Ләззат Сүгірова 1980 жылдардың басында аспаз болып еңбек жолын бастады. Сол уақыттан бері ас дайындаудың шеберіне айналды. Бүгінде аудан орталығындағы №19 санаторлық бөбекжай-бақшасының бас аспаз болып абыройлы еңбек етуде.
Ол бұл балабақшаға 1990 жылы жұмысқа орналасты. Сол уақыттан бері артылған сенімді ақтап, мұндағы балалардың асына ұқыппен қарайды. Басшылық та оның осыған дейінгі жұмысын жоғары бағалап отыр.
– Біз осы балабақшада 35 жылдық еңбек өтілі бар Ләззат Исмайылқызымен мақтанамыз. Бір мекемеде ұзақ жыл еңбек ету екінің бірінің қолынан келмейді. Ал ол осынша уақытта мұндағы балаларға дәмді ас дайындап, абыройға бөленді. Қасындағы тағы екі көмекші аспазбен балаларға алты мезгіл ас әзірлейді, – дейді №19 санаторлық бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Жанат Төлешқызы.
Кейіпкеріміздің күнделікті жұмысы таңертең сағат 7:30-да басталады. Таңертеңнен кешке дейін осындағы балаларға 6 мезгіл ас әзірлейді. Балалардың таңғы асы 8:20-да дайын болуы керек. Ал түскі асқа 2 түрлі тағам тағы әзірлейді. Мұнан кейін бесін ас, кешкі ас балаларға рет-ретімен әзірленеді. Осы жұмыстардың барлығында Ләззат Исмайылқызы сыр берген емес. Бұл сөзімізге 35 жылдан бері балалардан немесе ата-аналардың олардың тұтынатын асына қатысты ешқандай арыз-шағым түспеуі дәлел.
Бас аспаз жұмысына аса ұқыппен қарайды. Мәселен, аспаздың онкүндік ас мәзірі бар. Бір күні берілетін тағам сол он күннің ішінде қайталанбауы керек. Осыдан-ақ бұл балабақшаның балалардың асына қандай ұқыппен қарайтынын бағамдай беріңіз. Ал әр әзірленген астан күнделікті сынама алынады. Мұның бәрі сақтық шараларында маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Мәселен, ертең осындағы балалардың бірінің денсаулығы сыр берсе, олардың тұтынатын асынан ба, әлде басқадан ба, сол жағына көз жеткізу үшін алынады. Әзірге балабақшада мұндай жағдайлар орын алған жоқ.
– Осында 35 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол уақыттан бері ата-аналар болмаса балалар тарапынан ешқандай шағым болған жоқ. Біз балалардың тағамын әзірлеу кезінде жауапкершілікті бірінші орынға қоямыз. Өзіміз де ата-анамыз, сондықтан әрбір баланың денсаулығы біз үшін маңызды. Мейлінше олардың құнарлы ас ішуін қамтамасыз етеміз. Өзім осы аспаз мамандығын оқыдым, аспаз болуды мақсат еттім. Шүкір, бұл салада жалпы 40 жылдық тәжірибем бар. Осынша уақытта ас дайындау ісінде қаншама тәжірибе шыңдадым, – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, №19 санаторлық бөбекжай-бақшасы 90 орынға лайықтап салынған. Бүгінде мұнда 85 бала тәлім алады. Олардың тәлім-тәрбиесіне 18 педагог жауапты. Мұнда балалар 1,5 жастан бастап қабылданады. Қазірдің өзінде 4 топ бар. 2-3 жас аралығындағы балалар кіші топта болса, 3-4 жас аралығындағы тағы ортаңғы топ бар. Ал 4-5 жастағы балалардан құралған ересектер тобы тағы бар.
Ләззат Исмайылқызы мұнда балалардың асына ерекше мән берілетінін айтады. Тіпті оларды әзірлеуге арналған азық-түлік өнімдерінің сапасына да ұқыппен қарайды. Әзірге азық-түліктен ешқандай мәселе жоқ, тіпті асханадағы құрал-саймандар да уақытылы жаңартылады. Апталық азық-түлік өз қоймаларында сақталады. Қажетті заттарға алдын ала тапсырыс беріліп, құнарлы өнімдер жеткізілуде.
– Балалардың күнделікті асын дайындау да оңай шаруа емес. Олардың ересектерге қарағанда иммунитеті әлсіз болып келеді. Сондықтан күнделікті тұтынатын асының құрамына аса ұқыппен қараймыз. Сағат 7.20-дан бастап олардың кешке дейін уақытылы тамақтануын қамтамасыз етеміз. Қазір 85 бала бар, әр топтың өзінің ас ішетін уақыты болады, сол кесте бойынша ас әзірлейміз, – дейді тәжірибелі аспаз.
Саналы ғұмырын өз мамандығына арнап, сол жолда абыройға бөленген кейіпкеріміз бүгінде балаларынан немере сүйіп, әже атанып отыр. Отбасында да бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын Ләззат Сүгірова осы мекемеде балаларға қызмет жасап жүргеніне еш өкінбейді. Өйткені ол аспаз болуға бел буды, сол жолда көп ізденді. Қазір 40 жылдан бері сол мамандығы бойынша табанды еңбек етуде. Оның аспаз саласындағы еселі еңбегі кейінгі буынға үлгі болары анық.
К.ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!