Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Дүйсенбі, 13 қазан, 13:51

Кәсіпкер келіншек

12.10.2025

9

0

Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласында айтарлықтай серпін қалып­тасты. Бүгінде мемлекет тарапынан берілетін қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібінің көкжиегін кеңейткендер көп. Соның бірі – Әсел Абатқызы. Ол биыл «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант жеңіп алып, өз кәсібін бастаған.

– Негізгі мамандығым – математика пәнінің мұғалімі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзім түлеп ұшқан Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейде мұғалім болып қызмет еттім. Кейін тұрмысқа шығып, жолдасымның жұмыс бабына орай басқа қалаға қоныс аудардық. Алайда араға 14 жыл салып, былтыр туған жерге қайта оралдық. Отбасылық жеке кәсіп ашуды біраздан бері көздеп жүргенмін. Бұл ойымды жолдасым да, ата-енем де қолдап, үлкен сенім артып, қорықпай бастауыма дем берді. Интернетті қарап, жан-жақты зерттей отырып, «Қазір халыққа қандай кәсіп түрі өтімді, ауданда қандай кәсіп дамымаған?» деген сауалға жауап іздедім. Өзіңіз де білесіз, қазір балалар дүкенге барса, міндетті түрде чипсы алмай шықпайды. Оның қандай зиян екенін білсе де кейбір ата-аналар балалары жыламас үшін амалсыз алып жатады. Осының барлығын ескеріп, ешқандай қоспасыз жеміс-жидектен жасалатын жемісті чипсылар мен кепті­рілген жемістер жасауға бел будым. Шыны керек, бұл кәсіп Қазақстанда әлі толық дамымаған. Бұрын әжелеріміз алмадан және қауыннан қақ істеуші еді. Ал бұл кәсіп – сол қақтың қазіргі заманауи түрі, – дейді Әсел Жұматай.
Осылайша кейіпкеріміз кәсібінің қыр-сырымен толық танысу үшін Алматы қаласындағы кәсіпкер келіншектен білім алған. Айтуынша, бұл кәсіп бойынша білім алып жатқандардың ең жасы 21-де, ал ең үлкені 72-де. Ол кәсіп бастаймын деген жастарға мүмкіндік көп екенін, тіпті жасының үлкендігі шектеу келтірмейтінін айтады.
Кәсіпкер келіншек алдағы уақытта кәсібінің тынысын кеңейту мақсатында тағы да білімін жалғастыруды көздеп отыр. Әзірге үйінің бір бөлмесін шағын цехқа айналдырған ол қаражат қолына тие салысымен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған, яғни мұнда жемістерді езуге, кептіруге және сақтауға арналған арнайы құрылғылар бар. Кейіпкеріміз кәсіп бастағанына көп болмаса да тұрақты тұтынушыларын жиып үлгерген. Өнімін ең алдымен өзі үйге қонақ шақырғанда дастарқанға тойтабақ ретінде қойып бастаған. Кейін таныстарынан тапсырыс қабылдап, оларға жасаған жұмысын әлеуметтік желіге салу арқылы тұтынушылар қатары көбейген. Тіпті ол аудан орталығындағы дүкен иелерінен «Өнімдеріңізді біздің дүкенге қойсақ қалай қарайсыз?» деген ұсыныс та алып үлгерген.
Мұнан бөлек кейіпкеріміз ауыл тұр­ғындарынан да жиі тапсырыс түсіп жат­қанын айтады. Әзірге жеткізу қызметі болмағандықтан ол бәріне өзі уақыт тауып, тұтынушы тапсырысын уақытылы жеткізуге тырысып жүр. Ал оған тап­сырыс көп кезде анасы мен балалары қолғабыс етеді. Алдағы уақытта кәсібінің көкжиегі кеңейсе, өзі секілді үйде отырған аналар мен қыздарды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Айта кетейік, Әсел қажетті жемістерді аудан орталығындағы дүкен сөрелерінен, арнайы Қызылорда қаласынан және «Құрманбай ата» шаруа қожалығының алма бағынан жиі алып тұрады. Өнімін көбіне балалар тұтынатындықтан ол сапаға салғырттық танытпауды назарға алған. Кептірілген жемістерден бөлек Әсел лимон джемін де дайындайды. Оның айтуынша, бұл өнімге кез келген дүкен сөресіндегі лимон жарамайды, ар­найы Ташкент лимонымен ғана дайын­дайды. Ал басқа лимондар джемге қыш­қыл дәм беріп, жеуге жарамсыз болып қалады. Бұл өнімнің басқалардан ерекшелігі, кез келген ауруға ем.
– Әселдің кептірілген жемістерін жиі алып тұрамын, яғни тұрақты тұты­нушыларының бірімін. Балаларым да сү­йіп жейді. Құрбыларымның туған күнін­де де сыйлыққа беруге бірнеше рет тап­сырыс берген болатынмын. Үйдегі кез келген қуанышта дастарқанымызға Әсел­дің тәттілерін қоямын. Мәселен, ал­дағы айда отбасымызбен құдалыққа ба­рамыз, соған тәттілер қатарына Әсел­дің өнім­дерін қосқалы жатырмын, – дейді кент тұрғыны Қаламқас Оспанова.
Иә, кейіпкеріміздің өнімдері бүгінде үлкен сұраныс­қа ие. Себебі кептірілген жемістердің ден­­­­­сау­лыққа пайдасы зор. Мәселен, қан қы­сымын қалпына келті­ріп, жүрек жұ­­мы­сын жақсартып, жүйкені ты­ныш­тан­­ды­рады. Әселдің шағын цехында біз­ де кептірілген жемісті жасап көрдік. Ең ал­дымен алма, банан, жүзім, шие же­містерін жуып, блендер құрылғысының көмегімен жақсылап езіп алдық. Же­міс­теріміз бірқалыпты сұйықтыққа ен­ген­ше араластырып, жеміс кептіруге ар­нал­ған құрылғыға әр бөлек-бөлек құйып шықтық.
Айта кетейік, бұл құрылғы тек жеміс кептіріп қана қоймай, кез келген өнімді, яғни нан, балықты да кептіруге арналған. Жемістің кебуі бірнеше сағатқа созылады. Сондықтан кейіпкеріміз тапсырысты 2-3 күн бұрын қабылдайтынын айтады. Сон­дай-ақ алдын ала дайындалған өнімнің сақталу мерзімі – 1 жыл, яғни ұзақ уақыт бойы өз қалпын бұзбай, бал­ғындығын сақ­тап тұрады. Жемістерді то­лық кеп­кен­нен кейін ғана оны әртүрлі қы­лып орау­ға бо­лады.
Қабілеті мен мақсатын бір арнаға то­ғыстырып, жас та болса үлкен істі дөң­­ге­летіп отырған кейіпкеріміздің кәсі­бінің тынысы осы. Бастысы халықта сұ­ра­ныс, кәсіпкерде ынта-жігер бар. Ке­ліндік қыз­­метімен қатар кәсіптің көзін тауып отырған осындай жастар – мем­ле­кеті­міз­дің өркендеуінің кепілі. Кейіп­­керіміз кә­сіп­кер әйел ғана емес, асыл жар, 2 қыз, 2 ұл тәр­биелеп отырған ба­қытты ана.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: