Ел тұтқасы бүгінгі білімді ұрпақтың қолында. Сондай алғыр да ақылды жаспен біз де сұхбаттасып, оның қызығушылығы мен алдағы жоспарлары жайында әңгімелесіп қайттық. Бүгінгі кейіпкеріміз – №203 орта мектептің 6-сынып оқушысы Алпамыс Амангелдіұлы.
Алпамыс – сабағына ұқыпты, білімге құштар оқушы. Әсіресе ағылшын тілі пәнін ерекше жақсы көреді. Бұл пән оған тек сабақ емес, жаңа әлемге жетелеуші кілт іспеттес.
– Ағылшынша еркін сөйлей алмаймын, бірақ күн сайын жаттығамын, үйреніп жүрмін. Бүгінде ағылшын тілі – ғылым мен технологияның тілі. Бұл тілді меңгеру маған болашақта жаңа мүмкіндіктер береді, – дейді озат оқушы.
Әңгіме барысында айтылған ойларының астарында үлкен еңбек пен табандылық жатқанын аңғардық. Ол өткен оқу жылында 2-7 сынып оқушылары арасында өткен Зерде зерттеу жобалары байқауының аудандық кезеңінде ағылшын тілі пәні бойынша 2-орын иеленіп, өз білімін дәлелдеген. Әр жарысқа белсене қатысып, білімін сынап отырады. Бос уақытында ағылшын тілінде бейнероликтер көріп, жаңа сөздерді үйреніп жүр.
Айта кететін тағы бір жайт, Алпамыстың анасы – бастауыш сынып мұғалімі. Арман бастауы – анасының өнегесі. Кішкентайынан анасының сабақты қалай өткізетінін, балалармен қалай жұмыс істейтінін көріп өскен Алпамыстың болашақтағы арманы – ұстаз болу. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атанып, шәкірттеріне тек тіл үйретіп қана қоймай, еңбектенуді және өзіне сенуді үйреткісі келеді.
Ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында қазір түрлі сайыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген үлгілі шәкірт «ProEco» жобасының аудандық кезеңінде «Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем» бағыты бойынша 3-орын иеленді. Бұл жетістік – оның қоршаған ортаға деген қызығушылығы мен зерттеушілік қабілетінің дәлелі. Жас зерттеуші табиғатты қорғауды әр адамның парызы деп есептейді.
Оның бұл жетістіктері – бірнеше жылдық еңбектің жемісі. Алпамыс бастауыш сыныптан бастап-ақ білімге құштарлық танытқан. Бала кезінен 2-4 сынып оқушылары арасында өткен «Бастау» республикалық математикалық турнирінің аудандық кезеңінде 2-орын иеленген. Сонымен қатар мектептегі алғашқы жылдарынан-ақ поэзияға қызыға бастапты. Осы қызығушылығының арқасында «Мың бала» жобасы аясында өткен республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларында 3-орын иеленген.
– Алпамыс сабағын тиянақты оқиды, еркін уақытта стадионға барып, жаттығып қайтады. Әр істе ұқыпты, тәртіпке бағынады, қатарластарына өнеге болар бала, оның осыған дейінгі жетістігін тарқатсақ, айтар дүние көп. Біз осындай алғыр да озат оқушыларымызбен мақтанамыз, – дейді сынып жетекшісі.
Алпамыстың тек білімге ғана емес, спортқа да құштарлығы ерекше. Оған дәлел, балалар жылына орай ұйымдастырылған волейболдан аудандық жарыста үздік ойын көрсеткені үшін алған 3-дәрежелі марапаты. Осындай волейбол жарыстарынан кейін көбіне сыныптастарымен бірге футбол ойнайды. Доп тебу – оның балалық шақтан қалыптасқан сүйікті ермегі. Мектепшілік және аудандық жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен кезі де аз емес. Ол әлемге әйгілі футболшылар Месси, Роналду, Арда Гюлердің ойынын ерекше ұнататынын айтты. Десе де әңгімесінен бұл оның қазіргі хоббиі ғана екенін аңғардық. Алпамыстың алға қойған негізгі мақсаты – жақсы білім алып, болашақта өз мамандығын табысты меңгеру.
Сабақ жайынан бөлек бала Алпамыс өз үйінде ат баптаумен де айналысады екен. Қазір бәрімізге мәлім мәселе, оқушылар алтын уақытын телефон мен ғаламторға арнап, заман ағымына еріп кетіп жатады. Ал біздің бүгінгі алғыр кейіпкеріміз – ауыл тіршілігіне етене араласып, ата-анасына қолғабыс жасап жүрген еңбекқор бала.
Ат баптау – ауыл балалары үшін жай ғана міндет емес, ұлт рухымен ұштасқан тәрбие мектебі. Еңбек пен білімді қатар алып жүрген бүгінгі оқушымыз – ел ертеңінің тірегі. Әр қазақ баласы осындай жауапкершілікті бала кезінен бойына сіңірсе, еліміздің ертеңі де нұрлы болмақ.
Гүлжан Есжан
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!