Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 30 қазан, 01:59

Ұлағатты ұстаз

29.10.2025

27

0

Білікті маман даярлау – кез келген елдің келешегін айқындайтын маңызды іс. Осы бағытта еңбек етіп жүрген жанның бірі – Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің ұстазы Берекет Нұржан. Ол – өз ісіне адал, шәкірт тәрбиелеуді өмірінің басты мұраты санаған педагог. 2020 жылдан бастап оқу ордасында ұстаздық жолын бастаған ол ауыл шаруашылығын механикаландыру және фермер мамандығы бойынша талай шәкірттің бойында білім шырағын жақты.

– Жоғары оқу орнын кәсіптік білім беру бойынша тә­мам­­дадым. Қыздар жағы аспаздық пен тігіншілік бағытын таң­даса, ер балалар ағаш ұстасы сияқты салаларды мең­герді. Ал мен өз қалауыммен машина жөндеу өнеркәсібін таң­дадым, – дейді Нұржан Серікұлы.
Педагог студенттерге теориялық бағыттағы дәрістер береді. Сабақтарда техника түрлерін басқаруды, олардың құрылымы мен қызметін түсіндіреді. Ал практикалық және өндірістік оқытуды тәжірибелі шеберлер жүргізеді. Білім алушылар ангарда болып, машинаны айдау, жөн­деу тәсілдерін үйренеді. Қазіргі таңда кәсіптік білім бе­руші бітіруші 3-курс студенттеріне дәріс беріп, болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Жас та болса оның шәкірттері олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп жүр. Былтыр студенті Мейірман Ақ­ниетпен бірге Байқоңыр қаласында ұйымдастырылған «Ма­мандығым – жетістігім» атты халықаралық байқауда бақ сынап, бірінші орын иегері атанған.
– Сайыс барысында оқушым Ақниет күн энергиясымен жұ­мыс істейтін комбайн жобасын ұсынды. Бұл жоба қазіргі комбайндардың барлық қызметін толық атқара алады. Ең басты ерекшелігі – күн сәулесінен қуат алып, жанармай шығынын азайтып, экологиялық тиімділікті қамтамасыз етеді. Шәкіртім ұсынған техника үлгісі ауыл шаруашылығы саласында энергия үнемдеудің және баламалы қуат көзін пайдаланудың тиімді мүмкіндігін көрсете алды. Төрешілер тарапынан жоғары бағаға ие болған жоба нәтижесінде халықаралық бәйгенің бас жүлдесі бұйырды, – дейді ұс­таздық бағыттың жемісін көріп жүрген білікті маман.
Аудиторияға енген сәттен оның сабағына деген жауап­кершілігі мен сүйіспеншілігі сезілді. Ол көлік құрылысын түсіндіру барысында әр бөлшектің маңызын нақты мысалдармен ашып көрсетіп жатыр. Түсіндіру мәнері ұғынықты, сөзі анық. Тіпті техника жайынан хабары аз бізді елітіп әкетті. Кәсіптік білімнің мәні – тек маман да­яр­­­­­лауда емес, сонымен бірге жастарды еңбекке бау­лып, жа­­уапкершілікке үйретуде. Бұл түрғыда ұстаз­дың із­де­нім­паз­дылығы мен әдістемелік шеберлігі де мол е­кеніне кө­зіміз жетті.
Оның әр сабағы – жоспарлы, жүйелі. Ізденуден жалық­пайтын ұстаз Қызылорда қаласындағы колледждер ара­сын­да өткен жарысқа ерекше жобасымен қатысқан. Ол шә­­кірттерімен бірге қар жинау машинасын құрастырып алып бар­ды. Бұл техниканың ерекшелігі – алдыңғы бөлігі қарды жи­нап, артқы прицепке жеткізіп отырады. Жылыту жүйесі арқылы қар суға айналып, көлемі кішірейеді. Қарапайым жағдайда техника үш көшенің қарын тазаласа, өнертапқыш ұсынған машина он көшенің қарын тазалауға қауқарлы екен.
Agro Skills – бұл ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіби шеберлік байқауы. Толығырақ айтқанда, жарыстың ауыл шаруашылығына бейімделген түрі. Мұндай байқаудың мақсаты – агроөнеркәсіп кешеніндегі жас мамандардың кәсіби шеберлігін анықтау. Онда колледж студенттері мен жас мамандар механизация, агротехника, зоотехника, ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу және құрастыру сияқты бағыттар бойынша өз білімін көрсетеді.
Ұстаздың келесі ойға алған байқауы да Agro Skills бағыты бойынша өтпек. Бұл жолы да ол шәкірттерімен бірге тың идеяны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары басталып кеткен. Таңертең сабақ өткізсе, түстен кейінгі уақыт түгелдей тыңғылықты дайындыққа арналған. Ол үшін бұл – жәй жарыс емес, шә­кірт­терінің шеберлігін шыңдаудың, тәжірибе жинаудың үл­кен мүмкіндігі. Жас маманның алғыр идеясын көріп, оның үл­кен шабыт иесі екенін бағаладық. Шағын ғана кабинеттен ұлы дүниелердің бастау алып жатқаны қуантады.
Бүгінгі заман – бәсеке мен білімнің дәуірі. Осындай кез­де кәсіби білімнің маңызы ерекше. Өйткені елдің дамуы да, қоғамның ілгерілеуі де білікті мамандардың қолында. Бұл орайда Нұржан Серікұлының тың идеялары мен батыл бас­тамалары ел игілігіне қызмет етері сөзсіз. Сондықтан кәсіби білімге назар аудару – уақыт талабы.

Бетті дайындаған Гүлжан Есжан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: