Өткен сенбіде Республика күні ұлттық мерекесі мен «Алтын күз» мерекесі Жалағаш ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Шара уыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Жер-ананың жемісін, ел еңбегінің нәтижесін паш еткен жәрмеңке даланың дархан мінезін, қазақ еңбегінің қасиетін сездірген ерекше күн болды. Іс-шараның мақсаты – жергілікті шаруалардың өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен ұсыну және отандық тауар өндірушілерді қолдау. Жәрмеңкеде тұрғындар қажетті азық-түлігін арзан бағамен алып, отандық өнімнің сапасына жоғары баға берді.
Жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке
Таңертеңнен бастап аудан орталығындағы алаңда халық көп жиналды. Бұл күн – нағыз еңбек мерекесіне айналды деуге болады. Себебі жәрмеңкеге ауданға қарасты барлық ауылдық округ атсалысты. Сөрелерде жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің өз қолымен дайындаған табиғи өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, ет және басқа да азық-түлік қойылды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаев жәрмеңке барысын өз бақылауында ұстап, бағалардың тұрақтылығына ерекше назар аударды. Барлығы 60 автокөлікпен ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Жалпы құны 40 миллион 960 мың теңгені құрайтын азық-түлік тауарлары тұрғындарға ұсынылды. Жәрмеңке барысында халыққа барлығы 164,7 тонна өнім қолжетімді бағамен сатылды. Оның ішінде 38 тонна күріш, 30 тонна картоп, 20 тонна пияз, 20 тонна асқабақ, 5 тонна қауын, 5 тонна қарбыз ,10 тонна сәбіз, 4 тонна қызанақ, 3 тонна қияр, 3 тонна болгар бұрышы, 3 тонна қырыққабат, 2 тонна баклажан, 3 тонна қызылша, 1 тонна жылқы еті, 1 тонна сиыр еті, 1 тонна алма, 1 тонна балық бар. Сонымен қатар 5 тонна жем, 300 жоңышқа пресс, 500 шөп пресс аудан тұрғындарына арзан бағада сатылды.
Жәрмеңке алаңына жиналған жұрттың арасында жасы да, үлкені де бар. Барлығының мақсаты бір, қыс қамын ерте жасау. Соның бірі жасы ұлғайса да әлі тың Тынымкүл Мусаеева апайымыз жәрмеңке көркін қыздырып жүр.
– Үйге қажетті картоп, сәбіз, қызылша алдым. Бағалары көңілімнен шықты. Мұндай жәрмеңкелердің жиі ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс, халыққа өте пайдалы. Егіннің молшылығы елдің ырысы, халықтың несібесі ғой. Еңбегімен елге өнім ұсынып жүрген шаруаларға ризамын, – дейді ақжарма тілегімен бөліскен апамыз.
Береке мен молшылық мерекесінде көріскен таныстар амандық сұрасып жатыр. Бұл күн аудан халқы үшін тек сауда алаңы ғана емес, елдің ынтымағын, бірлігін, дәстүрге деген құрметін айшықтаған мерекелік сәтке айналды.
Жәрмеңкеге атсалысқандар арасында Таң елді мекені де бар. Бұл өңір тұрғындары биылғы шараға ерекше дайындықпен келіпті. Таңдық шаруалар аудан орталығына 2 тонна күріш жеткізген. Өнім сапасы жоғары, бағасы да тиімді деңгейде ұсынылды. Мәселен, өткен жылы күріштің бір қабы 8000 теңгеден сатылса, биыл оның бағасы 6000 теңге көлемінде болды. Ал күріштің келісі небәрі 240 теңгеден сатылып, тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.
Жәрмеңкеде ет пен көкөніс өнімдерімен қатар балық та саудаға шығарылды. Аудан тұрғындарына балғын өнім ұсынғандардың бірі – «Алтын балық» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіп иелері жәрмеңкеге 200 келі балық өнімдерін әкелген. Өнім экологиялық таза, бағасы да халыққа ыңғайлы, сазан мен лақаның келісі 1500 теңгеден, ал карас 700 теңгеден саудаға шығарылды. Тұрғындар балық өнімдеріне де қызығушылық танытып, бұл бөлімнің де саудасы қыза түсті. Мұндай шаралар жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін кеңінен ұсынуға, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр.
Жәрмеңкеге Қызылорда қаласынан келген жеке кәсіпкер «Қылыш» ЖК да өз үлесін қосты. Кәсіп иесі аудан тұрғындарына 5 тонна ет өнімін жеткізіп, оны келісін 2600-2700 теңгеден халыққы ұсынды.
Иә, берекелі күздің бұл жәрмеңкесі ауыл еңбеккерлері жұмысының жемісін ел игілігіне ұсынған мерейлі шара болды. Республика күні де егін орағы аяқталып, қамбаға астық құйылған сәтке тұспа-тұс келді. Елдің еңсесін көтеріп, халықтың ризашылығын тудырған шара келешекте де жалғасын тауып, аудан экономикасының дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шаралар салтанатты түрде Қазақстан Республикасының туын көтеру рәсіміне ұласты. Мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетіліп, шараға қатысқан тұрғындар әнұранды қосыла шырқады. Бұл сәт мерекелік күннің маңызын айшықтап, елдік рух пен бірліктің айғағына айналды. Мерекелік шара жаңартылған стадионның ашылуымен жалғасып, спорт алаңының жаңа кезеңі басталды.
Стадион стандартқа сай жаңғыртылды
Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» жобасы аясында Жалағаш ауданындағы «Наркескен» спорт алаңы қайта жаңғыртылды. Бұл – аталған бағдарламамен реновацияланған алғашқы стадион алаңы. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚФФ жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының директоры Бақытжан Пазылхайыр, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты. Жиында құттықтау сөз сөйлеген Бақытжан Пазылхайыр аудан тұрғындарын ұлттық мереке Республика күнімен тұспа-тұс келген нысанның ашылуымен құттықтады.
– Барлық спорттың негізі – инфрақұрылым. Талантты балалардың өсуіне, жоғары жетістіктерге жетуі үшін осындай алаңдар, үлкен спорт кешендері қажет. Бүгінде Қазақстан Футбол федерациясы республика бойынша осындай тоғыз алаңды жаңартуда. Бүгін сондай ауқымды жұмыстардың бірін көріп отырсыздар. Жалпы аймақтың спорт саласында 20-ға жуық спорт нысаны пайдалануға беріліп жатыр. Күні кеше Қызылорданың сол жағалауынан «Қайсар Арена» стадионы іске қосылып, оған халықаралық сарапшылар жоғары баға берді. Дәл осындай жағдай жасалып жатқан өңірде болашақ чемпиондар да көп болады деп сенемін, – дейді ол.
Жаңартылған алаңға заманауи CCGRASS компаниясының жоғары сапалы жасанды төсеніштері төселді. Бұл FIFA Preferred Provider сертификатына ие, УЕФА талаптарына сай келеді. Аталған төсеніш түрлі ауа райына төзімді, ойыншыларға жайлы, бір жағынан қауіпсіздік қамтамасыз етілген, сондай-ақ кез келген деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.
Айта кету керек, бұл – еліміз бойынша «ALAN» жобасы аясында ашылған он сегізінші алаң. Жыл соңына дейін осындай төрт алаң пайдалануға беріледі.
Бұған дейін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың бастамасымен Қазақстан Футбол федерациясымен әріптестік байланыс оратылып, екіжақты меморандумға қол қойылған. Бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен жүзеге асқан жобаның жалпы құны – 180 млн теңге. Аудандағы 2000 адамға арналған стадион заманауи кейіпке енді.
Өңірде 200-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде футболмен айналысады. Жас спортшылар жаңа алаңда кәсіби шеберліктерін шыңдап, өз мүмкіндіктерін арттыруға жол ашты. Талапқа сай жасалған спорт нысаны жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануға зор мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде аудандағы бұқаралық спорттың дамуына жаңа серпін бермек. Шара барысында әлеуметтік нысанның маңызы ерекше аталып, оның аудан жастары мен тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталғаны айтылды. Сонымен қатар жобаның уақытылы және сапалы жүзеге асуына үлес қосқан сала мамандарына және аудан спортшыларына облыс әкімінің арнайы марапаттары табысталды. Салтанатты рәсімнен кейін келген қонақтар жаңартылған орталық стадионды аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Заманауи талаптарға сай қайта жөнделген нысанның сапасына жоғары баға берілді.
Көрме көркін
ауыл өнімдері айшықтады
Мерекелік шарада келген қонақтар мен аудан жұрты ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Көрменің мақсаты – жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің еңбегін насихаттау, сондай-ақ ауданның экономикалық және мәдени әлеуетін таныту. Шараға өңір кәсіпкерлері өздерінің экологиялық таза және сапалы өнімдерін ұсынды. Көрме сөрелеріне ағаштан жасалған ұлттық және заманауи нақыштағы бұйымдар, бал өнімдері мен тұрмыстық тұтынуға арналған тағам түрлері қойылды. Әсіресе кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкер Әсел Абатқызының өнімдері көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Ол балаларға арналған чипсы өнімін табиғи құраммен өндіруді қолға алып, бүгінде өз ісін табысты жүргізіп отыр. Бұл аудан жастары арасындағы кәсіпкерлердің жаңа бағытта дамып келе жатқанын айғақтайды. Көрменің маңыздылығын ескере отырып, іс-шараға «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының түсірілім тобы да арнайы келіп, жас кәсіпкердің жұмыс барысымен танысты. Этнонақыштағы көрме ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеп қана қоймай өңірлік өнімдерді кеңінен танытуға бағытталды.
Көрмеге жақындай бере бал бағасын саудалап тұрған кісілерді байқап аялдадық. Салқынды сап тиятын дәруменге бай бал бір демде сатылып жатыр. Өндіруші Айна апайымыз екен. Жалағаш ауданына қарасты Дәуімбай елді мекенінде тұратын Айна Қожаниязова бал жинауды бастапқыда хобби ретінде бастаған. Алғашқыда тек 5 жәшік ара ұстап, қызығушылықпен бал жинаған. Кейін ағайын-туыстарына сапалы, таза өнім ұнап, кәсіп бастауға бел буған. 2020 жылы мемлекеттік грант негізінде бастау алған кәсіп бүгінгі күні жемісін беріп отыр.
– Біздің 35 ара ұямыз бар. Әр маусымда 500-600 келі бал аламыз. Қыста аралар демалады, ал наурыздан қарашаға дейін бал жинаймыз. Биыл «Ауыл аманаты» жобасынан 2,5 пайызбен несие алдық. Өнімді Қазақстанның барлық аймағына жеткіземіз, тапсырысты үлкен ұлым инстаграм әлеуметтік желісі арқылы қабылдайды. Көбіне Алматы, Астана қалаларынан сұраныс көп, – дейді омарташы Айна.
Отбасылық бал шаруашылығын үлкен ұлы ілгері дамытып, «Муслим» атауымен ұсынуда. Қызылорда қаласында бал өндіру ісін кеңейтіп, тұтынушылар сеніміне ие болып келеді. Бүгінгі ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесіне жантақ балын алып келген.
Еңбек озаттары
мерекеде марапатталды
Республика күні – ел жадындағы ұлы бетбұрыс. Бұл күн – еркіндікке ұмтылған халықтың арманы орындалған тарихи кезеңнің бастауы. 1990 жылдың 25-қазанында қабылданған Егемендік деклорациясы ел тәуелсіздігінің алтын арқауы, азаттыққа бастаған жолдың алғашқы нышаны еді. Сол күннен бері Қазақстан әлем мойындаған егемен елге айналды. Сондықтан Республика күні – өткенге тағзым, болашаққа бағдар болған ұлық мереке.
25 қазан – Республика күні мен «Алтын күз – 2025» мерекесі Жалағаш жұрты үшін мерей сыйлаған күн болды. Бұл – ел еңбегін ұлықтап, берекелі тірліктің, бейбіт өмірдің қадірін сезіндіретін жарқын мереке. Күздің молшылығымен астасқан бұл күнде ауданның егіншілері мен шаруалары жыл бойы маңдай терінің жемісін тойлады. Күн мен жердің шуағынан нәр алған алтын дән қамбаға құйылып, ырыс пен берекенің символына айналды. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев дала дарабоздарының еңбегіне ерекше тоқталды.
– Ұлттық мерекеде аймағымыздың диқандары Сыр елінің қамбасын молайтып береке мен бірліктің үлгісін көрсетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын артып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында негізгі көрсеткіштерге оң серпіліс жасалды. Еңбеккерлер байрағын биік ұстаған бабалар ізімен тәуелсіздік тұғырын асқақтатып, мемлекетімізді нығайтуда. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді ол.
– Республика күнін атап өту күріштен тау тұрғызған диқан қауымына құрмет көрсетілген ауданымыздың берекесі мен молшылығын арттыратын «Алтын күз» мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам жасап, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамаларымен жүзеге асып жатқан реформалар еліміздің жарқын болашағына бағытталуда. Жалағаш ауданы диқандары биыл 36 мың 712 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде 13 357 гектар күріш егіп, әр гектардан 59 центнерден, барлығы 1 млн 145 мыңға жуық центнер өнім қамбаға құйылды. 2025 жылдың қорытындысымен облыс бойынша ауданымыз жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша «Озат аудан» номинациясын иеленді. Бұл – ала жаздай маңдайы күнге, табаны құмға тиген мәртебелі еңбек адамдарының еселі еңбегінің жемісі, – деді аудан әкімі А.Ибраимов.
Бірқатар сала майталманы мен ардагерлер, еңбек озаттары Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен», облыс және аудан әкімдерінің алғыс хатымен, Ішкі істер министрінің «Құрметті ардагері» төсбелгісімен, Жалағаш ауданынының «Құрмет» грамотасымен, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық-кәсіптік одағының «Елеулі еңбек үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ агротехникалық талаптарды сақтай отырып, егін шаруашылығында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Сәрке Батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі марапатталды. Төрағасы Қанат Демесінов 1456 гектар күріштің әр гектарынан 75 центнерден өнім алған. «Ауылым» фермер қожалығының төрағасы Манарбек Еспанов 680 гектар күріштің әр гектарынан 72,5 центнерден өнім жинаған. «Есжанов» шаруа қожалығының төрағасы Кенжебек Әубәкірұлы 290 гектар күріштің әр гектарынан 70 центнерден өнім алды.
Сонымен бірге агроөнеркәсіп саласының үздік майталмандары «Озат шаруашылық», «Озат бригадир», «Озат комбайншы», «Озат күрішші», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат бақша өсіруші», «Озат су маманы», «Озат бақташы», «Озат жылқышы», номинациясымен марапатталса, әріптесіміз, Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің бас маманы Ұлмекен Қапанова «Озат тілші» номинациясына лайық деп танылды. Сондай-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген өндіріс озаттарына қаржылай сыйақы табыс етілді.
Күмбірлеген күй. Көк аспан астындағы шалқыған рух. Заман өзгерсе де, қазақтың кең пейілі, достық пен берекені дәріптеген дәстүрі орнында. Мереке алаңында киіз үйлер тігілді. «Достық үйі», «Шеберлер үйі», «Аналар үйі», «Ардагерлер мен Егіншілер үйі» көпшілікке есігін айқара ашты. Әр үй – бір тарих, әр бұйым сан жылдардың куәсі. Асыл қарттар мен қадірлі қонақтарға дастарқан жайылып, ақ тілек айтылды, бата берілді.
Еңбек ерлерін ұлықтаған салтанатты шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен гала-концертке ұласты. Күздің қоңыр лебіне қарамастан жалағаштықтар мерекелік шараға асыға келді. Көк аспан астындағы бейбіт өмірдің сәтін бейнеқұралмен дрон түсіріп жүр – аспанға көтерілген әр кадр, әр көрініс туған жердің тыныштығын, ел бірлігін таспалағандай. Сол сәтте алыстан өтіп бара жатқан жүрдек пойыз ырғағы құдды осы көріністі аңсаған ата-баба көшіндей көрінді. Ендігі біздің көш – жасампаз, өркениетке ұмтылған бейбіт өмірдің көші болуы керек.
Гүлжан ЕСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!