Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

16°C

, Сәрсенбі, 08 қазан, 12:51

Қариялар – асыл қазына

07.10.2025

33

0

Қартын қазынаға балаған Бұқарбай батыр ауылының жұрты қашанда үлкенге құрмет көрсетуде жолынан жаңылған емес. Әсіресе батыр атындағы ауылдағы «Байтабын» шаруа қожалығы осындай үлгілі ісімен алда жүреді. Кешегі аптаның соңында қырман басында қарияларына құрмет көрсеткен шаруашылық ұжымы тағы бір өнегелі шараны өз деңгейінде өткізді.

Сол күні қырман басында қайнаған жұмыс болған жоқ, керісінше ауыл ар­да­­герлері қонақ болып, аудан өнер­паз­­­­дарының мерекелік концертіне куә бол­ды, соңында көтеріңкі көңіл күймен тар­қасты.
Шаруашылық төрағасы Болат Діл­дә­беков шарада қарияларды айтулы мере­кесімен құттықтап, қазыналы қарт­тар ауылдың дамуына үлкен еңбек сіңір­генін жет­кізді. Сөзінше, соңғы бесжыл­дықта бұл дәстүрге айналған шара екен.
– Қартын қазынаға балаған елміз, біз үшін қашанда алдыңғы буынға құрмет көрсету – міндет. Осы жолымыздан жа­ңыл­май бүгін қырман басында аудан өнерпаздарын шақырып, ауыл ар­да­гер­­леріне керемет көңіл күй сыйлап отыр­мыз. Баршаңызды мереке­лері­ңіз­бен құт­­тық­таймын. Отбас­тары­ңызға аман­­­­дық, дендеріңізге саулық тілеймін. Ауыл­­дың екінші ты­нысын ашуда, жар­қын бо­ла­шағына аянбай еңбек ет­тіңіз­дер. Тіпті «Байта­бын» шаруа қожа­лы­ғының шаруа­сы­ның ширауында да сіз­­дердің қол­таң­баларыңыз бар, – деді Бо­лат Ділдә­беков.
Айта кетейік, аталған шаруашылық биыл күзгі науқанды қорытындылап, жаз­­дай баптаған өнімін шашпай-төкпей жи­нап алды. Биыл серіктестік 1100 гек­тар алқапқа күріш еккен. Сұрпын сұра­са­ңыз, «Лидер» мен «Каурис». Ауыл ең­бек­керлері аптап ыстықта аянбай ең­бек етті. Бүгінде сол еңбегінің жемісін кө­ріп отыр десе де болады. Диқандар күзгі нау­қан қорытындысымен әр гектар­дан 60 центнерден өнім жиды. Бүгінде шаруа­шы­лықта 135 адам жұмыс жасайды.
Жергілікті шаруашылықта ұзақ жыл қажырлы еңбек еткендер қатарында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мұрат Әлішов те бар. Ол «Байтабын» шаруа қожалығында ұзақ жыл меха­низа­тор болып қызмет атқарған. Кешегі шарада сала ардагері де құрметке бө­ленді, шаруашылық төрағасы қазы­налы қа­рияның иығына шапан жауып, қар­жылай сыйақы табыстады.
– Біз де бүгінде ардагерлердің қата­рын толықтырдық. Бірақ сонда да осы шаруашылықтың жұмысына қатысып тұ­­ра­мын. Зейнеткерлікке шықсам да ша­руа­шылықтың егіс алқабын күзеттім. Бү­гін­гі буын жасаған еңбегімізді бағалап, құрмет көрсетіп отыр. Барлығына алғыс білдіремін. Үлкендеріміз аман болсын, қариялар қатары сиремесін, – деді ол.
Шарада дәл осындай бірнеше арда­герге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ ау­дан өнерпаздары мерекелік концерт қойып, өз өнерлерін ортаға салды, елдің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы батыр атындағы ауылдағы «Байтабын» шаруа қожалығы жайлы айта берсек, тарқатып жазар дүние көп. Ауылдың абаттануына, елді мекеннің еңсе тіктеуіне қыруар қаржы жұмсады. Бұл сөзімізге ауылдағы үлкен саябақ, спорт кешені дәлел. Сонымен қатар ауыл­дағы алтын ұяда білім алатын озат оқушыларға да шәкіртақы тағайындаған. Бұл игі шараның дәстүрге айналғанына бірнеше жыл болды. Ауыл мектебіндегі озат оқушылар қатарының артуы осы игі шараның жемісі деп түйдік. Бүгінде шаруашылық тағайындаған шәкіртақыны ауылда 80-ге жуық оқушы алады.

Мұнан бөлек шаруашылық жыл сайын ардагерлерге, ақжаулықты аналарға мереке қарсаңында құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Жағдайы төмен отбасыларға да азық-түлік үлестіруді өз міндетіне алыпты. Сондай-ақ жыл сайын шаруашылық демеушілігімен ауыл ардагерлері еліміздегі маңдайалды шипажайларға демалысқа барып, ем алады. Осыған дейін осындай шипажайларға 60-қа жуық ардагер шаруашылық демеушілігімен барып қайтты. Төраға Болат Ділдәбеков алдағы уақытта тағы 30 ардагерге жолдама беруге ниетті.
– Осы ауылда өсіп, осы ауылда еңбек еткеннен кейін алдыңғы буынға құрмет көрсетіп, ауылдағы ағайынға көмек беруде жолымыздан жаңылмаймыз. Бүгін де қаншама ар­дагерге қаржылай сыйақы үлестірдік. Қыс айларында жағ­дайы төмен отбасыларға қыстық көмірін қамдап береміз. Сондай-ақ жем-шөбін, жоңышқасын алып береміз. Алдағы уақытта ауылдың жарқын болашағына әлі де жұмыс жа­саймыз. Бізге осындай игі жолды көрсеткен алдыңғы буын ғой, сондықтан олардан қашанда құрметімізді аямаймыз. Бастысы, қарттарымыз аман болсын, кеше егінімізді үл­кендердің батасымен, қолдауымен шашпай-төкпей жинап алдық, биыл да мол өнім алдық, алдағы уақытта да осындай игі шаралар жалғасын табады, – дейді Болат Ділдәбеков.
Расында бүгінгі буынға бағдаршам болған қариялар қан­дай құрметке де лайық. Мұны шаруашылық ұжымы жақсы түсінеді. Жыл сайын сала ардагерлерін төріне шығарып, құрмет көрсетеді. Қашанда олардан құрметін һәм қолдауын аяған емес. Мұның өзі кейінгі буынға өнеге болары сөзсіз. Осыдан-ақ батыр атындағы ауыл жұртының ауызбіршілігін анық байқауға болады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: