Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

10°C

, Сейсенбі, 21 қазан, 23:10

Ұлттық сусындарды ұлықтаған кәсіпкер

21.10.2025

24

0

Бала күнінен атакәсіпке бейім болған Дастан Жарасбаев былтыр төмен пайызбен несие алып, кәсібінің көкжиегін кеңейткен. Төрт түліктің ішінде таңдауы түйе мен жылқыға түсіпті. Ол қазіргі таңда төрт түлікті ауласындағы қорада бағып, төл сусыннан табыс тауып отыр. Осы ретте кеше кейіпкеріміздің шаңырағына арнайы аялдап, кәсібінің бүгінгі тынысымен танысуды жөн көрдік.

Амандық-саулық сұрасып, кел­ген жөнімізді айтып, қораға қарай беттедік. Ха­лыққа ұлттық сусынды ұсы­нып жүр­ген ол шаруаға ширақ жан екенін бір­ден аңғартты. Қораға кіргеннен төрт түліктің әрқайсысымен күбірлеп сөй­лесіп, сүтін сызылдатып сау­ған күйі әңгімесін бастады.
– Иә, мал шаруашылығы қазақ­тың қанында бар, жанымызға ­ жақын кәсіп қой. Жалпы түйенің пайдасы өте көп. Бір ғана сусыны мың түрлі ауруға ем. Көршілес ауылдардан, кент тұрғындарынан жиі тапсырыс тү­седі. Одан бөлек өнімдерімді ап­та­сына бір рет Қызылорда мен Ал­­маты қаласына 60-70 литрдей жі­беріп тұрамыз. Тұтынушылар кө­бі­не той-томалаққа, емге ал­дын ала тапсырыс беріп қояды. Түйе­нің бас­қа малдан ерекшелігі, асып бара жат­қан бейнеті жоқ. Өзі жайы­лып, ке­ліп-кетіп жүреді. Әйелім мен ба­лам қолғабыс етеді. Мен түйені сау­сам, келіншегім биені сауады, – дей­ді Дастан Керейтбайұлы.
Тынымсыз тірлігі жемісін беріп отырғанын айтқан кейіпкеріміз бие сауып, саумал сатумен де, жылқы бордақылаумен де айналысады. Айтуынша, жаз мезгілінде күніне 7-8 адам саумал ішуге келеді. Оның ішінде кент тұрғындарынан бөлек ауылдан да келетін ағайындар бар. Іскер азамат сауынға байланған бие­ні үркітіп алмай жуа­сытқан тиімді екенін айтады. Ол қорасындағы бие­лерді күніне үш сағат сайын 6 рет са­уып, 60 литрдей өнім алып отыр.
Жалпы саумал сан ауруға ем, денсаулыққа өте пайдалы. Оны күнделікті тұтынатын тұтынушылар қа­тарының артқанынан аңғаруға бо­лады. Жылдың қай мезгілі болсын саумалды емге пайдаланатындар көп. Себебі саумал асқазан, өкпе, жү­рек ауруларына ем, қанайналым, ішек жұмысын қалыпқа келтіреді. Кейіп­керіміздің айтуынша, тұрғын­дар ара­­сында қымызға да сұраныс жо­­ғары. Жылқы малы жыл он екі сауылатындықтан ата-ба­ба­­­мыз жыл мезгіліне қарай қы­мызды уыз қы­мыз, жазғы қымыз, күзгі және қыс­қы қымыз деп бөлген. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, уыз қымыз – бие сүтінің уыз дәмі таралған кезде ашытылған қою қымыз. Ал сары қымыз – жаз ор­та­сын­дағы, шөп әбден пісіп, буыны қат­қан кездегі қымыз. Түнемел қы­мыз – мол қордың үстіне сүт қыш­қылы арнаулы торсықта сақ­талып, екі тәулік сапырылып, пісуі жеткен қымыз. Сондай-ақ құнан қы­мыз үш тәулік бойы ашытылса, бал қымыз – бал, қант секілді тәтті қо­­сып дайындалған қымыз түрі. Оны сырқат адамға, балаларға, жаңа бо­санған жас әйелдерге береді.
Мұнан бөлек төрт тәулік ашы­тылатын қымызды дөнен қымыз деп атайды екен. Ал бесті қымызды – бес тәулік ашытса, асау қымызды бе­сті қымыздан да көп ашытады. Кейіп­керімізбен әңгіме барысында бұл сусынның дайындалуына қа­рай жуас, қорабалы, сірге жияр де­ген түрлері де барын білдік. Төрт тү­лік­тен табыс тауып отқан бұл от­басы ата­кәсіпті өрістету ісін бір жол­ға қой­ған. Бүгінде ол 10 түйені екі мез­гіл сауып, одан күніне 60 литрдей өнім алуда.
– Шұбат ашығаннан кейін оны тұты­нушыға ұсынар алдында шай­қап, көпіршігін жақсылап аралас­ты­рып беру керек. Бұл түлік суды аз ішетіндіктен сүті майлы болып келеді. Шұбаттың құрамында май, әр­­түрлі витаминдер өте көп. Сон­дықтан бұл өнімді халық емдік мақ­сатта ішеді. Жасы ұлғайған қарт­тар, қандайда бір сырқат тү­рімен ауыр­ған науқастар шұбатты іш­кен­нен ке­йін ұйқысы жақсарып, сер­гіп, ақы­рын­дап ауруынан айығады, – дейді Дас­тан Керейтбайұлы.
«Арнайылап келген екенсіндер, үйге кіріңдер» деп төрін ұсынған Дастан ағаның шұбатынан дәм тату бізге де бұйырды. Иә, расында кәсіпкердің шұбаты жұрт мақ­та­ғандай ерекше, қою екен. Дастан аға дастарқан басын­да өнім­дері күні ке­ше Қызыл­орда қа­ласында өткен ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің жәр­­меңкесіне қойы­лып, бірер са­ғат­та таусылып қал­ғанын айтады.
– Өздеріңіз білетіндей, шұбат – бой­ға қуат, дертке дауа. Мен Дастан ағаның тұрақты тұтынушыларының бірімін. Өзімнің және отбасымның саулығы үшін, жиі шұбат аламын. Дас­тан ағаның шұбатының дәмі тіл үйі­реді. Шөлімізді басып қана қой­май, біраз ауруға ем ретінде де қол­данамыз. Одан бөлек той-то­малаққа жиі тапсырыс береміз, – дейді кент тұрғыны Айнұр Смайлова.
Атакәсіпті алға оздырып, түйе байлап, шұбат баптаған, бие бай­лап, саумал сатқан бұл отба­сының күнделікті тіршілігі осындай. Аудан тұрғындарының бірі дертіне шипа тауып, алғысын жаудырса, енді бірі қаладан келген қонаққа ауыл өні­мін мақтанышпен ұсынып, бір мар­қайып қалады. Жалпы кез келген адам кәсіптің қай түрін қолға ал­са да, оған бар ынта-жігерімен кіріс­песе, нәтиженің болуы екіта­лай. Ал біз әңгімелеп отырған ең­бек­қор ағамыз бұл кәсіптің қыр-сырына жастайынан қанық. Кө­бісі ай­на­лы­суға тәуекел таныта бер­мей­­тін түйе ша­руашылығын қол­ға алу Дастан ағайдың іске де­ген та­бан­дылығын танытса керек. Ең­бек­ке деген адал­дықтан бірнеше кә­сіп түрін бір ар­наға тоғыстырған кейіп­керіміздің қо­ңыр тірлігінің ты­ны­сы осы.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: