Әлеуметтік салада адал еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені жұмыссыз азаматтардың екі қолға бір күрек табуын қамтамасыз ету, алдыңа келген адамның тұрмыс сапасын арттыруға негізделген мемлекеттік көмекті әділ үйлестіру оңай шаруа емес. Ал дәл осы қызметті жалағаштық Гүлнұр Мақсұтқызының мінсіз орындап келе жатқанына он жылдан асты. Ол осынша уақытта қаншама адамның алғысын алып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Мұның бәрі табанды һәм тынымсыз еңбектің өтеуі екеніне ешкімнің дауы жоқ.
Кейіпкеріміз бүгінде Жалағаштағы «Мансап» орталығында бөлімше басшысы болып қызмет атқарады. Бөлімшеде Гүлнұр Мақсұтқызынан бөлек 5 маман бар. Олар күнделікті азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын уақытша жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда тәжірибелі маман субсидияланатын жұмыс орындарына адамдарға жолдама беруде. Мәселен, биыл аудан бойынша 8 айда 756 адамға жолдама берілген. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа 579 адам жолданған. Ал жастар практикасына 115 адам жіберілген. Мұнан бөлек әлеуметтік жұмыс орнына 30 адам, «Күміс жас» жобасымен 32 адам жолданған.
Гүлнұр Мақсұтқызы қоғамдық жұмысқа 12 айға дейін жолдама беретінін айтады. Ай сайын алатын жалақысы 26,5 айлық есептік көрсеткішке тең. Сондай-ақ оған 30 пайыз экологиялық үстемақы қосылады. Ал жастар практикасымен барған маманның жалақысы 30 айлық есептік көрсеткішке тең. Оған дипломы бар жастар қатысады. Бірақ диплом алғанына 5 жылдан аспауы тиіс. Сондай-ақ бұған дейін мамандығы бойынша жұмыс жасамауы керек.
Бөлімше басшысы «Күміс жас» жобасы зейнеткерлікке шығуға жасы таяған азаматтарға арналғанын айтады, яғни бұл жобаға 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Олар 3 жылға дейін субсидияланатын жұмыс орнында еңбек ете алады. Алғашқы жылы жұмыс беруші тағайындаған жалақының 70 пайызын орталық субсидиялайды, ал 30 пайызын жұмыс беруші төлейді. Екінші жылы жалақының 65 пайызын орталық субсидиялайды. Қалғанын әдеттегідей жұмыс беруші тарапынан төленеді. Соңғы жылы 60 пайызын орталық субсидиялап, 40 пайызын жұмыс беруші өтейді.
– Үш жыл уақыты біткеннен кейін жұмыс беруші тұрақты жұмысқа алып қалуға міндетті. Ал 50 жастан асып, 3 жыл жұмыс беруші мен біздің орталық арасындағы келісім-шарт аясында жұмыс істегендерді жұмыс беруші кемінде 1 жыл жұмыспен қамтуға міндетті. Әлеуметтік жұмыс орындарына келсек, жұмыс беруші тағайындаған жалақының 35 пайызын біз төлеп береміз. Жұмыс уақыты 12 айдан аспауы тиіс. Осыған дейін қаншама адамға жолдама бердік. Оның бірқатары тұрақты жұмысқа орналасуына байланысты бұл жұмысты әрі қарай жалғастырудан бас тартты. Біздің мақсат – азаматтарды тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін уақытша субсидияланатын жұмыспен қамту, – дейді Гүлнұр Мақсұтқызы.
Кейіпкеріміз еңбек жолын орталықта инспектор болып бастаған. Жауапты маман іс жүргізушінің қызметімен қатар жастар практикасына жолдама беруді де қамтамасыз етті. Ал 2012 жылы қараша айында орталықтың маманы болды. Дәл осы қызметті 2023 жылға дейін абыроймен атқарды. 2023 жылдың шілде айынан бастап «Мансап» орталығында бөлімше басшысы болып қызмет атқарып келеді.
Гүлнұр Мақсұтқызы уақытша жұмысқа орналасқандар арасында кейін тұрақты жұмысқа тұрғандардың барын айтады. Мәселен, биыл 579 адам қоғамдық жұмысқа жолданса, олардың 18-і мерзімінен бұрын тұрақты жұмыспен қамтылған. Дәл осындай жұмыс беруші мен орталық арасындағы келісім-шарт мерзімінен бұрын жастар практикасынан 2, «Күміс жас» жобасымен 2, әлеуметтік жұмыс орындарынан 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мемлекеттен бұл мақсатқа бөлінген қаражатпен елдің бәрін уақытша жұмыспен қамту мүмкін емес. Сондықтан тиісті қаражаттың мақсатты үйлестірілуі де – тәжірибелі маман Гүлнұр Мақсұтқызы басшылық ететін бөлімше қызметкерлерінің негізгі міндеті. Сондықтан олар ай сайын елді мекендерде мониторинг жұмыстарын жүргізіп тұрады. Нәтиже де жоқ емес, мәселен, биыл 8 айда олар 592 адамды уақытша жұмыспен қамтыған 108 мекеме мен кәсіпорынға мониторинг жұмыстарын жүргізген. Сол кезде 26 адамға дәлелсіз жұмыстан қалуына байланысты ескерту берілген. Мұнан бөлек 12 адамның жұмысы тоқтатылған. Соның арқасында мемлекеттің 15 млн 117 мың 943 теңгесі үнемделген.
– Біз тек мұнда адамдарға жолдама берумен шектелмейміз. Олардың өз уақытында жұмыс орындарында еңбек етіп жатыр ма, жоқ па, сол жағын да бақылаймыз. Өйткені мемлекеттен бөлінген қаражат мақсатты игерілуі керек. Жыл басынан бері қаншама мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Соның арқасында қаншама олқылықтың алдын алдық. Біздің міндет – халықтың осал топтарын уақытша жұмыспен қамту және сол мақсатқа бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, – дейді тәжірибелі маман.
Иә, кейіпкеріміз кабинет төңіректейтін қызметкерлер сұрпынан емес. Мейлінше елдің тұрмыс сапасының артқанын қалайды. Халықтың осал топтарын жұмыспен қамтып, сондай-ақ олардың алдағы уақытта тұрақты жұмысқа орналасуына қолғабыс етеді.
Гүлнұр Мақсұтқызының әлеуметтік салада жұмыс жасағанына 13 жыл болды. Осынша уақытта ол өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындады. Соның арқасында басшылықтың да, халықтың да алғысын алды. Бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Министрліктің, облыс әкімінің, аудан әкімінің, басқарма басшысының бірнеше рет алғыс хатына ие болды. Бірақ ол соның бәрінен елдің алғысын биік қояды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!