Әріптестеріммен елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы білім ошақтарының бүгінгі жай-күйінен хабардар болу үшін сапарымыз Жаңадария ауылында жалғасты. Шалғай ауылдағы алтын ұя ұстаздары шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда қажырлы еңбек етуде. Олар оқушыларды білім мен тәрбие арқылы тұлға етіп қалыптастыруда жауапкершілікті бірінші орынға қойған.
Алғашында бастауыш сыныптық, одан кейін сегіз жылдық негізгі білім беріп, 1970 жылдан бастап орта білім беретін білім ошағы әр жыл сайын жаңа белеске қол жеткізуде. Беріректе мектеп жанынан 20 балаға арналған «Береке» шағын орталығы ашылған. Мұнда қазір 3 пен 5 жас аралығындағы балалар тәрбиеленуде.
Жалпы аталған мектеп жаңа оқу жылын 91 оқушымен бастаған. Мектеп директоры Мейрамбек Жамановтың айтуынша, 95 оқушының 6-ауы алғаш мектеп табалдырығын аттаса, 6 оқушы келер жылы мектеп бітіреді. Ал былтырғы оқу жылында 4 оқушы түлеп, ұлттық бірыңғай тестілеуге түгел қатысқан. Нәтижесінде 2 оқушы білім грантын жеңіп алса, 2-еуі ақылы негізде жоғары оқу орнына құжат тапсырған. Сондай-ақ «Алтын белгі» иегері атанған Ұлпан Амандық ұлттық бірыңғай тестілеуде 130 балл жинап, аядай ғана ауылдың емес, тұтас аудан абыройын асқақтатқан.
Аталған білім ошағында биыл ғылыми жоба, олимпиадаларда жүлдегер атанғандардың үлесі артқан, яғни ауылдағы алтын ұяның білімді жастары бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрініп, ұстаздардың еңбегін еселей түсті.
Сөзімізді жаңа оқу жылы басталысымен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты республикалық байқаудың облыстық кезеңінен ІІ орын иеленген 9 сынып оқушысы Нұржан Қартаңбайдың жеңісі қуаттай түспек. Ол бұл сайыста «Автокөліктің қолданыстығы модельдерін әзірлеу» бағыты бойынша қатысқан.
Айта кетейік, мұнда балалар бір ауысыммен білім алады. Мектеп ұжымы оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында оларды спортқа, өнерге, шығармашылыққа баулу мақсатында түрлі үйірмелерге тарта отырып, жүйелі жұмыс істейді. Мұндағы жастар спортқа бейім. Сондықтан мектепте ашылған үйірмелердің басым көпшілігі спортқа бағытталған. Үйірмелердің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де жоқ емес. Мектеп оқушыларының 80 пайызы сабақтан тыс уақытын аталған үйірмелерге арнайды.
Бүгінде мектепте 32 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде 3 педагог-зерттеуші, 12 педагог-сарапшы, 10 педагог-модератор бар. Мектеп директорының айтуынша, мұнда жастардың салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған бірқатар шара қолға алынған, яғни 2018 жылы мектеп жанынан дзюдо үйірмесі ашылып, жұмыс істеуде. Спорт мамандарының ұйымдастыруымен мектеп қабырғасында тұрақты түрде спорттық ойын түрлерінен жарыстар өткізіп тұрады. Ауыл жастарын аудандық сайыстарға қатыстыру, оларды ынталандыру, жаттықтыру жұмыстары күнделікті мектептің спорт залында жүргізіледі. Осы дзюдо күресіне қатысушы балалар бүгінде республика, облыс, аудан көлеміндегі туринирлерге қатысып, жүлделі орын иеленуде.
Ауылдағы білім ошағы барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, яғни оқушыларға жоғарыда аталған пәндерді заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар арқылы тереңірек оқып-білуге мүмкіндік қарастырылған. Мұнда робототехника саласы да қарқынды дамыған. ІТ саласына қызығушылық танытып, осы бағытта білім алуға талап қылған оқушылар қатары артқан.
– Иә, біз – аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекенбіз. Әріптестерім бүгінде білім саласында үздіксіз қызмет етіп, ұстаздық жолда қаншама шәкіртті шыңдап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қоғамға пайдалы тұлға қалыптастырып келеді. Әрине, шәкірттердің үздік болуы ұлағатты ұстаздардың біліктілігіне байланысты. Олар жыл сайын білім деңгейін арттырып, түрлі курстардан өтеді. Ұстаздардан білім алған түлектер оларға деген алғысын мектепке қамқорлық жасау арқылы білдіруде. Мәселен, физика пәнінің мұғалімі болған ардагер ұстаз Қасым Өтегеновтің балалары мектептегі физика кабинетін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етті. Біздің ұжым үшін ең маңыздысы – ауыл балаларына сапалы білім беру. Биыл мектептен 6 түлекті үлкен өмірге қанат қақтырамыз. Олар 100 пайыз ҰБТ-ға қатысады. Түлектер қазіргі таңда күндіз-түні дайындық үстінде. Нәтиже жаман емес. Оқушыларымыз ай сайын Қызылорда қаласындағы «U-Study» тестілеу орталығына барып, тест тапсырады. Алғашқы тест сынақтарынан оқушылар орташа балл жинады. Діттеген мақсатымызға жету үшін дайындықты үздіксіз жүргізе береміз, – дейді мектеп директоры.
Мұнда оқушыларды сапалы ыстық тамақпен қамтамасыз ету де бір ізге түскен. Міндетті оқу қоры есебінен 57 бала ыстық тамақпен қамтылса, оның 41-і – бастауыш сынып оқушысы, ал қалғаны көпбабалы отбасылардан шыққан.
Айта кету керек, ауылдағы алтын ұяда жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шарасын өткізу дәстүрге айналған. Игілікті іске демеушілік білдіріп, көмек қолын созатындар қатарында «Айбатыр» мен «Мәулен» жеке шаруақожалықтары бар.
Аядай ғана ауылдағы алтын ұяның бүгінгі тынысы осы. Оқушыларының білімге, спортқа, жаңашылдыққа жаны құмар. Олардың арманы асқақ, алға қойған мақсаты айқын. Ал ұстаздары жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың талантын ұштап, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде қажырлы еңбек ете береді.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!