Нұрбол Серікұлы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алып, еңбек жолын енді бастаған жас маман. Қазіргі таңда ол З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Басты мақсаты – оқушыларды спортқа баулу.
Спорт залдың есігін ашқан сәтте бізді бар ынтасымен ойын ережелерін түсіндіріп жатқан ұстаз бейнесі қарсы алды. Жас маманның әр қимылынан өз ісіне деген сүйіспеншілігін аңғару қиын емес. Білім саласында алғашқы қадамын жасап жүрген ұстаз оқушыларды спортқа баулып, жарысқа дайындайды.
– Алдыңғы оқу жылы «Ұлттық мектеп лигасында» гандбол спортынан 3 жүлде еншіледік, яғни 5-6 сынып оқушылары ІІ орын, 7-8 сынып оқушылары ІІ орын, 9-11 сынып оқушылары ІІІ орын иеленді. Жарыс спорттың 9 түрінен ұйымдастырылды. Футбол, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, теннис, шахмат секілді спорттық сайыстар қамтылды. Жарысқа аудан кәсіпкерлері, соның ішінде «Ауыл такси» ұжымы демеушілік етіп, қолдау көрсетті. Гандболға қажетті әркайсысы 10 доп және спортшыларымызға арналған біркелкі форма сыйға тартты, – дейді жас маман.
Дене шынықтыру сабағы оқушыларды физикалық тұрғыда дамытып қана қоймай топпен жұмыс істеуге үйретеді. Футбол үйірмесін де қатар алып жүрген педагог оқушыларының үздік нәтижеге жетуі үшін үзбей дайындық жасайтынын айтады. Мақсаты айқын ұстаз қаңтар айында өтетін «Ұлттық мектеп лигасына» дайындықты бастап кеткен. Сондай-ақ алдағы айда үйірме қатысушыларын «Оқушылар лигасы» күтіп тұрғанын айтады. Ол жарысқа қыздар мен ұлдардан құралған бір команда жасақтап алып барса, «Ұлттық мектеп лигасына» оқушылар жас ерекшелігіне қарай қатысатынын жеткізді.
– Менің алға қойған мақсаттарым көп. Соның бірі – шәкірттеріммен бірге қол добынан республикалық деңгейдегі жарысқа бару. Әзірге олар облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүр, республикаға да шығатын күн алыс емес деп ойлаймын. Алда өтетін жарыстарға дайындық жаман емес, үздіксіз дайындалып жүрміз. Себебі «Ұлттық мектеп лигасы» – спорт саласында өзіндік орны бар ауқымды жарыстың бірі. Бұл дода жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сол себепті бар күшімізді жұмсап, жеңіс тұғырынан көріну үшін аянып қалмаймыз, Балаларды осы бастап спортқа баулуымыз керек. Өйткені олар – елдің жарқын болашағы,– дейді ол.
Былтыр «Үздік жаттықтырушы» атанған жас маман биыл тағы бір биік шыңды бағындырып, «Жылдың үздік мұғалімі» атанған. Әрине, бұл – кейіпкеріміздің табанды еңбегі мен шәкірттеріне деген жанашырлығының жемісі. Салаға серпін берген жас маманның алдағы уақытта да толағай табыстарға жететініне сенім мол.
Гүлжан БАХЫТБЕКҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!