Британдық «British Council» ұйымы жүргізген «Қазақстанның болашағы» (Next Generation Kazakhstan) атты кең ауқымды зерттеу нәтижелері жарияланды. Жоба жастардың ой-пікірін, үмітін және қоғамдағы рөлін тереңірек түсінуге бағытталған. Бұл бастама әлемнің түрлі елдерінде жүзеге асырылып, жас ұрпақтың даусын естуге мүмкіндік береді.
Қазақстандағы зерттеу LSE Consulting, Орталық Азия Барометрі (ЦАБ) және жобаның кеңесші кеңесімен бірлесіп іске асырылған. Барлығы 1270 жас қазақстандық (18–35 жас аралығында) қатысып, олардың 1202-сі сауалнамаға, ал 68-і тереңдетілген сұхбат пен фокус-топтарға тартылған.
Жастар – отбасы мен дәстүрге берік ұрпақ
Зерттеу көрсеткендей, қазақстандық жастардың көпшілігі өз тегін мақтан тұтады және отбасын басты құндылық деп санайды. Отбасы – олардың өміріндегі негізгі тірек, ал достары мен замандастары екінші орында. 80%-дан астам жас үшін отбасы – өмірлік бағыт пен моральдық қолдаудың басты көзі.
Оптимизм мен сенім – жас буынның айқын белгісі
Зерттеу нәтижесі жастардың қиындықтарға қарамастан, елдің болашағына зор сеніммен қарайтынын көрсетті. 80%-дан астам жас азамат Қазақстанның оң даму қарқынына және өз жеке болашағына сенімді.
Мысалы, ерлердің 86%-ы, әйелдердің 83%-ы өз өмір сапасына оң көзқарас танытқан, ал 87% ер мен 82% әйел болашақ мансаптарына үмітпен қарайды.
Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіш қазіргі ұрпақтың бейімделгіш, төзімді және қиындықты өсу мүмкіндігі ретінде қабылдай алатынын дәлелдейді.
Білім – өзгерістің қозғаушы күші
Жастардың білімге көзқарасы да оң бағытта. Сауалнамаға қатысқандардың 57%-ы Қазақстандағы білім беру сапасы жақсарып келеді деп есептейді.
Әсіресе 30–35 жас аралығындағы респонденттердің 78%-ы білім қоғамдағы өзгерістерге серпін береді деп санайды.
Сондай-ақ 70%-дан астам жас білімді жаһандық мәселелерді шешудің ең тиімді құралы деп біледі.
Жастар үшін басты табыс кілті – көшбасшылық, проблеманы шешу және коммуникация дағдылары. Сонымен қатар, қазақ және ағылшын тілдерін меңгеру еңбек нарығындағы маңызды артықшылық ретінде қаралады.
Кәсіпкерлікке қызығушылық артып келеді
Зерттеу нәтижесінде қазақстандық жастардың екіден бірі алдағы бес жылда жеке бизнес ашуға ниетті екенін білдірген. Бұл – елдің экономикалық белсенділігінің жаңа толқынын қалыптастыратын жағымды көрсеткіш.
Жаһандық көзқарас және елге деген мақтаныш
Жас қазақстандықтар әлемдік үрдістерге бейжай қарамайды. Олар Қазақстанды географиялық, дипломатиялық және мәдени тұрғыда «көпір ел» ретінде көреді – Батыс пен Орталық Азияны байланыстыратын стратегиялық ойыншы ретінде қабылдайды.
Елдің өңірдегі жетекші экономика ретіндегі беделі мен халықаралық абыройы – жастар үшін айрықша мақтаныш көзі.
Экологиялық жауапкершілік пен азаматтық белсенділік
Климат мәселесі де жастар назарынан тыс қалған жоқ. Респонденттер ең алдымен ауа сапасы, қалдықтарды басқару және су тапшылығы мәселелеріне алаңдайтынын білдірген.
Сонымен қатар, жастар экологиялық және әлеуметтік мәселелерге белсенді қатысып, цифрлық белсенділік арқылы өз көзқарасын білдіруде. Олар әлеуметтік желілерде қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, блог жүргізу, перформанс, комикс, музыка және эко-активизм арқылы азаматтық ұстанымын жеткізеді.
Зерттеу қорытындысы бүгінгі қазақстандық жастардың жаңа буыны дәстүр мен заманауилықты үйлестіре отырып, елдің дамуына белсенді үлес қосуға дайын екенін дәлелдейді.
Олар үшін басты мақсат – тұрақты даму, білім арқылы өрлеу және елдің болашағына сеніммен қарау.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!