Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сенбі, 18 қазан, 23:22

Ұлттық құндылықтар дәріптелген күн

18.10.2025

17

0

Сәрсенбіде аудандық қоғамдық даму бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Еңбек ауылында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған «Ауылға барамын» атты жастар жобасы өтті. Шараға әр салада қызмет етіп жүрген және NEET санатындағы жастар қатысты.

– Бұл жобаның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерімізді дәріптеп, ұлттық ойындарды қайта жаңғырту. Аудан белсенділерін ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып, жастарды еңбекке баулу. Бұл шараға 50-ге жуық жас қатысты. Оның ішінде түрлі салада еңбек етіп жүрген және осы ауылдың жастары да бар, – дейді жастар ресурстық орталығының директоры Әбзәли Төлеутай.
Шара ең алдымен жастардың бір-бірімен танысуынан бастау алды. Мұнан кейін ер-жігіттер жағы самаурын қойып, қой сойып, оны жіліктеуді үйренді. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың басым көпшілігі мал сою әдебі мен табаққа тартылу тәртібін біле бермейді. Жоба барысында ауыл азаматы Ербол Нағашыбай жастарға мал союдың дұрыс әдіс-тәсілін үйретті.
– Ауылдың баласы болғандықтан мал сою маған бала күннен етене таныс. Әкем мен ағаларымның жанында жүріп үйрендім. Шындығында, қазір ауыл балаларының өзі мал союға келгенде осалдау. Сондықтан артымыздан ерген жастарға ұлттық құн­дылықтарымызды барынша дәріптеп, бойына сіңіру үшін осындай шараларды көптеп ұйымдастырып тұруымыз қажет. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын. Ерікті түрде қатысып, бүгін біраз нәрсе үйрендік, – дейді Асқар Төлеубай.
Иә, «табақ тартуды білген өз сыйын біледі» демекші, шара барысында жігіттер жағы сыйлы қонаққа және әр адамның өзіндік орнына сай табақ тартудың үлгісін үйренді. Бойжеткендер жағы да қарап қалмады. Олар да қолдарынан келген өнерін ортаға салып, ауылдағы ақжаулықты аналарымыздың көмегімен біраз жұмыс атқарды. Бірі қамыр жайып, бауырсақ пісірсе, енді бірі айран пісіп, құрт жайды. Алыстан қазан-ошақтың қасында түскі астың қамына кірісіп жүрген бойжеткенді көзіміз шалды. Өзін Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің физика-математика пәнінің мұ­ғалімімін деп таныстырған Салтанат Зинел бұл жобаға былтыр да қатысқанын айтты.
– Бүгінгі жоба өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қыз баласы болғандықтан ас үйге бала күннен жақынмын. Анам қонақ ша­қырғанда үнемі қолғабыс етемін. Қамыр жайып, бауырсақ пісіруді ес білгелі анамнан үйрендім. Бүгін сол өнерімді ортаға салып, бауырсақ пісіріп, құрбыларыммен бірге ас дайындап жатырмын. Шыны керек, уақытымыздың басым бөлігі жұмыста өтетіндіктен бұл тіршілікті күнделікті жасауға уақыт жетпейді. Ал бүгін сол ол­қылықтың орнын толтырып, барлығын өз қолымызбен дайындап жатырмыз, – дейді Салтанат Әділбекқызы.
Мұнан кейін шара жастардың өзара топтасып ұлттық ойындар бойынша сынға түсуімен жалғасты. Ұлттық ойындарды ұлықтаған жастар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, бір сәт балалық шаққа саяхат жасады. Жастар екі топқа бөлініп арқан тартыс, гір тасын көтеру сынды спорттық сайыстар бойынша сынға түсті.
– Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті. Бір сәт таза ауада сер­гіп, жаңа достармен тіл табысып, түрлі тақырыпта пікір алмастық. Бұл жоба жылда дәстүрге айналған игі шара болады деп ойлаймын. Себебі жобаның жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол. Мәселен, өзім бү­гін алғаш рет шоққа нан пісіріп, ұлттық ойындарды ойнадым. Алдағы уақытта өткізілетін осындай жобаларға қалмай қатысып тұрамын, – дейді белсенді жас Аружан Талғатқызы.
Жоба соңы белсенді жастардың облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров пен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбетпен еркін форматта кездесуімен қорытындыланды. Кездесуде Жасұлан Ерданұлы ау­дандағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысын тілге тиек етті. Түрлі ұсыныстар мен тұщымды пікір айтқан жастарға әр­кез қол­дау білдіретінін жеткізген ол бүгінгі жобада белсенділік танытқан бір­қатар жасты аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің ал­ғыс хатымен марапаттады.
Кездесу жастар үшін тек ұлттық құндылықтардың дәріптелуімен ғана емес, аға буын мен жастар арасындағы сабақтастыққа, рухани бірлікке жол салуымен, ерекше салтанатымен әсерге толы болды.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: