Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 04 қазан, 00:04

Атқарылған жұмыс аз емес,
алдағы міндет те ауқымды

20.09.2025

36

0

Ауданда жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған жоспарды әзірлеу кезінде әр ауылдық округтің географиялық орналасуы, жайылым көлемі, ауылдық округтегі ауыл шаруашылығы малдарының саны назарға алынған. Сондықтан жоспар әр ауылдық округ бойынша дербес дайындалған. Жоспар бойынша жайылымдарды пайдалану ұзақтығы – 170-180 күн. Жайылымдық алқаптардың орташа өнімділігі гектарына 10,5 центнерді құрайды. «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев осылай деді.

Аудан дамуына тікелей әсер ететін, халық мүддесіне бағытталған бірқатар маңызды мәселе қаралған жиында жа­йы­лымдық жерлерді басқару және олар­ды тиімді пайдалану жайы қарал­ды. Расында жайылым мәселесі ауыл­дық ел­ді мекендер үшін өте өзекті. Осы­ған бай­ланысты фракция мүшелері ау­дан­да­ғы нақты ахуалды талқылап, жа­уап­ты бө­лімге бірқатар ұсынысын жеткізді.
Айта кетейік, Жалағаш ауданында «2025-2029 жылдарға арналған жайы­лым­дарды басқару және оларды пайда­лану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» Жа­лағаш аудандық мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 28-18 ше­шімі қабылданды. Жоспар 2017 жылғы 20 ақпандағы «Жайылымдар туралы» За­ңына, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жайы­лым­дарды басқару және оларды пайда­лану жөніндегі үлгілік жоспарды бекіту ту­ралы» 2024 жылғы 29 шілдедегі №263, «Жайылымдардың жалпы ала­ңы­­на жүктеменің рұқсат етілген шекті нор­­масын бекіту туралы» 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 3-3/332 бұйрықтарына сәй­кес әзірленген. Ауыл шаруашылығы жа­нуарлары үшін қажетті жайылым алаңы мүйізді ірі қара мал басы үшін 11 гектар, уақ мал басы үшін 2,2, жылқы басы 14, түйе басы 15,5 гектардан есептеме алын­ды.
Жалпы аудан бойынша барлық жер кө­лемі 2 млн 873 мың 640 гектарды құ­райды. Оның ішінде жайылымдық жер­лер – 198 826,9 гектар. Жалпы ау­дан­да­ғы жеке тұрғындардың малын жаюға 426 995,1 гектар жайылымдық жер қажет бол­са, бүгінде жетіспейтін жайылым кө­лемі 306 305 гектарды құрайды.
– Жоспарда жетіспейтін жайылымдық жер­лерді қамтамасыз ету мақсатында малдар Қарақұм, Қызылқұм мал жа­йы­лымдарына шығарылады және 10 қазан мен 10 наурыз аралығында ауыл­­дық округ аумағындағы босаған егіс ал­қаптарына жайылады деп есеп­тел­ген. Аудан бойынша маусымдық мал жайылымы үшін Қарақұм мал жайы­лымында 591 563 гектар, Қызылқұм мал жайылымында 648 953 гектар және Жа­ңадария бойында 752 789 гектар жа­йылымдық жер мал жайылымына пай­да­лануда. Аудан бойынша мал жа­йылымына жетіспейтін жерлерді жоға­ры­дағы мал жайылымдары есебінен то­лық қамтамасыз етуге болады, – деді Алтынбек Дәрібаев.
Жиында мұнан кейін Жалағаш ин­дус­триалды-аграрлық колледжінің жұ­мыс барысы және алдағы міндеттері қа­ралды. Бұл жайында Жалағаш ин­дус­триалды-аграрлық колледжі директо­ры­ның міндетін атқарушы Зухра Диуанова кеңінен тарқатты.
Айта кетейік, аталған колледж аудан жастарының кәсіби білім алуына, білікті маман ретінде қалыптасуына жағдай жасап отыр. Отырыста білім сапасы, студенттердің бос уақытын тиімді ұйым­дастыру, оқу базасын жаңарту, еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашуға қа­тысты нақты сұрақтар қойылып, фрак­ция мүшелері бұл саладағы жұмыстарды одан әрі жүйелі жүргізу керектігін айтты.
Жалағаш индустриалды-аграрлық кол­­­леджі 2013 жылы Қызылорда об­лы­сы әкімдігінің 2013 жылғы 30 желтоқ­сан­дағы №435 қаулысына сәйкес құрылған. Оқу ғимараты 1985 жылы салынған. Сы­йым­дылығы – 420 орын.
Колледж 2020 жылы 14 желтоқсанда инсти­туционалдық және бес мамандық бойынша мамандандырылған аккре­дит­­­теуден өткен. Қазіргі таңда онда­ғы ұла­­ғатты ұстаздар 5 мамандық бойын­ша білім беруде. Тарқатып айтсақ, сту­дент­тер «Ауыл шаруашылығын меха­ни­­каландыру», «Электр жабдықтары», «Дә­некерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйым­­дастыру» және «Ғимараттар мен құ­­ры­лыстарды салу және пайдалану» ма­ман­дығын меңгереді.
Оқу орнында 41 педагог жұмыс жа­сайды. Олардың біреуі – жоғары са­нат­ты, сондай-ақ 4 педагог-зерттеуші, 3 пе­дагог сарапшы, 4 педагог-модератор, 3 магистр бар.
2024-2025 оқу жылында колледж бо­йынша барлығы 218 студент білім алған. Оның 73-і оқуын бітіріп шықты, қа­зіргі таң­­да екінші курс 64, үшінші курс 70 сту­дент білім алуда. 2025-2026 оқу жы­лына мем­лекеттік тапсырыс бойынша бі­рінші курсқа 180 студент қабылдау жоспар­лан­ған.
Жалағаш индустриалды-аграрлық кол­леджі тарапынан білім алушыларға оқу үлгерім көрсеткіштеріне сәйкес шә­кіртақы тағайындалады. Студенттің әлеу­­меттік жағдайына қарай тегін та­мақ­тандыру әлеуметтік көмек есебінен қар­жысы аударылып отырады. Сондай-ақ тұлдыр жетім асыраушысынан айы­рылған студенттерге киім-кешек, аяқ киім сатып алу бойынша жылына бір рет төлем жүргізіледі. Студенттің жол жүру құнының бөлігін өтеу үшін жазғы және қысқы демалысқа шыққан уақытында жол жүру өтемақысы аударылады.
Колледж жанынан құрылған комиссия студенттердің әлеуметтік жағдайына зерт­теу-зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 2022-2023 оқу жылында 104 студентке, 2023-2024 оқу жылында 75 студентке, 2024-2025 оқу жылында 101 студентке тегін тамақтандыру әлеу­меттік көмек есебінен қаржысы әр сту­денттің есепшотына аударылған.
2021 жылы 129 түлек оқуды аяқтаса, оның 70 пайызы жұмысқа орналасқан. 2022 жылы 116 студент оқуын тәмам­дап, оның 60 пайызы жұмыс тапты. 2023 жылы 211 студент диплом алып, 55 пайызы жұмысқа орналасты. Ал был­­тыр 57 студент оқуын аяқтап, 57 па­­йызы жұмысқа орналасқан. Биыл оқу орнын 73 студент аяқтады. Оның 10-ы колледж тарапынан әлеуметтік се­ріктестерге ке­лісім арқылы тұрақты жұмысқа жол­данды. Академиялық ұтқыр­лық қа­ғи­датын іске асыру бойынша келе­шекте басқа университеттермен, колледж­дер­мен келісім-шарт жасау жоспарда бар.
Оқу орнында 23 кабинет пен ше­берхана бар, оның ішінде жалпы білім беретін 10 кабинет, 8 арнаулы пән ка­бинеті, 5 зертхана мен шеберхана бар. Кол­ледж 2021 жылы «Жас маман» жо­басы аясында 439 млн теңгеге екі бі­ліктілік бойынша заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, материалдық-техникалық база толықтырылды, яғни 3W07161603 – «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі» және 3W10130302 – «Аспазшы» біліктіліктері бо­йынша екі құзыреттілік орталығы ашыл­ды. Техникаларды сақтау ереже­сі­не сай 36 млн теңгеге арнайы көлік қой­масы салынды. Заманауи құрал-жаб­­дықтармен 87 студент тәжірибе шың­­даған. Оның ішінде 3W07161603-Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракто­рист-машинисі біліктілігі бойынша 32, 3W10130302 Аспазшы біліктілігі бо­йынша 55 студент оқытылды. Қазіргі таң­да оқу орнының жатақханасы да бар.
Жалағаш индустриалды-аграрлық кол­­леджінің оқу ғимараты 1985 жылы са­лынған. Зухра Диуанова нысанның күр­делі жөндеуді қажет ететінін айтады. Сондықтан күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге, қатты отынмен жылытылатын бу қазандығын газға ауыстыруға қолдау қа­жеттігін жасырмады.
Басқосуда Мемлекет басшысының Жол­дауына ке­ңі­нен талдау жасалды. Бұл ба­ғытта мәс­ли­хаттағы «Amanat» пар­тиясы фрак­ция­сының жетекшісі Гүл­зат Құр­ман­­баева мен партияның фракция мү­­шесі Ерлан Боранбаев баяндама жа­­сап, Жолдауда көрсетілген басым ба­ғыттар, ел дамуының стратегиялық ба­сымдықтары, цифрландыру, жасанды ин­­теллектті енгізу, экономиканы әрта­рап­­­тандыру, жастарды қолдау және ада­ми капиталды нығайту сынды ма­ңыз­ды бастамаларға тоқталды. Жиын со­ңында фракция мүшелері көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарын ай­тып, тиісті шешім қабылдады.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: