқан «Аққұм-Жер» ша­руа қо­жа­лығының төрағасы барлық жағ­дай­ды жасап отыр. Айлығымыз уақы­тылы бе­ріледі. Техникалық базамыз жыл са­йын жаңаруда. Биыл да осы ба­ғыт­та нә­ти­желі жұмыс болды. Төраға бұ­йырт­са, ке­лер жылы да жаңа тех­никалар ке­ле­тінін айтады. Мұның бәрі еңбек өнім­ді­­лігіне оң әсер етуде, – дейді Аябек Ешба­нов.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: