Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 04 қазан, 00:03

Туған жерге тағзым

21.09.2025

42

0

Қонысбек Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, белгілі актер, жерлесіміз Ғани Құлжановтың 60 жас мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті. Аталған шарада Дональд Кобурнның «Ойыннан от шығар» трагикомедиясы сахналанды. Мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен аудан әкімі Ардақ Ибраимов қатысты.

Спектакльде басты рөлдерді Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңір­ген қайраткері Ғани Құлжанов пен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұржан Бексұлтанова жо­ғары кәсібилікпен сомдап, көрер­мен­нің ыстық ықыласына бөленді. Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайрат­кері Ермек Аманшаев тәржі­малаған қойы­­лым бүгінгі қоғамның тыныс-тір­ші­лігін көрсетеді.
Қарттар үйі. Тағдырдың басқа сал­­ғанына көнген Веллер Мартин мен Фонсия Дорсидың таныстығы. Жал­ғыздықтан қажыған екеуін карта ойыны табыстырады. Веллер де, Фонсия да ал­ғашқыда «сырты бүтін, іші түтін» болып көрінгенімен, әңгімелесе келе бір-бірін жақыннан танып, тіл та­бы­са­ды. Көңіліне қаяу түскенде жан ра­ха­тын карта ойынынан іздеп, уақыт өт­кізеді. Фонсия қылықты, әйелге тән мі­незімен Веллерді өзіне баурап ала­ды.
Фонсия күйеуінен ерте ажырасқан, жалғыз ұлынан екі немересі бар. Ал Веллер ажырасқаннан кейін әйелі балаларымен араласуға тыйым салған. Екеуіне картадан бас­қа ермек жоқ. Джин ойынының түбін түсіретін Веллер «Мен сені ойсы­рата ұтамын» деп кіріскенімен, ойын­дағы қулық-сұм­дықтың бәрін жақ­сы мең­герген Фон­сия үнемі жеңіп шы­ғады. Ара­дағы қызғаныш оты үдеп, Вел­лер өз үстемдігін көрсеткісі келіп, ма­засы қашады. Қызғаныштың соңы қа­шан­­да жақсылыққа апармасы анық. «Ойын­нан от шықты…» деген осы­дан қалған. Веллер жүрегі тоқтап, ойын үстінде қайтыс болады. Фонсия «Мұ­ны­­ңыз не? Сізге не болды? Бұл жәй ғана ойын ғой. Кешір мені, Вел­лер!» деп қойы­лым аяқталады. Қойы­лым­да жа­­нын же­гідей жеген ой­дан ары­ла ал­ма­ған екеуінің тағдыры осы­лай өріл­ген.
Кеш барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев сахнаға шығып, облыс әкімінің және Сыр жұрт­шылығы атынан мерейтой иесін құт­тық­тады.
– Жалпы ұлт мәдениеті – халық­тың рухани келбеті, оның ішкі жан дүниесінің көрінісі. Бұл ретте Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев: «Елі­міз­дің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байла­нысты. Сол себепті аза­мат­тары­мыз­дың ру­хы әрқашан биік болуы үшін мәде­ниетімізге, яғни руха­ниятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деп атап өткен болатын. Ел мерейін үстем етіп, туған топырақтың даңқын асырған аза­мат­тар – халық мақтанышы. Сол аза­мат­тардың алдыңғы қатарында жүр­ген жер­лесіміз Ғани Әбдуәлиұлы Құл­жа­новтың есімін мақтанышпен айта­мыз. Сізді мерейлі 60 жасыңызбен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы және Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, сарқылмас шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз. Ме­рей­тойыңыз құтты, мерейіңіз үстем бол­сын, – деді А.Зебешев.
Айта кетейік, Ғани Құлжанов 1980-1984 жылдары Қызылорда музы­ка­лық училищесінде білім алған. Кейін, яғни 1987 жылы Алматы ­мемле­кет­тік «Театр және Кино» инсти­ту­тын­да оқуын жалғастырып, театр және ки­но өнерінің негізін үйрен­ген. 1990-2007 жылдары М.Әуезов атын­да­ғы академиялық драма театрын­да қыз­мет атқарды. Алғаш рет М.Мақа­таев­тың «Қош, махаббат!» қойылы­мын­да Айбар рөлін сомдаған. Осыдан бастап ол көптеген спектакльде маңызды рөлдерде ойнаған. Мәселен, М.Байджиевтің «Қа­­лыңдық пен күйеуде» күйеудің, У.Шек­с­пирдің «Асауға тұ­сауын­да­ғы» Гортензио, М.Әуезовтың «Ай­­­ман-Шол­­панында» Арыстан, Е.Замя­тин­нің «Еділ пат­шасында» Вегила, Ғ.Мү­сіреповтың «Ма­­хаббат туралы аңызында» Қо­дар, Иран Ғайыптың «Шыңғыс ха­нында» Сүбітай, «Абылай ха­нында» – Әбіл­мансұр, Қ.Аширдің «Қа­был – Адам ата перзентінде» Абыл, Р.Мұқа­но­­ва­ның «Мәңгілік бала бейнесіндегі» Құ­мар, Г.Гауптманның «Ымырттағы ма­­­хаббатында» Эрих Кламрот, У.Шек­с­­пирдің «Гамлетінде» Король Клав­дий, Д.Исабековтің «Әпкесіндегі» Омар, Шахимарданның «Қазақ­та­рын­­да» Қасымсұлтан, Ш.Айт­ма­тов­­тың «Ақкемесінде» Ораз­құл, Ә.Нұр­ша­­йықовтың «Қан мен те­рін­де» Тә­ңірберген рөлін ойнап, «Қа­­­зақ­фи­льм», «Қырғызфильм», «Өз­­бек­­фи­льм», Ресей киностудия­ла­­­­рында ки­но­ға түскен. Мұнан бөлек «То­ғыс­­қан тағ­дырлар», «Қара ше­гірт­­­ке», «Ләй­ләнің зары», «Жас ұлан» фильм­дерінде басты рөлді сом­­­даған. Ол театр сахнасында көп­те­ген классикалық және заманауи қойы­­­лымда басты рөл­дерде ой­нап, өнерсүйер қауымның кө­зайы­мы­на айналған. Оған «Мәңгілік бала бей­не» спектакліндегі Құмар рөлі үшін Қа­зақстан Жастар Одағының сый­лы­ғы табысталған. Өнердегі ерен ең­бегі үшін көптеген мемлекеттік ма­ра­­паттарға ие болған. 2015 жылы Қа­­­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­­­ке­рі атанса, 2016 жылы «ҚР Тәуел­сіз­ді­гіне 25 жыл» мерекелік меда­лімен ма­ра­патталған.
Қойылымның аса шеберлікпен сом­­дал­ды, көрер­мен ерекше ықылас та­нытып, зор қошемет пен алғыс білдірді. Шынайы сезім мен терең мәнге толы театр өнері көрермен жүрегіне жол тауып, жоғары бағаланды.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: