Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сенбі, 18 қазан, 23:24

Үлгілі Ұлжан

18.10.2025

16

0

Ауданға қарасты Мырзабай ахун елді мекеніне сапарымыз ерекше әсер қалдырды. Бұл өңір – тарих пен руханият тоғысқан киелі мекен. Кезінде жеті ілімді меңгерген, халқының рухани ұстазы болған Мырзабай ахун есімі ел жадында мәңгі сақталған. Сол баба ізі қалған топырақта бүгінде білімге құштар жас ұрпақ өсіп келеді. Солардың бірі – №122 орта мектептің 10-сынып оқушысы Тұрлыбай Ұлжан.

Асқар таудай әкесің,
Кішкентай емес, үлкенсің.
Қайда жүрсем жүресің,
Жүрегі жылы әкесің.
Бұл – үш жасар Ұлжанның ең алғашқы шумағы. Бір күні анасы: – «Әкең келе жатыр, туған күнінде қуантсаңдаршы», – дегенде кішкентай Ұлжан сол сөзден шабыт алып, қолынан келген ең үлкен сый ретінде осы өлеңді шығарды. Содан бері өлең жазу оның сүйікті ісіне айналған.
Өнерге деген сүйіспеншілігін әрі қарай дамытқан ол өткен жылы республикалық «Мұқағали Мақатаев» оқуларына қатысып, облыстық кезеңде 2-орынға ие болды. Биыл да сол дәстүрді жалғап, республикалық «Махамбет оқулары» байқауында об­лыс­та оза шауып, республикалық деңгейде алғыс хатпен мара­пат­талды.
– «Махамбет оқуларында» мен үшін ең есте қалған сәт өз өлеңдерімді мәнерлеп оқу мен Махамбет жырын жалғастыру болды. Бұл байқау рух пен намыстың мектебі іспетті, – дейді Ұлжан Айболатқызы.
Өзі айтқандай, байқаудың бірінші бөлімінде ол өз өлеңдерін әсерлі мәнерлеп оқып, көрермен жүрегін тербесе, екінші бөлімде кез келген берілген Махамбет өлеңінің келесі тармақтарын ша­лыс ұйқаспен жалғастырып, суырыпсалма қабілетін танытқан.
«Тектіден текті туады» дегендей, Ұлжанның әке жағынан әпкелері де сөзге шешен, жырға жақын жандар екен. Өлеңмен ғана шектелмей, ол мектеп өмірінде де ерекше белсенді. Волейболдан мектеп құрамасында ойнап, аудандық жарыстарда жүлделі орын иеленіп жүр. Сабақ пен спортты ұштастыра білетін Ұлжан – көпқырлы оқушы.
Талапты оқушы кейде көңіліндегі ойды бейнелеу арқылы жеткізуді жөн көреді. Сурет салу – оның жан тыныштығы. Бояу мен қылқалам арқылы ойындағы сезімін жеткізуді ұнатады. Түстерді таңдағанда өте мұқиат. Кейде сурет салып отырып, уақыттың қалай өткенін байқамай қалады. Бір сағат, екі сағат…Ал қағаз бетінде жаңа әлем.
Сонымен қатар ғылыми және әлеуметтік жобаларға да белсене қатысады. Ол өз ғылыми жобасында «Оңтүстік Қазақстандағы киелі орындар туризмін арттыру» тақырыбында зерттеу жүр­гізген. Жоба барысында әлеуметтік желілерде көрсетілмеген, халық арасында ғана белгілі киелі орындарды анықтап, сол нысандарды қамтитын туристік маршруттар кестесін жасаған. Бұл еңбек жас зерттеушінің туған жердің мәдени құндылығын насихаттауға қосқан үлкен үлесі деуге болады. Оның айтуынша, бұл жұмыстың басты мақсаты – ұмыт қалған киелі орындарды жаңғырту және оларды болашақ ұрпаққа таныстыру.
– Еліміздің әр өңірінде қасиетті жерлер бар. Егер оларды насихаттай білсек, елде рухани туризм де дамиды. Менің жобам – соған кішкентай үлесім, – дейді жас зерттеуші.
Былтырғы оқу жылында Ұлжан мектеп парламентінің пре­зиденті болып сайланып, өз бастамасымен медиация және де­бат клубтарын ашты. Ол – тек ұйымдастырушы емес, нағыз көш­басшы. Өткен жылы Ұлжан бастаған команда «Jastar Cup» дебат турнирінің облыстық кезеңінде 3-орын иеленсе, биылғы оқу жылында ізбасар шәкірттер облыста 2-орын алып білім ордасының жетістігін еселеді. Мектеп өмірін жан­дандыру мақсатында сабақ арасындағы көңілді үзілістерді де ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігін арттыруға өз үлесін қосты. Қазір жетекшілік еткен дебат клубы жұмысын жалғастырып келеді. Оның құрамында 20 белсенді оқушы бар. Ұлжанның жолын жалғаған жас пікірсайысшылар бүгінде мектептің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсетіп жүр.
Бүгінде оның алдында үлкен таңдау тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты әлі бастаған жоқ, бірақ алдына мақсат қойып үлгерген. Көпшілік Ұлжанды өлеңмен өрнектеген жас ақын, дебат сахнасында еркін ойлы шешен ретінде таниды. Дегенмен оның арманы – журналист немесе халықаралық қатынастар саласының маманы болу. Жазда ағылшын тілінің қыр-сырын үйренуге кірісіп, жаңа білімге жол ашқан. Десе де жүрегінің түкпірінде «Менікі осы жол ма?» деген бір сауалдың тұрғанын ай­та өтті.
Терең білім мен ізденіске толы еңбек қана нағыз жетістікке жеткізеді. Мақала жазып отырған сәтте озат оқушы тағы бір сү­йінші жаңалығымен қуантты. Кеше кейіпкеріміз тағы ғылыми жобада бой көрсетіп, 3-орынмен марапатталып келді. Ұлжанның бойындағы жалын – жаңа буынның бейнесі. Білім мен шабытты серік еткен оның әр жетістігі – ертеңгі үміттің нышаны. Осындай болашағы жарқын жастар барда ел еңсесі де биік болмақ.

Гүлжан Есжан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: