Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жоғары білім беру саласында алғаш рет әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылған. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінен еліміздің 5 ЖОО көрінген, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан бұл нәтижемен Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында ең көп оқу орны енген мемлекет болып отыр. Nazarbayev University алғаш рет әлемдік топ-500 қатарына көтерілсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз орнын 1201-1500 диапазонында сақтап қалған. Сондай-ақ тізімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті енген.
Еліміздің жоғары білім беру орындары сан ғана емес, сапа тұрғысынан да өз позициясын нығайтқан.
World University Rankings – бұл зерттеу университеттерінің ең ірі және теңгерімді халықаралық рейтингі. Әдістеме 18 көрсеткішке негізделген. Олар бес бағыт бойынша топтастырылған:
✔ Оқыту (Teaching) – білім беру сапасы мен академиялық бедел;
✔ Зерттеу ортасы (Research Environment) – табыс, өнімділік және зерттеу беделі;
✔ Зерттеу сапасы (Research Quality) – дәйексөз келтірілуі, зерттеу күші мен ықпалы;
✔ Халықаралық бағдар (International Outlook) – шетелдік студенттер, қызметкерлер және жарияланымдар үлесі;
✔ Индустриямен байланыс (Industry) – өнеркәсіппен өзара әрекет және патенттік белсенділік.
Бағалау барысында 19 миллион ғылыми жарияланым, 1,5 миллион сарапшының пікірі және 3 мыңнан астам университеттің институционалдық деректері ескерілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!