Бұқарбай батыр ауылында ел құрметіне бөленген қоғам қайраткері Сартай Мыханұлының туғанына 90 жыл толуына орай ұлттық ат спортынан облыстық деңгейде жарыс ұйымдастырылды. Жарыс алдында игі дәстүр бойынша ауыл жұрты мен қонақтарға арнайылап ас берілді. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев мерейтой иесінің ел игілігі жолындағы еңбегін еске алып, ұрпаққа өнеге боларлық өмір жолын атап өтті.

Ас берудің соңы көпшілік асыға күткен ат жарысқа ұласты. Қайраткерді еске алуға арналған шарада шабандоздар сәйгүлігін атшабарда сынады. Додаға өңірдің әр ауданынан келген шабандоздар қатысып, жүйріктердің бабын, шабандоздардың шеберлігін көрсетті. Даланы шаңға бөккен жарыста құнан, тоқ, аламан бәйге ұйымдастырылып, жүлдеге қаржылай сыйлықтар табысталды.
Атшабарда майдан салған жүйріктердің барлығыдерлік бұған дейін де талай жүлдені еншілеп жүрген бәйге аттары. Бүгінгі ат жарыста осындай республикаға танымал жүйріктер бәйгеге қосылып, ұланасыр тойдың көркін қыздырды.
Жарыс құнан бәйгеден бастау алды. Атқан оқтай зулаған сәйгүліктер ат спорты алаңын дүбірлетіп, 15 шақырым қашыққа шапты. Адамның делебесін қоздыратын мұндай ат жарыс ұлттық дәстүріміздің қайталанбас үрдісі екенін дәлелдей түсті.
Бұдан әрі ат жарыс 20 шақырымдық тоқ бәйгеге ұласты. Аттың тісіне де, түсіне де, жасына да қарамайтын бұл бәйгеде 20-ға жуық тұлпар бақталасты. Жиналған жұрттың делебесiн қоздырып, қиқулаған дауыстар одан сайын ат спорты алаңын жаңғыртты.
«Той қызығы соңында» демекші, ат бәйгенің де ең қызығы – аламан бәйге. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, шын жүйрік тұлпарлар осы 30 шақырымдық аламан бәйгеде анықталды. Көпшілік асыға күткен бәйгеде қатысушылар 15 айналым бойынша жарыс жолына шықты.
– Жылқыны бағып, баптап, бәйгеге қатыстыру – үлкен өнер. Асқан қызығушылықпен ұзақ жылдар бойы бәйгеге ден қойып келемін. Бүгін де жақсы бәйге өтті. Жалпы Бұқарбай батыр ауылындағы Мыхановтар әулетін ұлттық спорттың жанашыры десе де болады. Олар бұған дейін де ел көлемінде үлкен бәйге ұйымдастырған болатын. Бүгін сол игі шара жалғасын тауып отыр. Жалпы елімізде ұлттық спортты насихаттау соңғы жылдары ерекше қарқынмен жүруде. Бұған әрине, қуануымыз керек. Тіпті бір-бірінен үлгі алып, осындай шараларды жиі қолға алу керек деп ойлаймын. Ал мұндай жұмыстардың, игі шараларды қолға алудың басында Мыхановтар әулеті бар. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Оның үстіне бүгінгі бәйге еңбек адамын еске алуға арналыпты. Оның өзі өнеге деп ойлаймын. Осындай қарапайым еңбек адамдарының өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болатыны анық, – дейді шабандоз Әмірбек Ерғалиев.
Бәйгеден хабар келсе, жолдың қашықтығына қарамай асығып келген жұрт ат дүбірі тұяқтан, ер дүбірі намыстан жығылмаған бәсекеге толы бәйгенің куәсі болды. Сәйгүліктер сайысында желден озып, жеңіс төрінен көрінген тұлпарлар мен шабандоздар дүбірлі додада бәйгенің түріне қарай 100 мың теңгеден бастап, 3 млн теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар иеленді.
Бұл жарыс елдік пен ерлікті дәріптеген, ұлттық дәстүр мен атбегілік өнерді ұрпақ жадында жаңғыртқан тағылымды шара болды.
Сезім НҰР
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!