Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 18 қазан, 21:22

Бәсі биік білім ордасы

18.10.2025

21

0

Мырзабай ахун ауылындағы №122 орта мектептен түлеген шәкірттердің көбі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қажырлы еңбек етуде. Мұнда ұлағатты ұстаздың еңбегін елеген шәкірттер жыл сайын ұстаз атына сынып ашып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап келеді.

Мектеп директоры Гаухар Нұртаева­ның айтуынша, ауылдағы алтын ұя биыл 196 балаға құшағын айқара ашқан. Оның 18-і мектеп алды даярлық тобына қабыл­данса, 13-і мектеп табалдырығын аттаған бүл­діршін. Биыл тү­лектер саны – 11. Оның 1-еуі «Үздік ат­­­тестатқа» үміткер. Қазіргі таң­да 8 түлек ұлт­тық бірыңғай тестілеуге қа­тысуға ниет­ті.
Былтырғы оқу жылында мектепті 19 тү­лек тәмамдап, 14-і ҰБТ-ға қатысып, 9-ы грант иегері атанған. Олар мектеп ди­­­рек­торының айтуынша, медицина са­ласы мен педагог мамандығына ба­сым­дық берген. Оның 2-еуі – «Үздік аттестат» иегері.


Мектеп басшылығы ұстаздардың бі­­ліктілігін арттыруды жіті назарда ұс­тай­­ды. Қазіргі таңда ауылдағы алтын ұяда 39 мұғалім жұмыс жасайды. Оның 8-і – педагог зерттеуші, 12-сі – педагог сарапшы, 17-сі – педагог модератор. Мек­тепте міндетті оқу қоры есебінен ыс­тық тамақпен 122 бала қамтылған. Оның 58-і – бастауыш сынып оқушысы. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ас­хана 14 үстел, 85 орындықпен жабдық­талған. Сондай-ақ оқушылардың спорт­пен шұғылдануына қолайлы жағдай жа­сау үшін мердігер мекеме «Мансұр» ЖК спорт алаңын салған.

Білімділердің бірегей ордасы

Бәсекеге қабілетті білімді тұлға қа­лып­тастыруды мақсат еткен мектеп ұжымының бүгінде жеткен жетістігі көп. Мәселен, олар былтырғы оқу жылында облыстық білім басқармасынан «Ынты­мағы жарасқан ұжым» номи­нациясын же­ңіп алған.
Өткен оқу жылында мектеп оқушы­лары пәндік олимпиада, ғылыми жоба сын­ды білім бәйгелерінде бақта­рын сы­нап, жүлделі орындарды иелен­ген. Жалпы білім беретін пәндер бо­йын­ша өткен олимпидаға 18 оқушы қа­­­­тысып, оның 6-ауы жеңіс тұғырынан кө­рінген. Ал 5-7 сынып оқушылары ара­сын­да­ғы олимпиадада 12 оқушы бақ сы­нап, оның 4-еуі жеңімпаз атанған. Ал ауыл ба­ла­ла­рына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олим­пиа­даға 11 оқушы қатысып, аудан­дық ке­зеңде 5-еуі жүлделі орын иеленіп, 1-еуі об­лыстық кезеңде үздік үштікті түйін­деген.
Мектеп директоры балалар мұнда бір ауысымда ғана білім алатынын ай­та­ды. Ал түстен кейін олар бос уақы­тын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтарға қа­тысады. Мұнда театр, вокал, қолөнер, бей­нелеу, дебат, Ыбырайтану және спорт­­тық баскетбол, волейбол, футбол, то­ғызқұмлақ, шахмат, теннис сынды үйір­­мелер бар. Аталған үйірмелерге бү­гін­де 150-ге жуық оқушы қатысады.

Ұстазын ұлықтаған білім ордасы

Гаухар Нұртаеваның айтуынша, білім ошағы жаңа кабинеттермен толыққан. Бүгінде 80 жылға жуық тарихы бар білім ордасын басқарған білікті басшылардың ұрпақтары мен шәкірттері ұстаздарына де­ген алғысын алтын ұяда атына арнайы кабинет ашып жеткізген.
– Өзіңіз көргендей, мектебіміз заман тала­бына сай материалдық-техника­лық базамен қамтамасыз етіліп, әр пән­ді терең үйретуге мүмкіндік бере­тін қа­жет­ті құрал-жабдықтармен, инте­рак­­тивті тақ­­та, компьютерлермен жабдық­талған. Түлектеріміз өздерінің ұла­ғатты ұстаз­дарының атына арнайы каби­нет ашып, ішін оқуға қажетті құрал-жабдық­тар­мен тол­тырып, іні-қарын­дастарының заман­ауи кабинет­тер­де білім алуына, мек­тептің жаңа­руына көмектесуде, – дей­ді білім ордасының басшысы.
Иә, мектеп тынысымен танысып жүр­генімізде ұстаздардың есімі берілген арнайы кабинеттерге назарымыз түсті. Гаухар Нұртаеваның сөзінше, былтырғы оқу жылының аяғында бастауыш сынып мұғалімі Тәжігүл Ізтаева мен Қыпшақкүл Сатқарованың құрметіне орай арнайы кабинет ашылған. Тәжігүл Ізтаева – ұс­таздық қызмет еткен жылдары шәкірт­терінің санасына тек білім ғана емес, рухани байлық пен адамгершілік дәнін еге білген жан. Бүгінде ұлағатты ұстаздан білім алған шәкірттер дәрігер, мұғалім, ғалым, инженер секілді маман­дықтарды меңгеріп, елдің дамуына еңбек етуде. Ал Қыпшақкүл Сатқарова ауылдағы алтын ұяда 40 жыл еңбек еткен. Одан білім алған шәкірттер бүгінде түрлі салада қызмет етуде.
Мұнан бөлек Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұлағатты ұстаз Сеңтай Кенжебекұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылған. 1950 жылдан бастап «Қызыл диқан» жеті жыл­дық мектебінде ­физика-мате­ма­ти­ка пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеп, 1959 жылы Н.В.Гоголь атын­дағы Қы­зылорда педагогикалық ­инсти­ту­ты­ның филология факультетін бітір­ген­нен кейін ұстаздық қызметін қазақ тілі мен әде­биеті пәні мұғалімі болып жал­ғас­тыр­ған.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ұла­ғатты ұстаз Теміртай Жармаханов атын­­дағы бастауыш сынып кабинеті де ашылған. Ұлы Отан соғысы басталғанда Теміртай ұстаз небәрі 15 жаста екен, ең­­бекке ерте араласқан. 1944 жылы та­­мыз айында Қармақшы аудандық әс­кери комиссариаты арқылы әскер қа­та­рына шақырылып, Шығыстағы жа­пон милитаристеріне қарсы күрескен 101-атқыштар полкіне жіберілген. Оның ең­бегі елеусіз қалмай, «1941-1945 жыл­дардағы Ұлы Отан соғысында Гер­ма­нияны жеңгені үшін» және «Кеңес Ар­миясы мен Әскери теңіз Флотына 30 жыл» медальдарымен марапатталған. Ел­ге оралған соң Теміртай ағай өмірін ұс­­­таздық қызметке арнап, шәкірттерінің бі­­лімді тұлға болып қалыптасуына үлесін қос­қан.
Айта кетейік, бұған дейін мектепте та­рих пәнінің мұғалімі Алпысбай ­Елеу­ұлы мен мектепті 18 жыл басқарған, ма­те­матика пәнінің мұғалімі болған Іскен­дір Қар­қынбаевтың атындағы кабинет те ашыл­ған.

Ауыл азаматтарының қолдауы

Ауылдағы демеушілер көмегімен мұн­да жыл сайын «Мектепке жол» ак­ция­сы дәстүрлі түрде өткізіліп, оқу­шы­­лардың жазғы демалысын тиімді ұйым­дастыруда. Мәселен, «Балдихан» ЖШС өз шаруа қожалығында жұ­мыс жасайтын қызметкерлердің бала­­ла­ры­н, яғни 69 баланы оқу құралдарымен, спорттық киіммен қамтамасыз еткен. «Керейт» шаруа қожалығы 4 балаға, мек­теп ұжымы 11 балаға, ауыл әкімшілігі 1 балаға, ауыл емханасы 1 балаға, «Кәу­сар» балабақшасы 1 балаға, ауыл кәсіпкерлері Рауа Садықова 1 оқу­­шыға, Зәуре Аруынова 1 баланы қа­жетті оқу-құралдарымен қамтамасыз ет­кен. «Оқу жылы аяқталысымен ба­ла­­­ла­рымды қай­да қыдыртамын?» ­де­ген сұрақ әр ата-ананың көкейінде бо­лады. Осы ретте балалардың жазғы ты­­нығу лагері де ауыл азаматтарының на­зарынан тыс қалмаған. Былтырғы оқу жы­­лының соңында «Балдихан» ЖШС де­­меу­шілігімен Алматы қала­сын­да­ғы «Тау жанашар» лагеріне 1 бала, Жаңа­қорған ауданындағы «Тал­дысу» ла­геріне ата-аналардың де­меу­шілігімен 2 бала, «Керейт» шаруа қо­жалығының көме­гі­мен 1 бала, «Дар­хан» ЖШС де­меу­ші­лі­гі­мен 1 бала де­малып келді. Мін­­­детті оқу қоры есебінен «Ақтерек» ла­­геріне 17 ба­ла­ға, білім бөлімінің кә­сіп­­одақ есе­бінен 2 оқушыға жолдама бе­ріл­ген. ­«Қа­зақ­­стан хал­­қына» қоғамдық қо­рының «Жаз­дық жолдама» жобасы ая­сында ауыл бала­лары Түркістан ­об­лысы Төле би ау­да­нын­дағы «Қуаныш» ла­геріне 1 оқу­­шы барып қайт­қан.
Гаухар Нұртаева басқарып отырған алтын ұяның бүгінгі тынысы осы. Талай шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырған қарашаңырақтың оқушылары озат, ұс­таз­дары білікті. Олардың білім бәй­гесінен бөлек, спортта да жеткен жетістігі көп. Бұл жетістік алдағы уа­қытта да жалғасын тауып, ауыл абы­ройын асқақтата бермек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: