Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сейсенбі, 21 қазан, 23:08

Білікті бапкер

21.10.2025

23

0

Апта басындағы таңғы тыныштықта Жалағаш ауданындағы № 13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің есігін аштық. Ішке енсең, өмір қайнап жатыр. Бір залда таеквандо үйірмесі қызу жаттығуда, екінші жақта күрес балалары белдесіп жатыр. Ал орта залдағы бокс алаңынан қолғап соққан дыбыс пен бапкердің нұсқауы естіледі. Бұл – жаттықтырушы Нұрлан Есжанов.

Далада жел ескенмен, зал іші оттай ыстық. Бала күндерінен-ақ «Кім мықты?» деп күш сынасып өсетін ер жігіттердің бойындағы сол қайсарлық бүгінде бокс өнеріне бұрылған. Бапкер Нұрлан әр оқушының қимылын түзеп, ке­ңесін беріп жатыр. Алдында – болашақ чемпиондар.
Жетекші бапкер өзі де Жалағаш ауданында дүниеге келген. Балалық шағынан спортқа ерекше қызығып өскен. Сол қызығушылық оны үлкен арманға жетеледі. Кейін Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын тәмамдап, туған жеріне оралып, бапкерлік жолды таңдады. 22 жылдық еңбек өтілі бар ол осы уақыттың барлығын бір салаға арнады. Бокстың тізгінін ұстап, спорт түрін аудан жастарының сүйікті бағытына айналдырды.
– Басқа да бапкерлер бар. Мен жетекшілік ететін топта бүгінде елуге жуық спортшы дайындалып жүр. Бала­лар­ды негізінен он жастан бастап қабылдаймыз. Осы жас­тан бастап спортқа баулу болашақ жеңімпаздардың ірге­тасын қалаумен бірдей. Қуаныштысы, үйірмеге тек аудан орталығынан ғана емес, көрші Ақсу өңірінен де, тіпті былтыр Далдабай елді мекенінен де оқушылар қатынап келіп жүрді. Кейде кеш батқанша жаттығу залында болатын балаларды көргенде ауыл спортының болашағына сенім артасың. Талапты, еңбекқор шәкірттер үшін біз де барымызды салып, бағыт-бағдар беруге тырысамыз, – дейді жаттықтырушы.
Бокс үйірмесі жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп, аптасына төрт немесе алты мәрте өткізіледі. Әр сабақ тәртіп пен уақытқа бағынған нақты жоспармен өтеді. Алдымен спортшылар міндетті түрде дене қыздыру жаттығуларын орындайды, зал ішінде жай жүгіру, иілу мен созылу қозға­лыстары арқылы шынығады. Бұл – денені жүктемеге дайын­даудың ең маңызды кезеңі. Одан кейін негізгі дайындық бө­лімі басталып, спортшылардың күшін, жылдамдығын және төзімділігін арттыруға бағытталған жаттығулар орындалады. Турникке тартылып, қол бұлшықеттерін шыңдайды. Залда арнайы соққы жасауға арналған бокс баллоны бар. Әр спорт­шы соққы күштерін жетілдіру үшін ауыр темірмен де жаттығу жұмыстарын істейді.
Бокс – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін спорт. Осы қағиданы басты ұстаным еткен спорттық тәлімгер оқушылары бүгінде Қазақстан Республикасы чемпионаттарында жүлделі орын иеленіп, аудан намысын абыроймен қорғап жүр.
Нұрлан Есжановтың ұйымдастыруымен 2003 жылы ашыл­ған бұл үйірме бүгінде 200-ге жуық жас спортшыны бі­рік­тіріп отыр. Өз кезегінде бапкерлік жасаған шәкірттерімен бірге жұмыс істейтін оның тәрбиесінде өскен екі оқушы бүгін өздері де жаттықтырушы ретінде үйірмеге үлес қосып жүр.
Қазір жаттықтырушы шәкірттерімен бірге алда өтетін маңызды сынға, яғни Ақтөбе қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындық үстінде. Оқу-жаттығу Қызылорда қаласында өтеді. Оның айтуынша, Ақтөбедегі жарыстан кейін Өскемен қаласында жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл додаға да бірқатар үздік шәкіртін дайындап жатқанын айтты.
– Жыл сайын бізге қажетті құрал-жабдықтар алып бе­ріп отырады. Қолдау бар, жағдай жасалған. Мен үшін ең бастысы, балалардың ынтасы мен талпынысы. Әр же­тіс­тік – соның жемісі. Мақсатымыз – тек Қазақстанды емес, Азияны, әлемді бағындыру. Шәкірттеріме үлкен үміт артамын. Олардың бойында қайсарлық бар, намыс бар. Сол намыс ертең елдің абыройын асқақтатады деп сенемін, – дейді жетекші бапкер.
Нұрлан Есжанов бұған дейін облыстық басқарманың алғыс хаттарымен марапатталып, өз кәсіби еңбегін айқын көрсетіп жүр. Спортқа деген адалдығы оны аудандағы бокс саласының дамуына қосқан талантты бапкер ретінде та­нытып келеді. Қазіргі таңда ол – спорт шеберіне үміткер.
Бокс спорты Қазақстанға ХХ ғасырдың басында Ресей арқылы келген. Десе де қазақтың бір табиғи болмысы бар, күш пен намысқа бейім. Қай баланың да бойында күреске деген туабіткен қасиет бар сияқты. Бұл қасиеттер ауыл ба­лаларының күнделікті өмірінен басталып, уақыт өте бокста көрініс тапқандай. Бокс – тек қана спорт емес, қазақ рухының айнасы, бабадан қалған күрескерлік дәстүрдің жалғасы. Аудандағы бокс залы әрдайым өмірге толы. Мұнда да­йындық ешқашан тоқтамайды. Рингтегі ұстаздаң еңбегі мен талпынысы бірігіп, спорт мектебін жасампаздық пен та­бандылық мекеніне айналдырған. Осы залдан болашақта елі­міздің намысын қорғайтын талай спорт үздіктері шығатынына сеніміміз мол.

Гүлжан ЕСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: